Биыл жаңадан ашылған шаруа қожалығының жұмыстарымен танысу және алдағы уақытта балық шаруашылығын ашуға қызығушылық танытқан кәсіпкерлермен тәжірибе алмасу мақсатында өткен семинарға аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов, Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Абай Сәдірхожа қатысты.
«Шоқ-Талап» шаруа қожалығының төрағасы Бақыт Омарбеков биыл 2 га аумаққа жасанды көл жасап, 1600 дана сазан шабағын жібергенін айтып, өзендердің жағалауынан жасанды көл жасауға рұқсат алу басты мақсат екенін жеткізді. Сонымен қоса жеке кәсіпкер Абзал Арынбеков Шаян өзені аңғарынан өзіне ұзақ мерзімге берілген жер телімін пайдалану үшін қандай жұмыстар атқарылу керектігін сұраса, Боралдай ауылдық округінен ЖК «Хайдар Радмир» 2 га аумақ жасанды көлге африкалық сомның 10 мың шабағы және 1 мың сазан жіберілгендігі жайлы мәліметімен бөлісе келе қазіргі таңда балықтың дайын азығының тым қымбаттығынан шаруалар қолдан дайындалған азықты (корм) пайдаланып жатқандығын атап өтті.
Өз кезегінде Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Абай Сәдірхожа балық шаруашылығы бойынша кәсіпті қалай бастау керек, қандай жеңілдіктер қарастырылған және бастаған істі қалай кеңейтіп, дамыту керектігі жайында кеңінен түсіндіріп өтті. Семинарға қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сәйкесінше тұшымды жауаптар алды. Бүгінде Түркістан облысында балық шаруашылығымен айналысушылардың қатары көбейіп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында балық шаруашылығын дамыту мәселесін көтеріп, осы тапсырмаға орай Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданып, республика бойынша 270 мың тонна балық өсіру жоспары бекітілген болатын. Түркістан облысында бұл бағытта жұмыстар жүзеге асырылуда. Осы орайда өңір бойынша 2030 жылға дейін тауарлық балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен, өңірде балық шаруашылығын әрі қарай дамыту мақсатында аудан, қала әкімдіктеріне жоспар бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінде, облыста тауарлы балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 224-ке жетті. Сонымен қатар экспортқа бағыталған ірі 4 кәсіпорын жұмыс бар. Оның жылдық қуаттылығы 12 мың тоннаны құрайды. Жасанды жолмен өсіру бойынша Түркістан облысы республика көлемінде көш бастап тұр. Бағдарламаға сәйкес, 2024 жылға 7000 тонна балық өсіру жоспары бекітілгенін айта кеткен жөн.
Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар қарастырылған. Атап айтқанда, мемлекет тарапынан акваөсіруді субсидиялау балық шаруашылығын дамытуға оң ықпалын тигізуде. Аталған бағытқа жергілікті бюджеттен 2023 жылы 500 млн. теңге, биыл тағы 500 млн. теңге бөлініп, 61 балық шаруашылығы субъектісінің шығыстары өтелді. Ал, инвестициялық субсидиялауға 2024 жылға 237,5 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 24 кәсіпкерге 168,9 млн теңге жеңілдетілген несие берілді. Биыл «Ырыс микро қаржы ұйымы» ЖШС арқылы 232 шаруашылыққа 1020,0 млрд теңгеден астам қаражатберілген.
Облыста балық шаруашылығын дамыту, жаңадан балық шаруашылықтарын құру бойынша басқарма мен балық шаруашылығы инспекциясы аудан, қала әкімдіктерінде түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізуде.Айта кетейік, облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны заңдастырылған. Конкурстық негізде 82 су айдыны, оның ішінде, 69 су айдыны көлде тауарлы балық шаруашылығын жүргізу үшін, 13 су айдыны кәсіпшілік балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілді, 22 су айдыны резервте. Қазіргі таңда облыста 137 тоғанды балық өсіру шаруашылығы, 5 шарбақты балық өсіру шаруашылығы, 2 тұйық қондырғымен жабдықталған балық өсіру шаруашылықтары жұмыс істейді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны бар. Бұдан бөлек 4 халықаралық маңызы бар, 4 республикалық маңызы бар кәсіпшілік мақсаттағы учаскелер бекітілген. Бүгінде тауарлы балық өсірумен 156 кәсіпкерлік мекеме айналысуда. Облыс тұрғындарын балық өнімдерімен толық қамтамасыз ету мақсатында 30 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4-еуі үйіргелік аулада ашылды. Сонымен қатар жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді.
Бағдарламада бекітілген тауарлы балық өндіру көлеміне қол жеткізу мақсатында 2023-2025 жылдары аудан, қала әкімдіктері кесіндісінде жаңадан 91 балық шаруашылығын ашу жоспарланған. Ал акваөсіру бойынша биыл жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 31 шаруашылыққа субсидия беріліп, қаржы толық игерілді. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға Республикалық бюджеттен 226,0 млн. теңге қарастырылған. Мемлекет тарапынан акваөсіруді субсидиялау балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізуде. Облыста жасанды жолмен балық өсіру саласының әлеуеті өте жоғары. Түркістан облысы бойынша тауарлы балық өсірумен 154 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі.
Шардара ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Соның бірі – Сүткент ауыл округіндегі «Болашақ» шаруа қожалығы. 40 га аумағы бар тоғанды балық өсірумен айналысатын шаруа қожалығы 2021 жылы іске қосылған. Мұнда жайын, тұқы, сазан, ақ амур, дөнмаңдай балық түрлері өсіріледі. Арнайы күтіммен өсірілген балықтар Ресей еліне экспортталуда. Өткен жылы 160 тонна балық өндірілсе, биыл 300 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. «Болашақ» шаруа қожалығы директорының орынбасары Мұхтар Байқошқаров 28 млн. теңге субсидия берілгенін айтып, биыл шаруа қожалық өнімін арттыру үшін мемлекеттен 250 млн. теңге жеңілдетілген несиеге өтініш бергенін жеткізді.
Шардара ауданы, Қоссейіт ауылдық округіндегі «Ахмет» балық шаруа қожалығы табиғи және шарбақта үш түрлі балық өсіріледі. Кәсіпкердің жеке инвестициялық салымдары есебінен ашылған «Ахмет» шаруа қожалығы 2020 жылы іске қосылған. Аумағы 56 гектар жерді құрайды. Қуаттылығы – жылына 60 тонна. 6 метр тереңдіктегі шарбақта өсірілген балықтар жергілікті халықтың сұранысына ие.«Ахмет» шаруа қожалығының басшысы Мұхтар Бәкарыстанәлінің айтуынша, мемлекет тарапынан былтыр 29 млн. теңге берілген. Кәсіпкер тұқы, сазан, ақ амур басқа алдағы уақытта көксерке, ақмарқа, дөңмаңдай секілді балық түрлерін қосуды жоспарлауда.
Түркістан облысы Түлкібас ауданында да балық шаруашылығы қарқынды түрде дамып келеді. Қазіргі таңда, онда балық өсірумен айналысатын 7 шаруа қожалық бар. Соның бірі Жаскешу ауылдық окуругіндегі «Юлдуз-2» серіктестігі. Аталған қожалықтың балық өсіріп келе жатқанына 2 жыл болған. Алты гектар аумақты алып жатқан жасанды су тоғанға кәсіпкер бастапқыда 14,5 мың сазан, карп және дөңмаңдай (толстолоб) балықтарының шабақтарын жіберген. Бүгінде шаруашылық алғашқы жемісін бере бастаған. Мәселен, қожалық иесі орташа есеппен айына 300 келі балықты аудан және Шымкент қаласының сауда орталықтарына өткізіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды дамыта түсу үшін мемлекеттік бағдарлама аясында балық жемінің 30 пайыз шығындары субсидияланып, тиісті қолдаулар көрсетілуде.
Айта кетейік, 2023-2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізілген. Олар Шардара (ЖК «Жалғасбаев Т») және Отырар ауданында («Созақ балық өнімдері» АӨК) ашылмақ. Бүгінгі таңға дейін барлық аудан, қалаларды аралап, балық шаруашылығын дамытуға қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
«Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркеліп, олар 88 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 146 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Акваөсіру бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 26 шаруашылыққа субсидия берілуде. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылған. Тиісті жұмыстар атқарылуда», – дейді Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Данияр Сейітов.
Бүгінде өңірде жаңадан 20 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде төртеуі үйіргелік аулада ашылған. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды қарқынды жүргізіп, нормаға сәйкес облыс тұрғындарының балық өнімін тұтынуын толық қамтамасыз ету және балық өнімдерінің экспортын арттыру жоспарланып отыр. Дегенмен, конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар 21 су айдынында табиғат пайдаланушылармен келісімшарт талаптарының мерзімінде орындалмауына байланысты, шартты біржақты бұзу шаралары жүргізілуде.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат