2025 жылы аталған көрсеткіштерді одан әрі арттыру мақсатында 44,2 мың гектар жерге егістік дақылдарын орналастыру жоспарланған болатын. Осы жоспарға сәйкес, егістік алқаптары толықтай дайындалып, көктемгі егіс науқаны қарқынды жүргізілді. Бүгінгі күнге дейін 5685,3 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.
Сонымен қатар, 1,2 гектар жерге жылыжай өнімдері отырғызылды. Жаңа техникалар кеңінен қолданылып, су үнемдеу технологиялары енгізілуде. Жаңбырлатып және тамшылатып суғару әдістерінің көлемі артып, алқаптарды суарудың тиімділігі артуда.
Ауыл шаруашылығы – экономиканың негізгі тірегі. Осыған орай, егістік алқаптарын ұлғайту, өнімділікті арттыру және агротехнологияларды жетілдіру бағытында кешенді шаралар атқарылып жатыр. Аграрлық сектордың даму қарқыны жоғары, алдағы уақытта одан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіледі деп күтілуде.
Ауыл шаруашылығымен қоса, Сауран ауданында өнеркәсіп саласы да қарқынды дами бастаған. Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, ауданның даму жоспарында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм басым бағытқа ие. Ауданда жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру ісі жақсы дамыған. 2030 жылға дейін құны 174,6 млрд. теңгені құрайтын 151 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы бойынша 52 жоба (жоба құны – 107 млрд. теңге, 390 жұмыс орны), өнеркәсіп саласында 85 жоба (жоба құны 53,1 млрд. теңге, 2 427 жұмыс орны), туризм саласында 14 жоба (жоба құны 14,5 млрд. теңге, 250 жұмыс орны) жүзеге асады. Жалпы 3 067 жаңа жұмыс орны ашылады. Нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемі 321,5 млрд. теңгеге жетіп, 2,4 есе артады деп күтіліп отыр. Сонымен бірге өндірістік аймақтарды кеңейту, тоқыма өнеркәсібі, жиһаз жасау, пластмасса өнімдерін өндіру жобалары жүзеге асады. Су үнемдеу технологияларына 17,6 млрд. теңге инвестиция тартылады. 14 жобаны жүзеге асыру көзделген. Мал, құс, балық, егін және мақта шаруашылығы да дами түседі.
Қазіргі таңда Сауран ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру бағытында нақты іс-шаралар жоспары нақтыланып, тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, ауданға инвестициялық жобаларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту бағыты басты назарда тұр. Сауран ауданының туристік әлеуеті де өте жоғары.
Сауран ауданында 2024-2026 жылдар аралығында өндірістік аймақтар құрылмақ. Нақтырақ айтқанда, І кезеңде Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ІІ кезеңде 2026 жылдан бастап қалған 7 ауыл округінде өндірістік алаңдар салу жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта Шаға ауылдық округінде орналасқан «Өндірістік парк» жобасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. 30 гектар жерге 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде парк аумағында 10 браунфилдтің құрылысы аяқталды. Индустриалды аймақ құру үшін қосымша 70 гектар жер бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Қарашық ауылынан шағын өндірістік алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 21 кәсіпкермен меморандум түзілді. Атап айтқанда, жиһаз жасайтын 9 цех, құрылысқа қажетті материалдар өндіретін 10 цех, 1 тігін цехы және 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін цех ашылмақ. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер цех құрылыстарын бастап кетті. Өндіріс алаңына қажетті электр желісі тартылып, жолға тас төсеу жұмыстары жүргізілді.
Еңбекші Дихан ауылынан «Иассы» өндірістік алаңына 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 18 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 9 кәсіпкермен меморандум түзіліп, 2 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастады. Мұнда жиһаз жасайтын, құрылысқа және тамақ өнімдеріне қажетті материалдар өндіретін цехтар ашылады. Одан бөлек, Шорнақ ауылынан 8 гектар жерге өндірістік алаң құрылып, 1 гектар аумаққа жиһаз жасау цехының құрылысы басталды. Бұл аймақта 10 браунфилд салынады. Жобаны жүзеге асыру 2024-2030 жылдар аралығына жоспарланған.
Аудандағы Теке ауылынан «Үшқайық» өндірістік алаңы жобасының құрылысын жүргізуге 18 гектар жер бөлінді. Мұнда 2025-2030 жылдар аралығында 37 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда өндіріс алаңында құрылысқа қажетті материалдар өндіретін, сүт өңдейтін және тігін цехтарын салу үшін меморандум түзілді. Өндірістік алаңына басқа да жобаларды орналастыру үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізу жұмыстары жалғасады.
Сауран ауданында ауыл шаруашылығының бір құрамдас бөлігі болып табылатын балық шаруашылығы да қарқынды даму үстінде. Мәселен, балық шаруашылығын дамыту мақсатында ауданға қарасты Үшқайық ауыл округінде ауқымды жұмыстар бастау алды. Жаңа кәсіпкерлік нысандарының қатарында балық өсіруге арналған кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі таңда арнайы бассейндер қазу жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі таяуда ғана құрылыс алаңында болып, кәсіпкерлермен тілдескен де болатын. Ол өз сөзінде аудан тарапынан инфрақұрылымдық жүйелерді тарту, қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеуге қолдау көрсету және жалпы жобаның табысты жүзеге асуына ықпал ету үшін жан-жақты қолдау болатынын жеткізген.
Өңірде шағын және орта бизнесті дамыту – аудан экономикасын тұрақты дамытуға серпін береді. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы жұмыс орындарының құрылуына ықпал етеді. Жергілікті нарықты сапалы өнімдермен қамтамасыз етеді. Аудан басшылығы жергілікті өндіріс орындарын қолдауды басты міндеттердің бірі ретінде қарастырып, кәсіпкерлерге қажетті жағдай жасауды көздеп отыр. Үшқайық ауылында басталған бұл жобалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң ықпал етпек.
Жалпы, Сауран ауданында балық шаруашылығын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар істеліп келеді. Балық шаруашылығымен айналыса бастаған кәсіпкерлердің де қарасы көбейе түскен. Мәселен, Сауран ауданы Ибата елді мекенінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Жасур Муминов арнайы бассейнде балық өсіреді. Мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 8,5 млн теңге несиеге 16 текше метрлік 4 бассейн, балық жемі және қажетті жабдықтар мен 10 грамдық шабақтар сатып алған. Бір бассейнде 1500 форель балығының шабағын өсіріп жатыр. Он грамдық шабақты тауарлық деңгейге, яғни 350 грамға жеткізу үшін кемінде 6 ай бағып, күтеді. Тауарлық деңгейге жеткенде бір бассейнде шамамен 500 кило балық өсіп шығады. Балықшылардың айтуынша, форель шабағының біреуі нарықта 80-100 теңге, тауарлы балықтың бір килосы 2800-3000 теңге болады екен. Бүгінде бес азаматты тұрақты жұмыспен қамтыған кәсіпкер жылына 4 тонна балық сатуды межелеп отыр. «Сирек кездесетін кәсіпке бейімделу де оңай емес. Өз кәсібін ашамын деген азаматтарға аталған бағдарламаның мүмкіндігі мол, алдағы уақытта бұл істі одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмыз», дейді Жасур Муминов.
Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркеліп, олар 88 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 146 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Акваөсіру бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 26 шаруашылыққа субсидия берілуде. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылған. Тиісті жұмыстар атқарылуда.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат