Бейсенбі, 03 Қыркүйек 2026 21:09

Созақ ауданында «КАТКО» қазақ-француз бірлескен кәсіпорнының 30 жылдығы аталып өтті

Қазақстан мен Францияның уран өнеркәсібіндегі ұзақмерзімді ынтымақтастығының жарқын үлгісіне айналған «KATCO» қазақ-француз бірлескен кәсіпорнының 30 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шара өтті. Кәсіпорынның «Шаңырақ» вахталық лагерінде өткен мерекелік шара компанияның 30 жылдық тарихын қамтыған мерейтойлық бейнероликпен басталып, «Фараб» би ұжымының қазақ ұлттық биімен жалғасты.

Мерейтойлық жиының ашылуында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зулпыхар Жолдасов компания ұжымын айтулы мерейтоймен құттықтады. KATCO-ның 30 жыл ішінде Түркістан облысы мен Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтті.

- 1996 жылы «Orano» және «Қазатомөнеркәсіп» компанияларының бірлескен жобасы ретінде құрылған кәсіпорын бүгінде табиғи уран өндіру саласындағы жетекші компаниялардың біріне айналды. «КАТКО»-ның бүгінгі жетістіктерінің негізінде кәсіпорында жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан мыңдаған білікті маманның кәсібилігі мен тәжірибесі жатыр. Кәсіпорын Созақ ауданының және тұтастай Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың экономикалық саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі – инвестиция тарту, жаңа өндірістерді дамыту, технологиялық жаңғырту және сапалы жұмыс орындарын құру. Осы тұрғыда «КАТКО» – ұзақ мерзімді инвестиция мен тиімді халықаралық әріптестіктің нақты нәтижесін көрсетіп отырған кәсіпорын. Бүгінде Түркістан облысы үшін инвестициялық белсенділікті арттыру және өндірістік әлеуетті кеңейту стратегиялық міндеттердің бірі. Сондықтан өңірде жұмыс істеп жатқан инвесторлармен өзара сенімге негізделген ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ерекше мән береміз. «КАТКО»-ның 30 жылдық тарихы – Қазақстан мен Франция арасындағы берік достық пен іскерлік байланыстың айқын дәлелі. Кәсіпорынның дамуына үлес қосып келе жатқан барлық қызметкерлерге еңбегі мен кәсібилігі үшін алғыс білдіремін. «КАТКО» кәсіпорнының 30 жылдық мерейтойы құтты болсын! – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.

Сондай-ақ аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков KATCO-ның 30 жылдық тарихы ауданның дамуымен тығыз байланысты екенін жеткізді. Аудан басшысы кәсіпорынның өндірістік қызметімен қатар, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарының маңыздылығына тоқталды. Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге, Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Асет Махамбетов, Orano Директорлар кеңесінің төрағасы Клод Имовэн, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма мүшесі Дастан Кошербаев, және KATCO Бас директоры Закариа Эль Марзуки құттықтау сөз сөйледі. Қазақстан мен Франция тараптарының ұзақ жылдарға негізделген сенімді серіктестігінің бүгінгі нәтижесі, технологиялық әлеует пен кәсіби мамандардың еңбегі және кәсіпорынның бүгінгі жетістіктері жайында сөз қозғалды.

Мерейтой барысында компанияның дамуына және өңірдің өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтар арнайы марапаттарға ие болды. Шара концерттік бағдарламаға ұсынылып, Kultegin этно-ансамблі мен «Фараб» би ұжымының өнерпаздары көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. Айта кетейік, «КАТКО» бірлескен кәсіпорны 1996 жылы құрылды. Кәсіпорын Созақ ауданында орналасқан және құрамында уран бар кенді өндіру, өңдеу, тасымалдау және сақтау бағыттарында қызмет атқарады. Қазіргі таңда кәсіпорнында 1 235 адам еңбек етеді. Оның 611-і - Созақ ауданының тұрғындары. Ұжымның шамамен 60 пайызы компанияда он жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді.  Компанияның Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесі де ерекше. 2009 жылдан бері ауданымыздағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 8,2 миллиард теңге бағытталып, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, энергетика және су инфрақұрылымы салаларында 500-ден астам жоба іске асырылды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 66 рет