Ең алдымен, экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов индикаторлық жоспарлардың І тоқсандағы орындалу барысы туралы есеп берді. Ол ауданның даму көрсеткіштері мен жоспарлардың жүзеге асырылу деңгейіне тоқталды.Келесі кезекте өндірістік алаңдардағы инвестициялық жобалардың орындалуы қаралды. Бұл мәселе бойынша Қарашық, Үшқайық, Оранғай, Ескі Иқан және Иассы ауылдық округтерінің әкімдері баяндама жасады. Олар әр ауылдағы өндіріс орындарының дамуы, инвестиция тарту жұмыстары және жобалардың жүзеге асырылу қарқыны туралы мәлімет берді.
Сонымен қатар, алдағы айтулы күндерге орай ұйымдастырылатын мерекелік іс-шаралар жоспары таныстырылды. Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар Жұмабекова мәдени-көпшілік шараларды жоғары деңгейде өткізу бойынша атқарылатын жұмыстарды баяндады. Жиын соңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, атқарылған жұмыстардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қадағалауды тапсырды.
Жалпы, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Сауран ауданы көлемінде 2030 жылға дейін жалпы құны 209,3 млрд. теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделуде. Ауыл шаруашылық саласына инвестициялық құны 116,1 млрд теңге құрайтын 68 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Ал, өнеркәсіп саласында 53,1 млрд теңгені құрайтын, 85 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, 2024 жылы ауданның жалпы өңірлік өнімі 78,7 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 100,6%-ға артқан. Өңірлік өнімнің 75%-ы - ауыл шаруашылығы, 11,6%-ы - өнеркәсіп, 10,3%-ы - құрылыс және 3,1%-ы сауда саласының үлесінде.
Сондай-ақ, Мақсат Асылбекұлының айтуынша, аудан көлемінде өндірістік алаңдар құрылмақ. 2024-2026 жылдары ауданға қарасты Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ал 2026 жылдан бастап қалған 7 ауылдық округте өндірістік алаңдар құрылмақ. Олардың қатарында 13 жиһаз жасау цехы, 19 құрылысқа қажетті материалдар өндіретін цех, 2 тамақ өнімдеріне қажетті материалдар, 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін және 1 тігін цехы бар.
Сонымен қатар, ауданда азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 3 қабатты 24 пәтерлі жалпы саны 16 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Жыл соңына дейін 48 пәтерлі 2 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Коммуналдық сала бойынша, жыл басынан бері ауданда 10 елді мекенге табиғи газ тартылып, газбен қамту үлесі 43,3%-ды құраған. Биыл Оранғай, Қарашық, Жүйнек ауылдық округтеріне магистральды газ құбырын салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында 31 ішкі көшеге, яғни 39,4 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Сауран ауданында ауылшаруашылығы саласында 2025 жылдың басынан бері 6,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 102 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта өңірде биыл құны 16,4 млрд теңгені құрайтын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.
«Ауданға қарасты Шаға ауылдық окугінде келесі жылы «Eco-Chiken» ЖШС жұмысын бастамақ. Ет бағытындағы құс фермасының жоба құны 2,5 млрд теңгеге бағаланып отыр. Өндіріс орны толық іске қосылған соң тек облыс көлемінде ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне құс етін эспорттауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, «Ақ Сауран» ЖШС-ң құны 1,5 млрд теңгені құрайтын 700 гектар аумаққа жаңбырлатын суару қондырғысын орнату жобасы да жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұдан бөлек, бірнеше ірі мал бордақылау алаңдары мен жылыжай кешендері өңірдегі ауылшаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлесін қосарына күмән жоқ.
Сонымен қатар, Мақсат Асылбекұлы өңірлік өнім көлемін артыру мақсатында, ауданның 2030 жылға дейін 3 бағыт бойынша даму жоспары әзірленгенін айтады. Жоспарға сәйкес, аталған мерзімге дейін жалпы құны 209,3 млрд теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Ал, 2025 жылдың соңына дейін медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық өнімдер, құрылыс материалдарын, тамақ өнімдерін шығару және басқа да тауарлар өндіретін 30 өндірістік орын ашылады. Салынатын инвестиция көлемі 100 млрд.теңгені құрап, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Аудандағы тарихи нысандарға келуші туристер де жыл санап артып келеді. Өткен жылдың қорытындысымен өңірде қонақ болғандар саны 100 мың адамға жуықтаған. Жалпы Сауран ауданында 54 тарихи нысан орналасқан. Оның ішінде, 3 нысан республикалық маңызға ие. Саланы әрмен қарай дамыту мақсатында биыл жалпы құны 5,3 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба жүзеге асады. Нәтижесінде 164 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, Үшқайық ауылдық округіндегі минералды су көздерін тиімді пайдалану мақсатында емдік сауықтыру және демалыс аймағын құруға 20 гектар жер телімі белгіленді. Алдағы уақытта 14 жоба іске асырылып, 5 млрд теңге инвестиция тартылады.
Сауран ауданындағы инфрақұрылым саласындағы оң өзгерістерге де тоқтала кетсек. Бүгінгі таңда ауданға қарасты 33 елді мекеннің 32-сі ауыз су құбырларымен қамытылған. Өткен жылы 14 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл Ескі Иқан, Жүйнек, Қазақстанның 30 жылдығы, Егізқара елді мекендерінің ауыз су жүйелері ретке келтіріп, 24 сағат ауыз сумен қамтылатын болады. Ал, электр жүйесімен қамту бағытында 2024 жылы жергілікті бюджет есебінен 56 дана трансформаторлар ауыстырылған. Сондай-ақ, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і есебінен 17 шақырымды құрайтын электр желілері ауыстырылып, 4 дана трансформатор орнатылды. Биыл бюджет есебінен қосымша 12 трансформатор орнатылады. Ал, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і есебінен 5 трансформатор орнатылса, 13 шақырым электр желілері ауыстырылады. Өңірдегі табиғи габен қамту көрсеткіші 43,3 пайызға жеткен. Жыл соңына дейін қосымша 1 790 абонент қосылып, 45,6 пайыз аудан тұрғындары көгілдір отынды тұрақты пайдалануға мүмкіндік алады.
Соңғы жылдары Сауран ауданына инвестиция тарту мақсатында аудан әкімі бірнеше елге барып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында келіссөздер жүргізіп, меморандумдар жасасып келеді. Мәселен, былтыр жыл соңына қарай Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастамасымен арнайы делегация Түркия Республикасына іссапармен барып қайтқан болатын. Конья қаласының Қаратай ауданында болып, бауырлас қала ретінде меморандумға қол қойылды. Онда бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізді.
Сол кездегі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, шет елден инвестиция тарту, өндіріс орындарын құру және жаңа технологиялар бойынша алдағы уақытта тәжірибе алмасады делінген. Делегация Конья қаласының Қаратай ауданында сауда және өнеркәсіп, іскерлік бизнес өкілдерімен кездесіп, Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті, түркі мемлекеттер ұйымы арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту үшін құрылған «Turan» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктері таныстырылды. Экономикалық аймақтарда жұмыс істейтін кәсіпорындармен қатар, делегация бірқатар өндіріс орындарының технологияларымен танысты. Алдағы уақытта меморандум негізінде екіжақты байланыстарды нығайтып, қант өнімдерін өндіру, ауыл шаруашылығы, жиһаз жасау және текстиль өндіру бағытында әріптестік орнату негізінде кездесулер өтеді.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыру басты мақсат екендігін атап өткен болатын. Түркістан облысының әкімі аудан, қала әкімдеріне инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындаруын құру бағытында нақты тапсырмалар жүктеп келеді. Осы тапсырманы негізге ала отырып, Сауран ауданы әкімдігінің бастамасымен бизнес өкілдерінен құралған делегациясы былтыр қазан айының соңына таман Қытай Халық Республикасына арнайы іс-сапармен барған-ды. Сапардың негізгі мақсаты – облысқа инвестиция тарту, екі жақты сауда мен экономикалық ынтымақтастықты арттыру және жергілікті кәсіпкерлермен тәжірибие алмасу болып табылады.
Саурандық кәсіпкерлер бірінші кезекте сол тұста сапарын Чыңду ауданының Шиньжин қаласындағы «СITICO» өндірістік зауытының жұмысымен танысудан бастады. Онда зауыттың әлеуеті таныстырылып, барлық мәліметер ұсынылды. Әлем бойынша ең табысы мол бизнестің түрі болып табылатын балық шаруашылығына қажетті өнімдер өндірілуде. Атап өтетін болсақ, зауытта 60-тан астам балық жемдерін әзірлеуде. Аталмыш нысанның қуаттылығы жылына 500 мың тонна балық жемдерін өндіреді. Ішкі нарықта сұраныс жоғары болғандықтан өнімдерін импорттаумен қатар шет ел мемлекеттеріне де эспорттауда.
Делегация тарапынан компанияның дайын өнімдерін шығару бойынша жұмыстарымен тәжірибие алмасты. Балық өнімдерін өндірумен айналысуға ниетті бизнес өкілдеріне компанияның қолданып жатқан жабдықтарының тиімділігі мен жабдықтардың технологиясы бойынша ақпараттарымен бөлісті.
