Аталған бағдарлама аясында қазіргі таңда мәдени-рухани орталық аумағында электрокармен туристерге қызмет көрсетіп жүрген 30-ға жуық жүргізуші кәсіби оқудан өтуде. Бағдарлама мақсаты — қатысушылардың экскурсия жүргізудің заманауи әдістерін меңгеруіне, өңірдің тарихи-мәдени нысандарын терең танып-білуіне және кәсіби гид ретінде қажетті дағдыларды дамытуына мүмкіндік беру.
Курс барысында туристермен тиімді коммуникация, бағыттарды таныстыру, қауіпсіздік шаралары және шетелдік қонақтарға қызмет көрсету әдебі — негізгі басым бағыттардың бірі. Оқу курсы соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталатын болады. Бұл бастама Түркістанның туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің туризм саласындағы кәсіби кадрлар сапасын да жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде.
Жалпы, бүгінде Түркістан облысына келуге қызығушылық танытатындар қатары күн санап артып келеді. Түркі әлемінің туристік астанасы атанған киелі өңірде соған сай туристік жобалар қолға алынбақ. Шаһарға туристерді тартудың бірден бір жолы, оларға сапалы әрі дұрыс қызмет көрсетуді ұйымдастыра алу дейді мамандар. Бұл қала басшылығының ең бірінші міндеті болуы тиіс. Бұдан бөлек жаңа жобалар қолға алынып, жан-жақты қызықтырудың да берері мол. Былтыр маусым айында Мемлекет басшысы туризм мәселелері бойынша жиын өткізіп, бірқатар тапсырма берген болатын. Қысқа мерзімде туристік өнімдер мен туристер санын арттыру үшін Күлтөбе қалашығы мен Қолөнершілер қаласы жобасын жүзеге асырып, экотуризмді дамыту қажеттігі туындап отыр. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарға негізделген шеберлік сағаттары, ұлттық ойындар мен тағамдар ұсыну көзделуде. Облыс басышылғы сервис деңгейін жақсарту мақсатында туристік бизнес өкілдерін оқыту жұмыстарын тұрақты жүргізуді міндеттеп отыр.
Облыс орталығынан алыс орналасқан нысандарда сервисті жақсарту үшін ұсынылған визит орталықтар мен модульдік ғимараттарда электронды аудиогидтар орнату арқылы шешуді тапсырылған. Мысалы әлемнің танымал музейлерінде смартфондарға орнатылған электронды аудиогидтар пайдаланылады. Сондай-ақ, электрокарлар жұмыстарын реттеу, жүргізушілеріне экскурсиялық кітапшалар тарату, оқытудан өткізуді, маршрутын бекіту қажет.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша аталған салаға жан-жақты талдау жүргізілген. Сонымен қатар отандық туризм мамандары мен сарапшылардың ұсыныстары тыңдалып, бірқатар жобалар жоспарланып отыр. Өңірдегі нысандарға негізінен Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары барады. Аптасына 25-30 тур ұйымдастырылып, мыңнан аса адам экотуриз мен киелі аймақтарды тамашалайды. Турпакеттер сатып алады.
Қазіргі таңда туристік нысандарда күрделі құрылыстар жүргізіліп, жергілікті экожүйе бұзылуда. Әлемдік тенденцияны ескере отырып, туризмді дамыту барысында экологиялық таза жобалар қолданылады. Оның бірі – визит орталықтар. Елімізде бұл жобаның тиімді кейстері бар. Алдағы уақытта нысандар маңында үш тілді ақпараттық стендтер жаңартылады. Модульді құрылымдарда ақпараттық дүңгіршек, бренд кәдесыйлар дүкені және әжетхана қамтылады. Туризмді дамытудың келесі механизмі ауқымды іс-шаралардың күнтізбесін әзірлеу және өткізу.
Қазақ халқы және түркітілдес елдер үшін Түркістанның орны айрықша. 2018 жылы Түркістан облысы құрылды. Түркістан қаласы облыс орталығына айналып, рухани астана ретінде дамып жатқанына 6 жыл толды. Осы уақыт аралығында өңірді дамыту іс-шаралары аймақтың экономикасына тың серпін берді. Түркістан бүгінде миллиондаған туристер мен қонақтардың тамашалауға асығып келетін мекеніне айналды. Бүгінгі Түркістан – тек әлеуметтік-экономикалық жағынан ғана дамып қоймай, мәдени-идеологиялық жағынан да дамып жатқан өңір. Сол себепті, Түркістан қазақ үшін құнды қалаға айналып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы президенттік іссапарын қасиетті Түркістан қаласынан бастағаны баршаға белгілі. Айта кетейік, ұлы ойшыл Ахмет Ясауи бабамыз осы Түркістанда өмір сүрген. Ол күллі елге ізгілік нұрын шашып, адамзатқа шынайы еңбек еткен. Сонымен бірге, Түркістан бірнеше ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болды. Мұнда тарихымыздағы тағдыршешті шешімдер қабылданған. Түркістанда қазақтың 21 ханы, 8 сұлтаны, елуден астам қол бастаған батырлары, 23 биі бастаған ұзын саны 280-нен астам ұлтымыздың жақсылары мен жайсаңдары жерленген. Түркістан – Еуразияның жауһары.
Облыс әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер өсімі қалыптасып, өңірлік өнім 7 жылда 2,5 еседен асқан. Өнеркәсіп өнім көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 2,3 есеге артып, өткен жылы алғаш рет 1 трлн теңгені құрады. Мәселен, былтырғы жылы өңдеу өнеркәсібінде жоспарланған 20 инвестициялық жоба толық іске қосылып, 594 жаңа жұмыс орны ашылды. Түркістан түркі әлемі көз тіккен қалаға айналды. Мұнда 250-ден астам заманауи ғимарат бой көтерді. Тұрғын үйлер, мәдениет, спорт, білім, медицина, инфрақұрылым нысандары ел игілігіне берілді.
Мемлекет басшысы Түркістан қаласын тек облыс орталығы ғана емес, жалпы түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі тапсырма берген еді. Айталық, Түркістан қаласы тек әлеуметтік-экономикалық жағынан ғана дамып қоймай, мәдени-идеологиялық жағынан да дамуы тиіс. Бірінші – Түркістанға келген адам күллі Қазақ мемлекетінің басынан өткен тарихи оқиғалардан, қазақтың этнос ретінде мәдениетінен мәліметтер алатындай болуы тиіс. Екінші – Түркістанда әлемдік деңгейдегі шеберлер орталығы жұмыс істеуі керек. Үшінші – Түркістан тоғыз жол торабында орналасқан сауда орталығына айналуы керек. Ахмет Ясауи кесенесі діни ғұламалар мен әулие-әнбиелерді, хандар мен билерді, батырлар мен ақындарды, яғни халық үшін өзін құрбан еткен тұлғаларды жерлеген үлкен қабірстанға айналғанын білеміз. Сондықтан бабаларымыздың көзіндей болып тарихтан жеткен зәулім ескерткіштер, қабірстандар мен қорымдар, аңыздар мен тарихи жұрнақтар Түркістанның абыройын асқақтатып, күллі түркінің көз тіккен жауһарына айналды. Осы ерекшелігін де сақтаған жөн.
Түркістан облысының орталығында ауқымды жұмыс атқарылды. Мәдениет, білім, спорт ғимараттары, тұрғын үйлер және туристік нысандар бой көтерді. Алғашқы болып бой көтерген нысандардың бірі – халықаралық әуежай. Қазір оның мүмкіндігі кеңейтіліп, бауырлас елдермен тұрақты рейстерді көбейту бағытында жұмыстар жүруде.
Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылы Түркістан облысына жасаған кезекті жұмыс сапарында жергілікті халықпен кездесті. Сол жүздесуде Президент Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру мәселесін көтерді. Президенттің сол бастамасы бойынша және тікелей тапсырмасымен Түркістанға ерекше мәртебе беруге арнайы заң дайындалып, қазіргі таңда «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы Парламент қарауына беріліп, биыл Наурызда Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілді.
Түркістан облысының мәдени-рухани бағытта дамуы мен экономикалық әлеуетін көтеру бойынша президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүктеп отырған міндеттері мен бағдарламаларын орындау бағытында облыс басшысы Нұралхан Көшеров бастаған жергілікті атқарушы биліктің атқарып жатқан жұмыстары ауқымды. Өңірде көп жұмыстар жүзеге асып жатқанын көріп жүрміз. Осы тұрғыда, басты-басты деген ілкімді жұмыстарға тоқтала кетсек. Түркістан бүгінде тек бауырлас – түркітілдес мемлекеттермен ғана емес, басқа да көптеген елдермен рухани-мәдени және экономикалық тұрғыда тығыз қарым-қатынас орнатқан Орталық Азиядағы ірі орталыққа айналды. Олай дейтініміз, рухани қаланың осы алты жыл ішінде адам танымастай жылдам өзгеруі және әлеуетінің қарқынды дамып жатқаны – соның айғағы. Бүгінде тағылымды тарихы бар Түркістанды тамашалауға алыс-жақын шетелдерден ағылып келіп жатқан миллиондаған туристер мен қонақтар қасиетті шаһардың өткен тарихына тереңдей қаныға түсуге және қайта жанданып жатқан тіршілігіне тамсана қарайтын болған.
Өңірде халық саны да күн санап артып келеді. Айта кетейік, соңғы жылдары Түркістан өңірі мемлекет тарапынан жоғары деңгейде қолдауға ие болса, шетелдік инвесторлардың да көптеп қызығушылық танытуы арқасында киелі өңірде бүгінде бірқатар ірі жобалар жүзеге асып жатыр. Облыс әкімі атап өткендей, Түркістан облысының 9 индустриалды аймағы, «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп тұр. Онда кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалған. Облыста инвестициялық штаб жұмыс істейді. Әрбір инвестормен әр жобаның түпкілікті жүзеге асуын жіті бақылауда ұстап отыр. Барлық аудан, қала әкімдері және басқарма басшылары бастаған өкілдер облыс кәсіпкерлерімен бірге Қытай, Аустралия, Өзбекстан елдерінің өндірістік аймақтарына іссапармен барып қайтты. Делегация әлемге танымал кәсіпорын, зауыттарды аралады. Алпауыт компаниялармен келісімдер жасалған.
Кезінде тек қазақ халқының емес, түркі әлемінің рухани ірі орталығы болған Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мемлекетіміз үшін өте маңызды. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңына қол қойып, шаһарды, өңірді дамыту міндетін жүктеді. Мемлекет тарапынан Түркістанға үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өсім бар. Аймақта жалпы өңірлік өнім көлемі былтыр 452,6 млрд. теңгені құрап, 22 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнімі көлемі 34,8 млрд. теңгеге жетіп, 107 пайызға орындалды. Инвестиция көлемі 400 млрд. теңгені құрап, 20 пайызға артқан. Өзіндік кірістер 59,4 млрд. теңгені құрап, 20 пайызға ұлғайды. Салықтық түсімдер 39 млрд. теңгені құрап, 20 пайызға артты. Түркістан қаласында өндіріс орындарын ашу, өзіндік кіріс көлемін ұлғайту, инвестиция тартуға басымдық беріліп, тиісті жұмыстар жалғаса түсуде.
Экономика демекші, Түркістан қаласында өндіріс орындарының саны жыл санап артып келеді. Бүгінде қаладағы 180 гектар аумақта Арнайы экономикалық аймақ орналасқан. Одан бөлек, 190 гектар жерде Индустриалды аймақ іске қосылған. Бұл аймақта 10,5 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылды. Нәтижесінде, мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Алдағы уақытта 19 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында бетон бұйымдарын жасау, есіктер шығару, битум өндіру, жұмсақ жиһаздарды жасау, әк өндіру сияқты жобалар бар.
Облыс орталығында халықты жұмыспен қамту шаралары да қарқынды жүзеге асырылып келеді. 2024 жылы 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жоспар 116,2 пайызға орындалған. Тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасады. Өткен жылы 961 пәтер пайдалануға берілсе, биыл 944 пәтерді ел игілігіне беру жоспарланып отыр.
Жалпы, Түркістанды әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сай облыс орталығында «Түркістан-арена» стадионы, көпбейінді «Олимпик» орталығы және Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені, «Тұран» футбол академиясының ғимараты бой көтерген. Сонымен қатар 7 теннис корты салынып, жалпы ұзындығы 51 шақырым веложол төселген.
Түркістанда инвестициялық жобалар шоғырланған «SPK Turkistan» өндірістік паркі бар. Өндірістік парктің құрылысы 100 гектар жерге салынады. Құрылыс екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Индустриялық алаңның бірінші кезеңінде 30 гектар жер телімі бөлініп, тиісті инфрақұрылыммен және коммуникация желілерімен қамтамасыз етілді. Бастапқыда жалпы құны 96,9 млрд теңгені құрайтын 29 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде инвестиция көлемі 36,5 млрд теңге болатын 8 өндіріс іске қосылып, 712 жаңа жұмыс орны ашылды.
Түркістандағы көкөніс сақтау қоймасы 3,5 мың тонна көкөніс пен 500 тонна бакалея өнімдерін сақтап, Түркістан, Кентау және Арыс қалаларын маусымаралық кезеңде азық-түлікпен қамтамасыз етіп келеді. Жобаны «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «М-Адал» компаниясы жүзеге асырған. Сондай-ақ, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» серіктестігінің өндіріс цехы жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK Irrigation» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосқан. Келесі кезекте тамшылатып суару қондырғыларын шығаратын екі зауыт ашуды көздеп отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, бұл 2030 жылға дейін облыста 216,3 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізуге мүмкіндік береді.
Білім беру мекемелеріне арналған жиһаз шығаратын «Аqniet Holding» компаниясы кейінгі үш жылда 50-ге жуық мектепті жабдықтаған. Мұнда «Жайлы мектеп» стандартына сай жиһаздар, «KazMedPribor» компаниясымен бірлесіп, медицина мекемелеріне арналған жабдықтар жасалады.
Тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтарын өндіретін «Jasyl suyq Qazaqstan» кәсіпорнының өндіріс алаңы өз алдына бөлек әңгіме. Өнімдерін Орталық Азия елдеріне импорттап келе жатқан болгариялық «UBC Group» холдингі Түркістан облысында екі ірі өндіріс желісін ашу жөнінде шешім қабылдаған. Инвестор жобаның бірінші кезеңіне 5 млн еуро көлемінде қаржы құяды. «SPK Turkistan» аумағындағы өндіріс алаңында 350-ге жуық жұмыс орны ашылады. Ал «Тұран» арнайы экономикалық аймағында іске қосылатын екінші зауытқа 7,5 млрд теңге инвестиция салынады. Нәтижесінде, айына 10 мыңға дейін тоңазытқыш жабдығын шығарып, мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Тағы бір өндіріс орны - «Turan Su» мекемесі. 2019 жылы құрылған кәсіпорынның негізгі міндеті – мемлекет меншігіндегі ирригациялық жүйелер мен гидрологиялық құрылыс жайларын күтіп ұстау, жөндеу және реконструкциялау, елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету. «Turan Su» басшылығы жұмысты тиімді ұйымдастырып, табысты еселеу арқылы қосымша инвестициялық жобаларды жүзеге асыра бастаған. Атап айтқанда, былтыр кәсіпорын индустриялық парк аумағында жылына 9 мың гектарға тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндірісті іске қосты. Келешекте кәсіпорын суару жүйелеріне арналған параболалық науалар өндірісін жолға қоймақ.
Өңір экономикасының дамуына тың серпін беру үшін Түркістан облысында 2024-2027 жылдар аралығында жалпы құны 2,5 трлн теңге болатын 145 инвестициялық жобаны жүзеге асыру – басты мақсаттардың бірі. Нәтижесінде, 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орны пайда болады. Бұған қоса ірі жобалардың қатарында қуаты 926,5 МВт бу-газ қондырғысының, 800 МВт күн және жел электр стансаларының, Түркістан қаласындағы бес жұлдызды қонақүйдің құрылысы, дрон және бейнебақылау камералары, газ қазандықтары, тұрмыстық техника, тау-кен және металлургия кешеніне арналған құрылғылар, алюминий бұйымдар өндірісі секілді маңызды бастамалар бар.
Облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға, су үнемдеу технологияларын енгізуге, жылыжайларды көбейтуге және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ден қойылмақ. 2030 жылға қарай өңірде суармалы жерлердің 40 пайызына су үнемдеу технологиялары енгізіліп, аумағы 602 гектарды құрайтын жаңа жылыжай кешендері іске қосылады. Сонымен қатар алдағы үш жылда 105 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 8 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат