Делегация өкілдері Woosong және SolBridge университетеріне экскурсия жасап, сондай-ақ Тэджон қаласындағы жетекші инновациялық және жоғары технологиялық компаниялардың басшылығымен кездесті. Олардың қатарында электр көліктерін әзірлеу және өндірумен айналысатын «Korea Mobility», косметикалық өнімдер өндіретін «CELLHAPPYCO», жасанды интеллект негізіндегі деректерді талдау жүйесін шығаратын «Euclidsoft», білім беру және ғарыш дизайны жүйелерін шығаратын «Nuguna Co.,Ltd» және теміржол көлігі басқару жүйесімен айналысатын «InterCon Systems» сияқты компаниялар болды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, облыс экономикасын дамыту үшін шетелдік инвестицияларды тартудың маңыздылығын атап өтті. Компания өкілдерімен кездесулер барысында ол шетелдік инвесторлар ұсынатын барлық бастамалар мен жобаларды қолдауға дайын екенін білдіріп, бизнесмендер мен компания жетекшілерін Түркістан облысына өңірдің инвестициялық әлеуетін бағалауға және ықтимал серіктестік бағыттарын талқылауға шақырды.
Жалпы, бүгінде Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында Оңтүстік Корея мемлекетімен келіссөздер жүргізіліп, бірқатар жобаларды іске асыру жоспарлануда. Осы мақсатта екі тарап бұған дейін бірнеше мәрте өзара байланыстар орнатып, кездесулер ұйымдастырғаны белгілі. Мәселен, биыл жазда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Астана қаласында Кореяның Вусонг білім беру қорының төрағасы Ким Джон Хёнмен арнайы кездесіп, келіссөз жүргізгені есімізде.
Білім беру бағытында қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған кездесуде Түркістан қаласында ақпараттық технологиялар саласындағы Қазақстандық WOOSONG университетін құру туралы алдын ала келісім барысы талқыланған болатын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде көптеп ашуды тапсырғаны белгілі. Бұл ең алдымен білікті мамандарды оқытып шығаруға, жоғары технологияларды игеруге жол ашады. Жаңа білім ордасының инновациялар мен озық технологиялар орталығына айналары анық.
- Сіздің сапарыңыз мемлекеттеріміз арасындағы білім беру ынтымақтастығын тереңдету жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Бүгінгі кездесу Түркістан қаласында Ақпараттық технологиялар саласындағы Қазақстандық WOOSONG университетін құру туралы алдын ала келісімді талқылауға және қол қоюға арналған. Бұл біздің облысымызға ғана емес, бүкіл Қазақстанға үлкен пайда әкелетін маңызды жоба екендігіне сенімдіміз. Woosong қорының ақпараттық технологиялар саласындағы тәжірибесі мен біліктілігі біздің білім беру жүйесінің дамуына баға жетпес үлес болады. Біз студенттеріміз бен оқытушыларымыздың жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретін заманауи білім мен технологияларғақол жеткізуін қамтамасыз етуге ұмтыламыз. Біздің басты мақсаттарымыздың бірі - адами капиталды дамыту. Бірлескен білім беру бағдарламалары, ғылыми зерттеулер және студенттер мен оқытушылар алмасуы ақпараттық технологиялар саласында жоғары білікті мамандарды даярлау үшін қолайлы жағдайлар жасайтынына сенімдіміз,- деген болатын сол кезде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Жаңа білім ордасын ашу жобасының Түркістан өңірінің дамуындағы маңызды қадам болмақ. Бұл инвестицияларды тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға ықпал етері анық. Филиал Түркістан қаласында жоғары оқу орындарының бірінің базасында орналасады. Түркістан облысының әкімдігі жатақхана және басқа да техникалық қолдау көрсетуге дайын. Жоғары оқу орнын ашу туралы келісімге 2024 жылдың ақпан айының басында Вусон университеті делегациясының Қазақстанға сапары кезінде қол жеткізілді.
Халықаралық білім ошағының ғылыми орталығы Теджонгта орналасқан және 70 жылдық тарихы бар. Халықаралық білім ордасында 16 мыңнан астам бала білім алады. Оның ішінде әлемнің 85 мемлекетінен келген студенттер бар. Профессорлық құрамы 1 мың адамнан асады. Оқу барысын онлайн және офлайн платформада өткізеді. Оқу орны түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші бойынша Кореяда үздік үштікте. Университетте Қазақстаннан барған 40-тан астам жас білім алады.
Жасанды интеллект, яғни адамның ойлау процесін компьютерлік жүйелермен модельдеу бойынша инновациялық зертханалар жұмыс істейді. Киберқауіпсіздік бойынша мамандарға сұраныс артқан. Түлектер басқару мен өндіріс саласын бірге меңгереді. Осы бағытта Түркістан өңіріне ыңғайластырып, ауыл шаруашылығындағы ақпараттық жүйелер саласын жетілдіруге күш салынбақ.
– Түркістан облысында IT мамандарға басымдық беруді көздеп отырмыз. Негізгі бағыттың бірі – оқу орындарын Түркістан өңірінде ашу. Ауыл шаруашылығы мен техникалық салаларға басымдық беріледі. Қазіргі таңда бізде екі халықаралық универитетіміз бар. Онда 12 мыңға жуық студент білім алуда. Оңтүстік Кореяда техникалық сала бойынша мықты білім ордалары көп. Бұл сала жақсы дамыған. Сондықтан осындай оқу орнын өзімізде ашсақ деген ниетіміз бар, – дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Жалпы, соңғы жылдары қазақ-корей ынтымақтастығы, соның ішінде Түркістан облысы мен Корея Респбуликасы арасындағы қарым-қатынас үлкен қарқынмен дамып келеді. Соның бір мысалы ретінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған облыс делегациясының биыл жыл басында Оңтүстік Корея мемлекетіне іссапармен баруын айтсақ болар еді. Аталмыш сапары барысында делегация басшысы, яғни, облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы Оңтүстік Кореяның бірқатар ірі компанияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Сапар барысында облыс әкімі Doosan Enerbility компаниясының вице-президенті Ким Чон Гванмен кездесті. Тараптар кездесу барысында ынтымақтастықтың ықтимал мүмкіндіктерін талқылады. Келіссөздер жүргізді. Онда компанияның стансалар салуда және озық технологиялар мен жабдықтарды қолдануда үлкен тәжірибесі бар екені айтылды.
Екі елдің сауда-экономикалық саласында іскерлік қарым-қатынастың орнағанын айтқан өңір басшысы Түркістан облысының шетелдік инвесторлар үшін қолайлы аймаққа айналғанына тоқталды. Дархан Сатыбалды 2 миллионнан астам халқы бар өңірдің дамуы үшін шетелдік инвесторларды тарту маңызды екенін айтып, бұл орайда инвестициялық бестіктің әрдайым алдында жүретін Корея елінің орны ерекше екенін жеткізді. Сондай-ақ кореялық бизнесмендерді облыстағы құрылыс, ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу және медицина салаларына инвестиция құюға шақырды.
Doosan Enerbility жол-құрылыс техникасын шығару бойынша әлемде жетінші орында тұр. Дүние жүзі бойынша компанияның 100-ден астам филиалы бар. Кәсіпорындар экскаваторлар, өндірістік жабдықтар мен тұтыну тауарларын жасап шығарады. Құрылыс және қаржылық, консалтингтік және IT қызметтерін ұсынады.Компания Орталық Азияда энергетикалық турбиналар шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Өткен жылы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен Doosan Heavy Construction арасында Түркістан облысында қуаты 1000 МВт электр станциясын салу жөнінде келісімге қол қойылды. Сапар барысында Түркістан облысының делегациясы Doosan Enerbility офисі және музейімен танысты.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат