Вице-министр өңірдің инвестициялық климатын жетілдіру жолдарын талқылап, бизнес өкілдерінің ұсыныстарын тыңдады. Әлібек Қуантыров облыс аумағында орналасқан Өндірістік паркте болып, онда орналасқан бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Түркістан облысы халқының негізі табыс көзі ауыл шаруашылығы болғандықтан көкөніс сақтайтын заманауи қойманың қажеттілігі орасан. Сауран ауданы аумағында орналасқан бұл қоймадағы 9 камерада маусымына 4000 тоннаға дейін көкөніс сақталады. Мұнда 35 адам жұмыспен қамтылған.
Одан соң министрге еліміздегі тұңғыш су үнемдеу құрылғыларын шығаратын «BNK Group LTD» ЖШС жұмысы таныстырылды. Негізгі мақсат – жаңа технологияның көмегімен су үнемдей отырып, өнім көлемін арттыру. Биыл өңірде су үнемдеу технологиясын қосымша 22 мың гектарға ендіру жоспарланған. Кәсіпорын басшысы Ниязәлі Бейсенбаев өндіріс орнының алдағы жоспарларымен бөлісіп, тауар өткізу нарығын кеңейту, мемлекет тарапынан ынталандыру шараларын арттыру бойынша ұсынысын жеткізді.
«Ақниет Holding» толық өндірістік циклі бар отандық жиһаз компаниясы. Кәсіпорында 97 адам жұмыс істейді. Мұнда жылына 34 мың жиһаз және 24 мың мектеп партасы жасап, шығарылады. Бұл жоба ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейтуге ықпал етпек.
Түркістан облысында 2023 жылдың қорытындысымен негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң өсімге қол жеткізілді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі облыста алғаш рет 1 трлн. теңгеден асып, 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға артты. Өсім негізінен өңдеу өнеркәсібінен орындалды.Бұл салада 437,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Облыс әкімі көрсеткіштерді одан сайын жақсарта түсу керектігін үнемі айтып келеді. Экономикалық даму бойынша негізгі индикаторларға қол жеткізе алмаған басқарма және аудан басшыларына жұмысты ширатуды тапсырып отырады.
Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде жоспарланған 20 жоба толық іске қосылды. Құны 30,2 млрд. теңге болатын жобалар арқылы 594 жұмыс орны ашылған. Инвестиция көлемі 972 млрд. теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда 26,1%-ға өскен. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада үшінші орынға шықты. Жалпы инвестицияның 66,8%-ын құрайтын жеке инвестициялар 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 есе артып, 649,6 млрд. теңгеге жетті. Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 407,5 млрд. теңгені құрады. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 344,1 млрд. теңгеге жетіп, былтырмен салыстырғанда 6,1%-ға артты. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер алаңы 4%-ға артып, 899 мың шаршы метр үй тапсырылды. Жеке меншік есебінен 621,8 мың шаршы метр үй пайдалануға берілсе, мемлекеттік меншік есебінен 277,1 мың шаршы метр тапсырылған.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,2 трлн. теңгеге жетіп, өңір республикада көш бастады. Ет, сүт және жұмыртқа өндіруде өсім бар. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етуге бағытында құны 17,1 млрд. теңге болатын 25 жоба жүзеге асырылды, 624 жұмыс орны құрылған. Облыс әкімінің тапсырмасымен аудан, қалаларға негізгі көрсеткіштер бойынша рейтингтік бағалау жүргізілуде. Жалпы, 12 индикатордың 8-інде жоспарланған межеге қол жеткізілген. Рейтингтік бағалау нәтижесінде көшбасшылар қатарында Созақ, Сайрам аудандары және Түркістан қаласы орналасса, Отырар, Түлкібас және Шардара аудандары төменгі орынға жайғасты. Облыс әкімі аудан, қалаларды дамыту, индикаторларды толық орындау бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұл жұмыстар хаттамаға енгізіліп, қатаң бақылауға алынды.
Ең үлкен облыс Түркістанның әлеуметтік-экономикалық ахуалы бүтін республикаға әсер етер күшке ие. Өйткені Оңтүстік облыс географиялық тұрғыда қолайлы орналасқан, ондағы халық тығыздығының деңгейі жоғарғы және кейінгі жылдары қолға алынған іргелі бастамалар біршама. Өңірдегі аса өзекті мәселелердің көшін инфрақұрылым мен әлеуметтік ахуал бастайды. Бәріне бірдей бюджет қаржысын жеткізу оңай емес, бірақ облыс басшылығы әркез ұтымды шешімдер қабылдауға тырысып келеді. Жалпы, елдің экономикалық драйвері болуға қабілетті әрі лайық ауыл шаруашылығы саласы бұл облыста да қарқынды даму жолына түсіп келе жатыр. Өңірде өндірілген ауыл шаруашылық өнімдері құнының 1 трлн теңгеден асуы сөзімізге дәлел және бұл көрсеткіш арқылы облыс республикада ең алдыңғы позицияда.
Былтыр жыл басынан бері салаға 88,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Егістікті әртараптандыру нәтижесінде көкөніс, бақша өнімдерінен рекордтық 3,3 млн тонна жиналып отыр. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 25 жобаны іске асыру көзделсе, жыл басынан бері нақты 22-сі іске қосылды. Салада жаңа технологиялар кеңінен қолданылуда. Қарқынды бау көлемі 5 405 гектарға жеткізілді. Нәтижесінде, өнімділік 5 есе артып, 350 центнерге дейін өнім жиналуда. Су үнемдеу технологиясы 31 788 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9 403 гектарға енгізіліп, суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік берді.
Жылыжайға қатысты да жылы жаңалықтар баршылық. Олардың жалпы көлемі бүгінде 1 640 гектарға жетіп, 140 мың тонна өнім жиналыпты. Бұған қоса 100 гектардан агроаймақ құрып, 2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салу жоспарда бар екен. Қазір жылыжайларды бір орталықтан қатты отынмен қамтамасыз ету үшін арнайы кооператив құрылып, көмір өндірушілерден тікелей тасымалдау келісілген. Бұл ретте жылыжайларды жылыту шығындарының 20 пайызы субсидияланатынын да айта кетейік. Биыл осы мақсатта 500 млн теңге бөлінген.
Сонымен бірге аймақ экономикасына мол ақша әкелуге әлеуеті бар мақта өндірісі саласын өркендету үшін мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленіп жатыр. Облыс билігі әлемдік ірі тоқыма компаниялармен өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы бірқатар жобаны жүзеге асырып, мақта бағасына экспорттық тәуелділікті төмендетуді көздеп отыр. Мақта дақылын рентабельділігі жоғары дәндік жүгері дақылдармен алмастыру мақсатында «Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асырылуда. Ал су шаруашылығын дамыту үшін «Тұран су» мемлекеттік кәсіпорынның жұмысын жүйелендіру есебінен каналдарды қалпына келтіру және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын мерзімінде атқаруға қол жеткізілген. Нәтижесінде, бюджет қаржысы 28 пайызға үнемделіп, экономикалық тиімділігі 1,5-2 есе жоғары болды. Сондай-ақ екі ірі су нысаны толық пайдалануға берілді. Сыйымдылығы 18 млн текше метрді құрайтын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынып, нәтижесінде, жылына қосымша 34 млн текше метр ағын суды жеткізуге мүмкіндік ашылды. Түркістан магистралды каналының 59 шақырымын бетондау арқылы жылына 60 млн текше метр ағын су үнемдеуге қол жеткізілді. Бұдан бөлек, Түркістан қаласы өңірлерінде ағын су тапшылығын түбегейлі шешу үшін, «Боралдай», «Бәйдібек ата» су қоймасын салу жобалары әзірленіп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Аймақтағы туризм ахуалы да тәуір. Облыс басшылығы осы саланы дамыту үшін негізгі үш бағытты айқындады. Біріншісі – экологиялық туризм бағыты. Табиғи аумақтарға келушілер саны 2 есе артқан (2022 жылғы 74,9 мың адамнан 2023 жылы 123,1 мың адамға).Жалпы, табиғи аумақтарда 99 демалыс орны, 62 қонақ үй, 12 шипажай орналасқан. 30 туристік маршрут құрылды. Емдік-сауықтыру туризм бағытымен облыста 72 емдеу-сауықтыру орны жұмыс істейді (8 мың төсектік орын). 142 мың адамға қызмет көрсетілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 21 пайызға көп. Тарихи-танымдық туризм бағытымен жыл басынан өңірімізге біркүндік келуші саны 868 мың адамды құрады. Туристік нысандарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 34,4 млрд теңгені құрайтын 10 жоба жасалып жатыр.
Созақ ауданындағы уран өңдейтін зауыт құрылысы бойынша жұмыстар басталған. Ал Арыста Франциялық инвестордың көмегімен электровоз жөндейтін сервистік орталық салу жоспарланып отыр. Жоба құны – 2,5 млрд. теңге. 100 жұмыс орны ашылады. Келестегі алып жылыжайдың құрылысы да жүріп жатыр. Инфрақұрылымы тартылуда. Жоба іске қосылған соң 700 адам жұмыспен қамтылады. Сайрамда жылына 4 мың тоннадан астам өнім өндіретін жылыжай құрылысы қолға алынған. 150 адам жұмыспен қамтылмақ. Төлеби ауданында үлкен тігін цехы салынуда. Қазір ғимарат тұрғызылған. Инфрақұрылымға қатысты мәселелері бар. Ол бақылауға алынды. Жылына 150 мың дана киім тігетін кәсіпорында 150 жұмыс орны ашылады. Биыл жұмысын бастайды деп күтіліп отыр.
Төлебидегі су электр станциясы мен Саурандағы сүт фермасының құрылысы да қарқынды. Сүт фермасына Шығыс Еуропадан сүтті сиырлар әкелінеді. Жоба құны – 3,2 млрд. теңге. 40 адам жұмыспен қамтылады. Аталған инвестициялық жобалардың біразы биыл жүзеге асады. Ол жұмыстар бақылауға алынып, кәсіпкерлерге қолдау көрсету бойынша тапсырмалар берілді. Бәйдібек ауданындағы травертинді әрлеу тастарын өңдеу жобаларын жүзеге асырушы инвесторлар да мәселелері мен өтініштерін айтты. Ол назарға алынып, жер мен электр мәселесі шешілетін болды. Сауран ауданындағы тоңазытқыш жабдықтарын шығаратын зауыт салу бойынша украиналық «UBC BG» ЖШС өкілі айтып берді. Сонымен бірге өзге де инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жолдары талқыланды.
Былтыр жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен. Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ уран өндіруші компаниялардың сұранысына сәйкес, Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салынуда. Жобаның инвестициялық құны – 100 млрд теңге. 250 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.
Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 30,2 млрд теңге болатын 20 жоба іске асырылып, 594 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бүгінде 384 жаңа жұмыс орнымен жалпы құны 11 млрд теңге 10 жоба іске қосылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Өңірде ірі жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд теңгеге көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 10 жоба іске қосылды (11 млрд теңге, 384 жұмыс орны).
Облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 1,4 есе артып, 751 млрд теңгеден асты. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 млн АҚШ долларына жетті. Жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 194 инвестициялық жобалардың пулы қалыптасты. Олар 2023-2026 жылдар аралығында іске қосылып, 16 467 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Биыл 51 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, жыл басынан 39 жоба іске қосылды. 1230 жұмыс орны ашылған.
Жиһаз өнеркәсібіне инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өткен жылы осы өңірдің жиһаз өнеркәсібіне 13,2 млрд теңге инвестиция салынып, республикалық деңгейдің 76,8 пайызын құрады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясы хабарлады.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірді дамытуда инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту, өндірісті дамыту және туризм саласына ерекше басымдық беріп отыр. Оның ішінде инвестиция тартуға айрықша көңіл бөлінген. Өңірлік инвестициялық штаб тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Штаб отырысында инвесторлармен тікелей байланыс орнатылып, нақты келісімдер жасалады.
– Экономиканы көтеру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды. Инвесторларға, отандық кәсіпкерлерге жағдай жасауға басымдық берудеміз. Мен кәсіпкерлерді күтіп отырмаймын, алдына өзім барамын. Тіпті, өңірде жобасын жүзеге асырғысы келетін кейбір кәсіпкерлерді әуежайдан өзім күтіп алып жүрмін. Мақсат – өндіріс орындарын көбейту. Біз кәсіпорындарды көбейту бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Осы мақсатта өңірде шағын өнеркәсіптік аймақтар құруды бастадық. Жобаға сәйкес алдағы 3 жылда 42 өндірістік ғимаратты салу көзделіп отыр. Жалпы алаңы 66 528 шаршы метрге жетеді. Қазір 11 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп, кәсіпкерлерге жеңілдетілген талаптармен ұсынылды. Мұнда шағын кәсіпорындар жұмысын бастайды. Біздің басым бағыттарымыз – инвестиция тарту, өндіріс және жұмыс орындарын ашу. Жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері бұл бағыттағы жұмысты әлі де жандандыра түсуі керек. Инвестиция тарту жұмысы жыл, он екі ай бойы үздіксіз жүргізілсін. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда жүйелі мәселелер бар. Нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерді тіркеп, есепке алу қажет. Шағын және орта кәсіпкерлікке тұрғындарды ынталандыру, қолдау көрсету жұмыстарын жандандырыңыздар – деген болатын инвестициялық штаб отырысында Дархан Сатыбалды.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат