Жұма, 22 Қараша 2024 20:14

Шымкентте 136 мыңнан астам белсенді жұмыс істейтін ШОБ нысандары бар

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков атап өтті.

Мемлекеттік қолдау кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған экономикалық және құқықтық жағдайлар, ынталандырулар жасау, сондай-ақ кәсіпкерлікке материалдық және қаржылық ресурстарды жеңілдетілген шарттармен тартуды көздейді.

Қазақстан Үкіметі кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында үнемі мемлекеттік бағдарламаларды әзірлейді. Бұл бағдарламалар кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, инвестициялық климатты жақсартуға және экономика салаларының дамуына ықпал ету үшін жасалған. Олар қаржылық қолдау, жеңілдетілген несиелер, субсидиялар, салықтық жеңілдіктер, сондай-ақ кәсіпкерлерді оқыту және кеңес беру бағдарламаларын қамтиды.

Қазіргі уақытта Шымкентте 136 мыңнан астам белсенді шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп, олардың құрамында 226 мыңнан астам қызметкер бар.

2024 жылы мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде кәсіпкерлікке 23,5 миллиард теңге бөлінуі көзделген. Бұдан бөлек, шағын өнеркәсіптік аймақтарды дамыту бағдарламасы аясында 53,9 мың шаршы метр алаңда орналасатын 3 жобаны іске асыру үшін 9,8 миллиард теңге қарастырылған.

Бизнесті қолдауға бағытталған шаралар арасында кәсіпкерлерге өндірістік қуаттарды ұсыну, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жерлерде жеңілдетілген шарттармен жалға беру мүмкіндігі бар. Мысалы:

1. «Standard Steel KZ» – 14,4 мың шаршы метр алаң, кредит сомасы – 3,0 миллиард теңге;

2. «Энерготранс-3» – 5,0 мың шаршы метр алаң, кредит сомасы – 1,0 миллиард теңге;

3. «Орда НС Билдинг» – 34,5 мың шаршы метр алаң, кредит сомасы – 5,8 миллиард теңге.

Шағын және орта кәсіпорындар өндірген өнімнің жалпы көлемі Шымкенттің экономикасының 56 пайызын құрайды.

Президенттің тапсырмасы бойынша, биылдан бастап бөлшек сауда салығы 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілді. Бұл шара кәсіпкерлерді көлеңкелі экономикадан шығаруға мүмкіндік беріп, бөлшек сауда салығы бойынша бюджетке түскен түсімдерді 2,7 есе арттырды. Мысалы, 2024 жылдың 10 айында түсім 21,2 миллиард теңгені құраса, 2023 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 7,9 миллиард теңге болған.

Сонымен қатар, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қаладағы 7 базар стандартқа сай болуына қол жеткізілді. 2024 жылы 3 базарды жаңғырту жұмыстары жүргізілді, ал қалған 7 базар модернизациялау сатысында тұр.

Оқылды 177 рет