Боро-Тала қаласындағы Арасан ауданының кәсіпорындарын аралап көрді. Балық шаруашылығы, саңырауқұлақ өндірісі мен тәтті жүгері өндірісінің жұмыстарымен танысты. Қытайдағы аква мәдениет негізінен жергілікті халықтың күріш өсіруі кезінде дамыған. Қытай әлі күнге дейін әлемде бұл кәсіп саласы бойынша алдына жан салмай келеді. Себебі, қазір әлем бойынша ең табысы мол бизнестің түрі осы балық шаруашылығына тиесілі. Аталған қалада балық өсіру кеңінен қолға алынған. «Салқын су» балық шаруашылығында бекіре, форель, янтарь балық түрін өсіреді. 30 жылдан астам дәл осы кәсібпен айналысқан шаруа қожалығында бекіре балығының ұзындығы 4-5 метрге дейін жетіп, салмағы 90 келіден асатын балықтар бар.
Делегациясының іссапары әрі қарай Қарабұқа ауылында жалғасты. Аумақта жүгері өсіру және өңдеу әлеуеті жоғары. Онда ауқымды «Шин ноң» тәтті жүгері өндіріс кооперативі жүгеру зауыты жұмыс істеп тұр. 350-400 гектар жерге жүгері егіп, бір маусымда экспортқа шығарады.Делегация құрамына өнімді өсіру мүмкіндігі түсіндірілді. Сонымен қатар, «Кен юань» саңырауқұлақ өндірісінің жұмысы таныстырылды. Қытай Халық Республикасында 22 түрлі саңырауқұлақ өнімдерін тұтынса, мұнда оның 11 түрі өсіріліп, сатылымға шығарылады.
Сапардың екінші күні саурандықтар мақтаны тереңдетіп өсіру, тұқым өндіру және оны өңдеу, жіп шығару технологиясымен танысты. Арасан қаласының шаһар басшылығымен екі жақты кездесу өткізіп, Түркістан облысына келуге шақырды. Нәтижесі бойынша Қытайдың бай тәжірибесі негізінде Түркістан өңірінде жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен алдағы уақытта бірнеше зауыт-фабрикалар жұмыс істейді деген жоспар бар.
Осы орайда атап өтерлігі, былтыр наурыз айында да Түркістан облысының делегациясы Түркия Республикасының өндіріс орындарымен танысып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізген-ді. Сол тұстағы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес шетелдік инвестицияны тарту, өндіріс орындарын құру және өндірістердегі жаңа технологиялар бойынша тәжірибе алмасу мақсатында Түркістан облысынан құралған делегация Түркия еліне іссапар жасады. Іссапарды Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы ұйымдастырды. Оның құрамында «Turkistan Invest» инвестиция тарту және экспортты дамыту» агенттігі, «Turan» арнайы экономикалық аймағының, Кентау және Арыс қалалары, Отырар, Созақ және Сауран ауданы әкімдіктері және бизнес өкілдері бар.
Делегация Измир және Конья қалаларының Сауда және өнеркәсіп палатасы басшылығы, іскерлік бизнес өкілдерімен кездесулер өткізіп, одан әрі «В2В» форматында келіссөздер жүргізді. Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту бойынша кәсіпкерлік саясатты жүргізуге жауапты Сауда- экономикалық байланысты дамыту палаталарымен меморандумдарға қол қойылды. Іссапар барысында құрамында 197 компания жұмыс істейтін «Избаш», 250 компания қызмет ететін «Есбаш» еркін экономикалық аймақтары жұмысымен және кәсіпорындарымен танысты. Кәсіпті кеңейту тұрғысында Түркістан өңірінде өндіріс ошақтарын құру бойынша ұсыныстар білдірілді.
