Жұма, 26 Ақпан 2021 17:23

Түркістан: Мырышпен қапталған құрылыс материалдары шығарылмақ

Өмірзақ Шөкеев «Кәсіпкерлік Қырандары» пилоттық жобасы- телевизиялық жобаның алғашқы түсірілімінде стартаперлердің, жас кәсіпкерлердің жобаларын және әлеуметтік жобаларды қолдау бойынша соңғы екі жылда қабылданған шараларға тоқталды.

Айта кету керек, инвесторларға өңдеу өнеркәсібі, тамақ және ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және туризм салаларындағы 60-қа жуық әлеуетті жобалар таныстырылды. Қатал сараптаудан өтіп, финалдық кезеңге шыққан жоба авторлары инвестиция үшін күресте өздерінің бизес — идеяларын ортаға салды.

Басым бөлігі Түркістан қаласында жүзеге аспақ. Атап айтқанда, өңірде таза табиғи өнімнің өндірісі дамып, мырышпен қапталған құрылыс материалдары шығарылмақ. Жаңа тәсілмен анар мен алмұрт өсіріліп, ветеринариялық жедел жәрдем ашылмақ. Түркістан аспанында әуе шарлары қалықтап, экологиялық таза полиэтилен қапшықтары өндіріле бастайды.

Отырыстың қорытындысы бойынша, инвесторлар мен қатысушылар арасында 88 млн. теңге инвестиция бірлескен жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы 8 меморандум жасалды. «Атамекен» ӨКП және Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда бағдарламасы ұйымдастырған іс-шара жалғасын табады. Инвесторлар қолдауын тапқан барлық жобаның даму сатысы бақыланып, есептік кездесу өтеді.

Облыста 142 мыңға жуық шағын және орта бизнес өкілі бар. Оның 300-і ірі кәсіпкерлер. «Бастау Бизнес»  бойынша 3 мыңдай болашақ кәсіпкер білім алып, тәжірибе жинақтады.

 

Оқылды 303 рет