– Бюджет қаржысына инфрақұрылым, нысандар салу жұмысы жүре береді. Бірақ біз тұрғындарға жұмыс тауып беру мәселесін басты назарда ұстауымыз керек. Инвестиция тарту жұмысын күшейтіңіздер. Шетелге іссапарға барып келген басшылар нақты нәтижеге қол жеткізетін болсын. Жүргізілген келіссөздерді жүзеге асырып, инвестициялық жобаларды көбейтіңіздер, – деген Дархан Сатыбалды осы бағытта семіді ақтамаған әкімдер мен орынбасарларына тиісті шара көрілетінін ескертті. Мәжілісте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров инвестиция тарту бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Түркістандағы инвестициялық форум мен Қытай, Оңтүстік Корея елдеріне жасалған іссапарлар нәтижесіне тоқталды.
Биыл Түркістанда «TURKISTAN INVESTMENT & TOURISM FORUM» халықаралық форумы ұйымдастырылды. Форумға жалпы 1729 адам, 127 компания қатысты. Форум аясында жалпы соммасы 301,4 млрд. теңге көлемінде 35 меморандумға қол қойылды. Түркістан облысының делегациясы Корея Республикасының бірнеше аймағын аралады. Ресми тұлғалармен келіссөздер жүргізді. «Орталық Азия – Корея Республикасы» өңіраралық ынтымақтастықтың форумына қатысты. Корея Халықаралық Сауда Қауымдастығы (KITA) ұйымдастырған бизнес-семинарға қатысты. Іссапар Қытайдың бірнеше ірі қаласы мен аймағында жалғасып, түркістандықтар қытайлық инвесторлармен келіссөздер жүргізді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
Айта кетейік, биылғы 11 айда облыс экономикасына 1 064,7 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,5%-ға жоғары. Жыл басынан тікелей шетелдік инвестиция көлемі 685 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 1,5 есеге артығымен орындалды. Биыл 134,1 млрд. теңгеге 56 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланса, 11 айда 41 жоба іске қосылып, 1 659 жұмыс орны ашылған.
Ал, 2023 жылы Түркістан облысының экономикасына 972 млрд. теңге инвестиция тартылып, 2022 жылмен салыстырғанда 126,1%-ға артқан болатын. Оның ішінде жеке инвестициялар 705,1 млрд. теңге болса, бюджеттік инвестициялар – 266,9 млрд. теңге. Өсім динамикасы бойынша облыс республикада 3 орында тұр.Үкіметпен бекітілген жоспар (908,2 млрд. теңге) 107%-ға орындалды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жандандыра түсіп, жаңа өндіріс және жұмыс орындарын ашу маңызды екенін жеткізді.
– Біздің басым бағыттарымыз – инвестиция тарту, өндіріс және жұмыс орындарын ашу. Жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері бұл бағыттағы жұмысты әлі де жандандыра түсуі керек. Инвестиция тарту жұмысы жыл, он екі ай бойы үздіксіз жүргізілсін. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда жүйелі мәселелер бар. Нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерді тіркеп, есепке алу қажет. Шағын және орта кәсіпкерлікке тұрғындарды ынталандыру, қолдау көрсету жұмыстарын жандандырыңыздар – деді Дархан Сатыбалды.
Былтыр 126,9 млрд. теңгеге 56 инвестициялық жоба іске қосылды. 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын, жалпы құны 3,3 трлн. теңгегені құрайтын 173 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Өткен жылы шетелдік және отандық компаниялармен 94-тен астам кездесу мен келіссөз жүргізілді. Қытайға, Өзбекстан және Австралия елдеріне кәсіпкерлермен бірге іссапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде жаңа жобаларды жүзеге асыру, жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейтуге 1 трлн. теңгеге жуық инвестиция құйылуда. Биыл облыстық делегация Түркия, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран және Вьетнам елдеріне іссапар жасайды деп жоспарланып отыр.
Облыста шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету арқылыоң өсімге қол жеткізілді. Өңірде 207 мыңға жуық шағын және орта бизнес жұмыс істейді. Кәсіпкерлер саны бойынша Алматы және Астана қалаларынан кейін 3 орында тұр. Кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 27,5%-ға артып, 1,2 трлн. теңгеге жетті.
2023 жылы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша 180 өтініш түскен, 80 сұрақ оң шешімін тауып, 960 млн. теңгеге кәсіпкерлердің мүліктік құқықтары қорғалған. 1 241 кәсіпкерге 1 300 қызмет көрсетілген. Жалпы 556 жоба сүйемелденіп, 360 салықтық есеп тапсырылды, 170 бизнес-жоспар әзірленген. Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, өңірдегі инвестициялық ахуалды және бизнес климатты жақсарту жұмыстары жалғасады.Сондай-ақ, бүгінде Түркістан облысының даму стратегиясы дайындалып жатыр. Яғни, Түркістан облысының 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының кешенді жоспары әзірленуде. Өңірдің дамуының негізгі мақсаттары, алда қол жеткізетін көрсеткіштер, басты бағыттар мен экономикалық бастамалар осы құжатқа енгізіледі.Бұл мақсатта ауқымды зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Құжатты дайындау үш кезеңнен тұрады. Жоба жұмысына бір топ сарапшылар атсалысып жатыр. Маңызды құжатты дайындауда өңір дамуындағы проблемаларды ескере отырып, дамыған елдер тәжірибелері де ескерілуде. Аталған құжатта 8 негізгі стратегиялық бағыт айқындалып, сол бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды.
Стратегиялық құжатты әзірлеу барысы жақында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалық етуімен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланды. Жиынға барлық аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары қатысты. Қатысушылар жоспарды іске асыру мәселелерін және асырудың одан арғы қадамдары туралы өз ойларын ортаға салды. Жоба теңгерімді аумақтық даму, адами капиталдың сапасын арттыру, халыққа қолжетімді инфрақұрылым, халықтың табысын арттыру, тұрақты экономикалық өсу секілді стратегияны іске асыру алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге, басымдықтарды дамытуға және өңір тұрғындарының әл-ауқатының тұрақты өсуіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Басты стратегиялық мақсат ретінде алдағы жылдарға облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттыру саналады. Дамудың басты драйвері – ауыл шаруашылығы саласы.Халықтың табысын арттыру – басты назарда. Аймақ басшысы экономиканы әртараптандыру мен өңдеу өнеркәсібіне басымдық берудің маңыздылығын айтты. Тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отырғанын жеткізді.
– Өңірімізді дамытудың әр сатысына арналған жоспар нақты көрсетілуі тиіс. Батыл қадам жасау арқылы үлкен жетістіктерге жетуге болады. Халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрақты жұмыспен қамту – басты назарда. Бұл – әр аудан, қала әкімінің міндеті. Негізгі мақсаттар бір құжатта нақты көрсетіліп, бекітіледі. Соның аясында жұмыс істеп, күш салу керек. Бұл құжат өңірдің 7 жылдық даму жоспары ретінде қызмет етіп, индикаторлар орындалуы тиіс, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды. Құжатқа қосымша Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламалары мен ұлттық жобаларына енгізілген барлық іс-шараны көздейтін кеңейтілген даму бағдарламасы енеді.
Бүгінгі таңда Түркістан бойынша кәсіпорынның 2024 жылғы статистистикасы: 17000 шаруашылық жүргізуші субъект (заңды тұлға) тіркелді, олардың 15391 жұмыс істеп тұр. Тіркелген заңды тұлғалар ішінде шағын заңды тұлғалар саны (100 адамға дейін) – 16370, орта заңды тұлғалар (101 ден 250 адамға дейін) – 525, ірі заңды тұлғалар (250 адамнан жоғары) – 105, оның ішінде жұмыс істейтіндер — тиісінше – 14761, 525 және 105 бірлік. Айта кететіні қызметкерлерге берілетін айлық көрсеткіші орта есеппен 240720 теңгені құрап отыр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Түркістан облысы жылыжай шаруашылықтарын дамытуда алдыңғы қатарда келеді.
Жалпы республикадағы жылыжайлардың 71 пайызы облыстың үлесінде және оның жалпы аумағы 1569 гектарды құрайды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы салаға қолдауды күшейтіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. Биыл қаңтар айында ауа райының күрт суып кетуінің салдарынан жылыжай шаруашылықтарында айтарлықтай мәселе туындады. Жеке жылыжай шаруашылықтары тиісті көмір қорын қалыптастырмағандықтан, қыс мезгіліне дайын болмай шықты. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, шұғыл іс-шаралар атқарылып, 591 гектар жылыжайға қыс маусымына 200,8 мың тонна көмір отыны қажеттілігі анықталып, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ы арқылы 186,7 мың тонна көмір отыны облысқа жеткізілді.
2023 жылғы Түркістан облысының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда көлемі 11,4 млн. АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт, тиісінше – 6 млн. АҚШ долларын немесе 171,1%, импорт – 5,4 млн. АҚШ долларын немесе 66,6% құрады. Сонымен қатар, өңір ауылшаруашылық өнімдерінің ең ірі жеткізушісі болып табылады. Облыстың үлкен артықшылығы — тез дамып келе жатқан және халқы тығыз орналасқан Ташкент елімен көршілес. Тиісті инфрақұрылымды дамыту кезінде шекара маңы ынтымақтастықтың ірі орталығына айналуы мүмкіндігі жоғары. Өнеркәсіпті дамытудың перспективалы бағыттары тау-кен өндіру өнеркәсібі, машина жасау, тамақ өнімдерін өндіру, құрылыс материалдарын өндіру екені белгілі. Тау-кен өнеркәсібінің дамуы өнеркәсіптік айналымға перспективалы барит кендерін, мыс пен кенді емес пайдалы қазбаларды тартумен байланысты болады. экономикасының негізгі құраушы көзі ауыл шаруашылығы (18,2%), өнеркәсіп (18,4%), жылжымайтын мүлікпен операциялар (10,1%), құрылыс (9,2%), көлік және қоймалау (9,0%) болып табылады.
Инвесторларға қолайлы жағдай жасауға баса мән берілген. Ең алдымен, өңірде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және 580 гектардан тұратын арнайы экономикалық аймақтар бар. Онда 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 39 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Екіншіден, өндірістік парк аумағында 42 ғимарат салынып жатыр. Жобаның бірінші кезеңінде 14 ғимарат құрылысы аяқталды. Жалпы құны 30,7 млрд теңге болатын 10 жоба жоспарланса, соның жетеуі (24,2 млрд теңге) іске қосылды. Олардың қатарында тоңазытқыш өндіретін «UBC group», әскери шатыр мен жиһаз өндіретін «Aqniet holding», жаңбырлатып және тамшылатып суғару жүйесін шығаратын «BNK group» компаниялары бар. Өндірістік парктің биыл аяқталатын екінші және үшінші кезеңінде 70 млрд теңгеден астам инвестиция қаржысына өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Облыс әкімінің тапсырмасымен осындай парктерді аудандарда да салынады.
Мемлекет басшысының қомақты қаржы салуға дайын ірі компанияларға «бір терезе» қағидатымен жан-жақты қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасы да айрықша назарда. 2024-2027 жылдар аралығында 2,1 трлн теңгеге 145 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде «ПГУ Туркестан» қуаттылығы 926,5 МВт құрайтын бу-газ қондырғысы, «Standard Petroleum» мұнай өңдеу зауыты, «Қазатомпром» компаниясының күкірт қышқылын өндіру зауыты, «Казкрахмал» жүгеріні терең өңдеу зауыты бар. Мәселен, «Beibars-Bottlers» ауыз су және түрлі-түсті сусындарды шығару зауытында жылына 85-100 млн литр түрлі түсті сусындар шығру көзделіп отыр, 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылады.
Ал «Global textile» зауыты іске қосылғаннан кейін 10 мың тонна мақта талшығын өндіреді. Сонымен қатар 2000 жұмыс орны ашылмақ. ««Lihua xinjang group» текстиль кластері жобасының құны – 180 млрд. теңге. Мақта кластерін дамытып, оны өңдеу, жіп иіру, мата шығару және мақта егуге байланысты өндірістерді жүзеге асырады. 2500-дей жұмыс орны құрылады. Зауыттарды ашып қана қоймай, одан шығатын тауарлар мен өнімдерді өткізу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Бүгінде облыста «Саутс ойл» компаниясы өңдеу өнеркәсібі және энегретика саласында 5 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Ордабасы ауданындағы мұнай өңдеу зауыты құрылысының бірінші кезеңі аяқталған. Екінші кезеңі келесі жылы аяқталып, 650 жұмыс орны ашылмақ. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Жұмыс жалғасуда.
Сайрам ауданында «Nurym Group» ЖШС-нің құрама жем зауыты, мал сою комбинаты және жануарлардың қалдықтардын терең өңдеу, замануи мал базары жобалары, сондай-ақ Арыс қаласында «Turkestan agro.kz» ЖШС-нің 4500 га алқапқа жаңбырлату жүйесін енгізу және 25 мың бас ірі қара мал бордақылау алаңы құрылысы жобалары жүзеге асырылуда. Компанияның негізін қалаушы- С.Ертаев.
Инвестордың айтуынша, бұл жобалар арқылы жұмыс орындары көбейеді. Аустралиялық тәсілмен салынатын заманауи мал базарында саудагерлерге де, келушілерге де қолайлы жағдай жасалмақ. ЖСҚ және рұқсат құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Аустралиялық компаниялардан коммерциялық жеңілдіктер күтілуде. Алматы-Самара тас жолының бойында 40 га мал базарын салу үшін жер учаскелері анықталды.
Облыс әкімі өңірлік инвестициялық штабтың биылғы алғашқы отырысында: «Жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдері әрбір жобаны сүйемелдеп, соңына дейін жетуін бақылауда ұстасын. Әр жоба бойынша Жол картасы әзірленіп, әкімдік өз міндетін, инвесторлар өз міндетін уақтылы орындаулары тиіс. Созбалаңға салуға болмайды. Бізге өндірісті дамыту, жұмыс орындарын ашу аса маңызды. Инвестициялық штабта айтылған мәселелер хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс жүргізілсін», деп, жауаптыларға тапсырма берген-тін.
Сол инвестициялық штаб отырысында Кентау қаласындағы «Кентау байыту фабрикасын» қайта жаңарту және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу өндірісін іске қосу бойынша «KazOilEnergy» ЖШС директоры А.Қалабаевтың, Шардара ауданында жүгері дәндерін терең өңдеу зауытын салу бойынша «Казкрахмал» ЖШС өкілінің ұсыныстары да тыңдалғанын айта кету керек.
Былтыр жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен. Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.
Жиһаз өнеркәсібіне инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өткен жылы осы өңірдің жиһаз өнеркәсібіне 13,2 млрд теңге инвестиция салынып, республикалық деңгейдің 76,8 пайызын құрады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясы хабарлады.
«AQ-QARA.KZ»- ақпарат