Дүйсенбі, 19 Шілде 2021 13:05

Түркістан: Сауранда айына 500 дана жиһаз өндіретін цех жұмыс істейді

Түркістан облысы Сауран ауданында жұмсақ жиһаздың 40-қа жуық түрін шығаратын цех жұмыс істейді.

Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

«DIVALUX» атты кәсіпорын 2002 жылы құрылған. Содан бері аталған мекеме өз өнімін еліміздің барлық өңірлерінің нарқына шығарып үлгерген. Мекеме басшысы Шухрат Нәбиевтің ендігі мақсаты – кәсібінің өрісін кеңейтіп, дайын тауарды алыс-жақын шетелдерге экспорттау.

«Алғашында жиһаз шығаруды 5 мың шаршы метр аумақта бастадық. Ол кезде 5-6 адам ғана жұмыс істейтін. Тапсырыс көбейіп, өнім өзекті болған соң жұмысшылар саны жыл санап арта түсті. Қазіргі таңда, жұмысшылар саны 120-ға жетіп отыр. Мамандардың негізгі бөлігі жергілікті азаматтар. Олардың біліктілігін арттыруға да тиісті деңгейде жұмыстар атқарып жатырмыз», – деді Ш.Алиханұлы.

Жиһазға қажетті шикізаттар Түркия елінен жеткізілуде. Аталған цех айына 500-ге жуық жиһаз құрастыруға қауқарлы. Алдағы уақытта өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 129 рет