Жұма, 20 Желтоқсан 2024 14:09

Қазақстандағы туризм индустриясы үшін кадрлар даярлайтын жалғыз бейінді оқу орны Түркістан қаласында

Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университеті - туризм және қонақжайлылық индустриясы үшін кадрлар даярлайтын Қазақстандағы жалғыз бейінді жоғары оқу орны. Университет оқу көлемінің 60%-ын – өндірісте, 40%-ын оқу орнында өткізеді. Бұл туралы брифингте аталған университет ректоры Әлібек Шоқпаров мәлімдеді.

«Университетте қызмет көрсету саласындағы халықаралық ұйымдардың топ-менеджерлерінің қатарына кіретін оқытушы профессорлар сабақ береді. 2024 жылдан бастап 3 жылдық оқыту жүйесі іске асырылуда. Сабақтың тәжірибелік бөлігі туризм саласындағы мекемелер, қонақүйлер, туристік фирмалар, мұражайлар, әуежайлар және мейрамханалар базасында ұйымдастырылады. Осы бойынша дуальды оқыту жүйесі іске асырылуда.

Биыл университетті алғашқы 460 түлек бітіріп, олардың 57%-ы үш ай ішінде жұмысқа орналасты. 2022 жылы оқу орны жанынан Ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Оның негізгі міндеттерінің бірі – ғылыми-зерттеу жобаларын әзірлеу және іске асыру. Ал, 2023 жылы универиситет қабырғасында әскери кафедра ашылды. Ол жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруда және олардың ұлттық бірегейлігін нығайтуда маңызды рөл ойнайды», деді университет ректоры.

Түркістан облыс орталығы болған уақыттан бері біраз өзгерістерді бастан кешіп, қаланың көркін арттырар ауқымды құрылыс нысандары салынып, дамудың жаңа кезеңіне беттеп бара жатқаны сөзімізге дәлел. Жаңа Түркістан мәдени-рухани және әкімшілік-іскерлік бөліктерден тұратынын ескерсек, тарихи-мәдени құндылықтарды бойына сіңірген қала болғандықтан қаланы дамыту жобалары жергілікті аймақтың ерекшелігі мен ондағы қалыптасқан дәстүрге негізделуі тиіс.

Мәселен, «Керуен сарайы» көпсалалы кешені көркем жарықшамдар, түп-түзу жол, жағалай су бүркіген субұрқақтар, балғын көк майсамен көмкеріле Түркістанның қасиетін арттырған Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен жалғасып жатыр. Қала тұрғындарының өзі осы бір сұлулыққа таңырқап, қаланың жаңа статусқа ие болуы тұрмыстарына басқаша сипат бергенін айтып мақтануда. Келген туристер өңірімізде орын тепкен киелі жерлерге зиярат етіп, туристік бағыттарды насихаттау керек екенін ескеруіміз керек.

Қысы-жазы қыдырып, саяхаттауға қолайлы қала болғандықтан, Түркістанға келген туристерге ең бірінші қала қонақжайлылығы мен қызметтердің сапасы маңызды. Бүгінгі таңда бұл мәселеде де оң өзгерістер бар екенін байқап келеміз. Әсіресе, туристердің «орналасу орындары (қонақүйлер, хостелдер) өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артқан» – дейді мамандар. Былтыр 46 қонақүй келушілерге қызмет көрсетсе, биылғы жылы олардың саны 57-ге жеткен. Ал жоғары санатты қонақүйлер саны оннан асқан. Сондай-ақ, қазіргі таңда жеке инвестиция есебінен салынып жатқан қонақүйлер, демалыс орындары, ойын-сауық орталықтарының құрылыс жұмыстары да қарқынды. Жақында ашылатын «Түркістан молл» сауда орталығы, «Түркістан плаза», «Отау» сауда орталығы, «Медина Палас» қонақүйі секілді сәулетті ғимараттар да тек қазақстандықтар емес, шетелдік қонақтардың да көңілінен шығады деп күтілуде.

Салауатты өмір салтын насихаттап, қала халқын іскерлікке баулу мақсатында «Теннис» орталығы, Бизнес орталықтарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек Түркістанда елімізде теңдессіз туристік-рекреациялық орталық салынды. Аталған орталық су спорт түрлерімен айналысуға және жағажай туризмін дамытуға үлкен үлес қосып, қаланы көгалдандыруға, ауа райын жақсартуға да әсер ететінін айта кеткен жөн. Әрбір келушінің көңілін баурайтын «Керуен сарай» деп аталатын туристік кешенде қонақтарға сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, мереке күндері атаулы іс-шаралар ұйымдастырылып, отандық және шетелдің танымал әншілері өнер көрсетіп келеді.

Қаланың қақ ортасында орналасқан айрықша орталықтың маңынан ашылған Президент саябағына да соқпай кету мүмкін емес. Тұрғындарға да қуаныш сыйлаған саябақтың жалпы аумағы 40 гектарды алып жатыр. Мұндағы сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық жасанды көлде қайықпен серуендеу, су спортымен шұғылдану секілді мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар «Визит Түркістан» орталығы да қала бойынша экскурсиялар жүргізіп, саяхатшылардың уақытын қызықты әрі тиімді өткізуге үлес қосуда. Қолжетімді баға мен сапалы қызмет көрсетуді негіздейтін туристік нысандардың әрқайсысы Түркістанның болашағына, дамуына тікелей әсер ететіні анық.

Соңғы жылдары экологиялық туризм бүкіл әлемде трендқа айналуда. Өңірімізде де экологиялық туризм қарқында дамуда. Оның айқын дәлелі, өткен жылмен салыстырғанда табиғи аумақтар келушілер саны 1,5 есе артқан. Облыста жыл соңына дейін республикалық және халықаралық деңгейдегі туристік іс-шаралар ұйымдастырылады.

Түркістан облысының туризмін дамыту шаралары 3 бағытта жүргізіледі. Олар: тарихи-танымдық, емдік-сауықтыру және экологиялық туризм кластері. Өңірдің таулы аймақта орналасуы туризмнің әлеуетін арттыруға екпін береді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды туристік әлеуетті арттыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеген болатын.

«Түркістан облысы туристік әлеуетке басымдық беретін бірден-бір өңір. Өңірге былтыр 470 мың, ал биыл 6 айда 123 мың турист келген. Облыс аумағында 4 ерекше қорғалатыр табиғи нысан орналасқан. Олар: «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, сондай-ақ «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында инфрақұрылымдарды жаңарту, жөндеу және саяхатшыларға арналған қонақжайлар салу үшін қажетті жерлерді бөлу жұмыстарын белсенді түрде жүргізудеміз. Бұл өз кезегінде экотуристерді еселеп арттырады. Жуырда туризм саласының өкілдерімен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. Онда көтерілген мәселелер сарапталды. Осылайша, өңірдің туризм саласын жан-жақты дамыту міндетін бірлесіп орындаймыз», - дейді облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.

2019 жылы «Түркістан облысының туризмін дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы» әзірленген болатын. Сол тұжырымдама негізінде облыстың, соның ішінде Түркістан қаласының туризм саласындағы бірқатар мәселелері көрсетілген болатын. Солардың бірі — туризм индустриясында кәсіби даярланған кадрлардың жетіспеушілігі, салааралық ынтымақтастықтың әлсіз жүйесі, туризм инфрақұрылымының жеткілікті дамымауы, баға мен қызмет сапасының сәйкес келмеуі. Және сол тұжырымдамада осы проблемалар шешілетін болса, келесідей нәтижелер күтіледі делінген: – Жалпы өңірлік өнімді қалыптастыруға туризмнің үлесі артады; – Туризмнен түсетін кірістер өседі; – Облысқа туристер ағыны артады; – Жұмыс орындарының орны артады; – Туризм саласына инвестиция артады; – Қонақ үй, көлік және мейрамхана бизнесі, туристік-ойын сауық, спорттық-сауықтыру кешендері мен іскерлік орталықтар дамитын болады.

Сонымен бірге айта кетсек, Түркістан қаласында туризм саласын дамытуға баса назар аударып, қолға алғалы бері көптеген жоғары дәрежедегі қонақ үйлер, ойын-сауық орталықтары, мейрамхана бизнесі де дамып келеді. Соңғы жылдары қалада туристерге қолайлы жағдайды қамтамасыз ету үшін Rixos Turkestan, Boutique Hotel Silkway, Hampton by Hilton, Ramada by Wyndham Turkestan, Khaganate Hotel секілді жоғары дәрежедегі қонақүйлер, Khanshaiym Plaza сауда және ойын-сауық орталығы және 5 жұлдызды қонақ үй, отбасылық ойын-сауық орталығын, сауда орталығын және түрлі шоу-бағдарламаларды қамтитын Karavansaray туристік кешені жұмыс жасауда.

Түркістан қаласында қазіргі таңда туризм саласы алдыңғы жылдағы көрсеткіштерге қарағанда жақсы қарқынмен дамуда. Мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетіліп, туристердің қолайлы жағдайын қамтамасыз ету үшін туристік инфрақұрылым да жақсаруда. Алайда, даму қарқыны жақсы болғанымен, әлде де еліміздің басқа қалаларымен, шектесіп жатқан өзге елдердің Түркістан қаласымен әлеуеті деңгейлес қалалармен бәсекеге қабілетті болуы керек. Көріп отырғанымыздай, қалаға туристер ағыны артқаны байқалғанымен, тек ел ішіндегі ішкі туристер басым. Қаламызға келетін шетелдік туристердің мөлшері өте аз мөлшерді құрауда. Болашақта бәсекеге қабілетті туризм орталығы болу үшін бұл көрсеткіштің артуы өте маңызды болып табылады.

 

 

Жалпы, Түркістан өңірінде туризм саласы қарқынды дамып келе жатқан салалардың қатарында. Аталған саланы дамыту облыс басшылығының күн тәртібіндегі мәселелердің қатарынан түскен емес. Бұл жөнінде облыс әкімі былтыр күзде өткен туризм саласын дамытуға арналған келелі жиында туризм саласында әлі де ізденіс, жұмыс, тың идеялар керектігін айтқан болатын. Дархан Сатыбалды осы бағыттағы кемшіліктерге тоқталып, жұмысты күшейтуді тапсырды.

«Түркістан өңірі туризмін дамыту бойынша нақты жоспары болуы керек. Түрлі идеяларды қарастырыңыздар. Таулы аймақтарда, Сарыағашта туристік нысандар мен шипажайлар арнайы жоспарға сай салынуы тиіс. Кәсіпкерлер аудандарда туризмді дамытуға, бюджет түсімін арттыруға үлес қосса, қолдау көрсетіледі. Бірақ тәртіп болуы қажет. Жоспарсыз құрылысқа жол берілмейді. Жауапты басқарма туризм бойынша кеңес өткізсін. Осы саланы жақсы білетін туроператорларды, мамандарды, сарапшыларды шақырып, кеңесіңіздер. Меймандостық және туризм университетін де осы салаға жұмылдырған жөн. Түрлі туристік бағыттар әзірленсін, нақты ұсыныстар беріңіздер, – деген болатын Дархан Сатыбалды.

Басқарма тарапынан аталған бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, туризмді 3 бағытта кластерлік дамыту ұсынылды. Біріншісі – Түркістан қаласындағы, Отырар, Сауран және Бәйдібек аудандарында орналасқан тарихи нысандарды қамтитын тарихи-танымдық туризм кластері. Екіншісі – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен Түркістан қаласы маңындағы Жетікөлді қамтитын экологиялық белсенді туризм кластері. Үшіншісі – Сарыағаш, Арыс, Манкент курорттық аумақтарын қамтитын емдік туризм кластері. Сонымен қатар, облыс орталығы Түркістан қаласына келушілер ағынын арттыру және туристердің болу ұзықтығын ұлғайту мақсатында қаланың төңірегіндегі 60 шақырым радиуста орналасқан туристік нысандарды дамыту және қала аумағында аталған нысандар бойынша ақпараттар орналастыру керек.

Нысандардың инфрақұрылымын жетілдере отырып, жаңа туристік бағыттар ашу жоспарлануда.Ақмешіт үңгірін туристификациялау да маңызды мәселе. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде үңгір жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда үңгір орналасқан жер телімін мемлекет мұқтаждығына қайтару мәселесі қарастырылуда.

Бұдан әрі үңгір айналасында шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстары жүргізіледі. Бәйдібек ауданындағы туристік орындарға келушілердің көптігіне қарамастан мемлекетке ешқандай түсім алып келмейді. Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана секілді кесенелерден түсетін табыс жоқ. Осыған орай, Бәйдібек ауданы әкімдігіне заңнама талаптарына сәйкес Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана кесенелеріне кіру бағасын белгілеу жөнінде ұсыныс беріліп отыр.

Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары. Әсіресе, туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Облыс орталығы – Түркістан қаласы — тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда. Сондықтан Түркістанда толықтай туристерге қызмет көрсете алатын орындар баршылық.

Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесі, Бәйдібек ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас ауданының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық-табиғи паркі көптеген саяхатшыларды тамсандырған мекендер. Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының тарихи-туристік нысандары да жұртшылыққа мәлім.

2023-2024 жылдары Түркістан облысында жалпы сомасы 41,7 млрд теңгеге туристік инвестициялық 18 жоба жоспарланған. Атап айтқанда, «Medina Palace» қонақүйі, «Отау» ойын-сауық орталығы, фитнес-клубы, теннис орталығы және «Turkistan Mall» орталықтары сияқты жобалар іске асырылуда. 2022 жылы 15 туристік нысан пайдалануға берілген. Бүгінде облыс аумағында 1 754 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Бұл — Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары екенін көрсетеді. Тарихи туризмнің алтын ұясы десек те артық болмайды», — деді ҚР Мәдениет және спорт министрі. Министрдің пікірінше, бүгінде республикамыздағы аудан, ауыл жастары спортпен шұғылдану үшін мектеп интернат-колледждерде білім алуы керек. Қазіргі таңда еліміз бойынша 20 аймақтың 12-інде спорт мектеп интернат-колледжі бар болса, қалған 8 өңірде жаңадан ашылатын болады. Осылайша, кемелді келешек иелері кәсіби спортқа тарту жолында игілікті істер жалғаса береді.

Сонымен қатар, жыл сайын Түркістан облысының сауықтыру шипажайлары мен диспансерлеріне шамамен 50 мыңнан астам турист келеді.  Жалпы алғанда, аймақта демалушыларға диагностикалық медициналық қызметтердің кең спектрін, нәтижелі емделуді және толық тыныштық пен тепе-теңдік жағдайындағы жанға жайлы демалысты ұсынатын 60-тан астам мекеме бар. Олардың көпшілігі Сарыағаш өңірінде, тағы бірнеше шипажай Жетісай, Сайрам аудандарында және Арыс қаласында орналасқан.

«Өңірде сауықтыру туризмі өткен ғасырдың 50-жылдарында дами бастады. Бұған себеп — климаттың жылы болуы, таза ауа, қатты желдің болмауы, күн көзінің молшылығы, минералды су, қылқан жапырақты және жапырақты ағаштары бар саябақтардың болуы. Мәселен, температурасы 49-52 градус Цельсийге жететін және ем үшін қолданылатын минералды судың құрамында кремний қышқылы, радиоактивті элементтер, азот, бикарбонат, натрий, калий, кальций, магний, алюминий, мыс, марганец, молибден мен микроэлементтер бар», — дейді «Turkistan Tourism Center» туристік ақпарат орталығында. Түркістан облысының шипажайларында ас қорыту жүйесі, зат алмасуы бұзылған, жүйке жүйесі, қол және аяқ, тері аурулары бар науқастар, сондай-ақ гипертониямен ауыратын адамдар денсаулығын жақсарта алады.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Оқылды 15 рет