Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша макроэкономикалық көрсеткіштер жақсарған.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, Шымкент қаласының ауылшаруашылығы, инвестиция тарту, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіштері бойынша қарқынды өсу байқалады.
– Көптеген өңірлерде жоғары инвестициялық белсенділік сақталуда. Өнеркәсіп нысандарын салу мен өндіріс құрылғыларын дамыту іс-шаралары есебінен Шымкент қаласында өсу байқалады. Бұл бағытта Шымкент қаласы екінші орында келеді. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 45,8 пайызға өскен.
Биыл қаңтар-наурыз айында тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша ең үздік көрсеткіш (5,9 пайыз) Шымкент қаласында байқалды, – деді Ұлттық экономика министрі.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы секторы бойынша да Шымкент қаласы екінші орында (5,5 пайыз) келеді.
Жиында өңірлер бойынша қаңтар-наурыз айындағы негізгі көрсеткіштер жария етілді. Бес көрсеткіш бойынша алты өңір оң нәтижелерге қол жеткізген. Олар – Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай облысы және Шымкент қаласы.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат