Дүйсенбі, 10 Маусым 2024 20:23

Отырар ауданы: депутаттар «Түркістан-Шәуілдір» бағытындағы жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты

Түркістан облысы аумағында жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның ішінде Түркістан қаласы мен облыс орталығына келетін күре жолдарға ерекше басымдық берілген. Сондай маңызды жобалардың бірі «Түркістан-Шәуілдір» бағытындағы жалпы ұзындығы 64,1 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар автомобиль жолы қайта құрудан өтуде. Нысанның құрылыс-жөндеу жұмыстары 4 учаскіге бөлініп, іске асырылуда.

Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Нұржан Сейтжанов пен Мырзахан Манапов Отырар ауданына жасаған жұмыс сапары барысында «Түркістан-Шәуілдір» бағытындағы жол жөндеу жұмыстарымен танысты. Аралау барысында тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді назарға алып, құрылыс жұмыстарын сапалы ұйымдастыруды жауапты мамандарға ескертті.

Қазіргі таңда, Түркістан-Шәуілдір бағытының сол жақ бөлігімен көлік қозғалысы ұйымдастырылып, оң жақ бөлігіне ұзындығы 9,5 метрлік асфальт төсейтін техникамен жолдың үстіңгі қабатына майда түйіршікті асфальт жабыны төселуде. Нысанның қайта құру жұмыстары 2025 жылға өтпелі.  Мамандар аталған бағытта жол қозғалысы кезінде орнатылған жол белгілеріне назар аударып, жылдамдықты асырмау маңызды екенін айтып өтті.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 80 рет