Экономикалық аймақтарда жұмыс істейтін кәсіпорындармен қатар, делегация бірқатар өндіріс орындары технологияларымен танысты. Олардың қатарында «Akaylar Derі» тері өңдеу зауыты, «Hidromek» ауыл шаруашылығы техникаларын және құрылғыларын өндіру зауыты, «Abalioglu yagi» күнбағысы майын өндіру зауыты, жаңбырлатып және тамшылатын суару жүйелерін өндіретін «Elit plastic», «Sertsan Plastik», «Ercanlar Plastik», «OpalPivot», «Akona plastik» компаниялары, «RTM Tarım Kimya» кіші, ірі қара және құстарға арналған жем шығару зауыты, кептірілген жемістерді өндіретін «Pinar Kuruyemis», Түркия елінің үштен бір бөлігін ет өнімдерімен қамтамасыз ететін консервіленген дайын ет өнімдерін өндіретін «Konaet» компаниялары бар.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, ауданның даму жоспарында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм басым бағытқа ие. Ауданда жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру ісі жақсы дамыған. 2030 жылға дейін құны 174,6 млрд. теңгені құрайтын 151 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы бойынша 52 жоба (жоба құны – 107 млрд. теңге, 390 жұмыс орны), өнеркәсіп саласында 85 жоба (жоба құны 53,1 млрд. теңге, 2 427 жұмыс орны), туризм саласында 14 жоба (жоба құны 14,5 млрд. теңге, 250 жұмыс орны) жүзеге асады. Жалпы 3 067 жаңа жұмыс орны ашылады. Нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемі 321,5 млрд. теңгеге жетіп, 2,4 есе артады деп күтіліп отыр. Сонымен бірге өндірістік аймақтарды кеңейту, тоқыма өнеркәсібі, жиһаз жасау, пластмасса өнімдерін өндіру жобалары жүзеге асады. Су үнемдеу технологияларына 17,6 млрд. теңге инвестиция тартылады. 14 жобаны жүзеге асыру көзделген. Мал, құс, балық, егін және мақта шаруашылығы да дами түседі.
Қазіргі таңда Сауран ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру бағытында нақты іс-шаралар жоспары нақтыланып, тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, ауданға инвестициялық жобаларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту бағыты басты назарда тұр. Сауран ауданының туристік әлеуеті де өте жоғары.
Сауран ауданында 2024-2026 жылдар аралығында өндірістік аймақтар құрылмақ. Нақтырақ айтқанда, І кезеңде Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ІІ кезеңде 2026 жылдан бастап қалған 7 ауыл округінде өндірістік алаңдар салу жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта Шаға ауылдық округінде орналасқан «Өндірістік парк» жобасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. 30 гектар жерге 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде парк аумағында 10 браунфилдтің құрылысы аяқталды. Индустриалды аймақ құру үшін қосымша 70 гектар жер бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Қарашық ауылынан шағын өндірістік алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 21 кәсіпкермен меморандум түзілді. Атап айтқанда, жиһаз жасайтын 9 цех, құрылысқа қажетті материалдар өндіретін 10 цех, 1 тігін цехы және 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін цех ашылмақ. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер цех құрылыстарын бастап кетті. Өндіріс алаңына қажетті электр желісі тартылып, жолға тас төсеу жұмыстары жүргізілді.
Еңбекші Дихан ауылынан «Иассы» өндірістік алаңына 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 18 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 9 кәсіпкермен меморандум түзіліп, 2 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастады. Мұнда жиһаз жасайтын, құрылысқа және тамақ өнімдеріне қажетті материалдар өндіретін цехтар ашылады. Одан бөлек, Шорнақ ауылынан 8 гектар жерге өндірістік алаң құрылып, 1 гектар аумаққа жиһаз жасау цехының құрылысы басталды. Бұл аймақта 10 браунфилд салынады. Жобаны жүзеге асыру 2024-2030 жылдар аралығына жоспарланған.
Аудандағы Теке ауылынан «Үшқайық» өндірістік алаңы жобасының құрылысын жүргізуге 18 гектар жер бөлінді. Мұнда 2025-2030 жылдар аралығында 37 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда өндіріс алаңында құрылысқа қажетті материалдар өндіретін, сүт өңдейтін және тігін цехтарын салу үшін меморандум түзілді. Өндірістік алаңына басқа да жобаларды орналастыру үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізу жұмыстары жалғасады.
Жалпы, жиһаз өндірісі кәдімгідей жолға қойылған Сауран ауданында Ресейдің сапалы есіктерінен кем емес ішкі есіктер шығарылуда. Кәсіпкер ағайындылар Азизбек пен Бахадир Абдужалиловтар өндіріс цехын осы жылы іске қосқан. Аталмыш цехта 60 маман жұмыс істейді. Бүгінде облыс және ауданның тұрғын үйлері мен ғимараттарға заманауи түрлі үлгідегі және әртүрлі көлемдегі есіктер сатылуда. Заманауи құрылғылармен жабдықталған цех өнімі сапалы, бағасы да қолжетімді.
Сауран ауданында еңбек етемін деген тұрғындарға, яғни қос қолға бір күрек табылады. Шағын кәсіп, ауылшаруашлығымен айналысу, туризм бағытында қызмет көрсету бойынша да ауданның әлеуеті жоғары. Сондықтан, мемлекет қолдап тұрғанда, жастардың өсуіне көмек көрсетіп тұрғанда, қолдан келгеннің бәрін жасау жергілікті билікке парыз десек те болғандай.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат