Сейсенбі, 16 Ақпан 2021 13:36

Түркістан облысында өңделен ауылшаруашылығы өнімінің экспорт көлемі 5 есеге артты

Түркістан облысында Елбасы тапсырмасы мерзімінен бұрын орындалды.

ҚР Тұңғыш Президенті Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты 2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2,5 есеге арттыруды тапсырған болатын. Өткен жылғы жұмыс нәтижесі бойынша Түркістан облысында өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортының көлемі 5 есе өсіп, 105,1 млн. АҚШ $ -ға жетті. Биыл да бұл көрсеткішті арттыру көзделген. Осылайша Түркістан облысында бес жылдық жоспар қысқа уақытта артығымен орындалып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісінде мәлімденді. 

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» орындалуы барысын баяндады. Атқарылған жұмыс нәтижесінде агроөнеркәсіп кешеніндегі бір жұмысшыға шаққанда еңбек өнімділігі 2500 мың теңгені құрап, 2,2 есе өскен.

Жалпы өнім 1,8 есе өсіп, 729,7 млрд. теңгені құрады. Агроөнеркәсіп капиталы 8,7 есе өсіп, 58,1 млрд. тг инвестиция тартылды, (2015 ж. 6,7 млрд.тг.). Тамақ өнімдеріне 9,5 млрд. тг инвестиция тартылып, 3 есе өсім көрсетті.

Облыста мал басының өсімі екі жылда 13% артқан. Аналық ірі қара малды импорттау мен тұқымдық түрлендіру бойынша Түркістан өңірі елімізде 2-орында. Бұл мақсатта үш жылда 20 мыңға жуық мал сатып алынған. 2 жылда жалпы мал өнімінің өсімі 8,5% артты. Биыл да бұл көрсеткіш едәуір артпақ.

Облыста су каналдары күрделі жөндеуден өтуде. Күл-қоқыстан тазартылып, жаңаруда. Түркістан облысындағы барлық су арналары цифрлық жүйеге көшеді. Аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бұл жұмыстардың тез арада жүзеге асуын тапсырды. Су арналарын механикалық тазартудан өткізіп, бетонмен қаптап, ретке келтіру барлық аудан, қала басшыларына жүктелді.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат 

 

 

Оқылды 262 рет