Бейсенбі, 22 Шілде 2021 09:31

Түркістан: Төлебилік шаруа 1 гектар жерден 35 тонна өнім алып отыр

Төлеби ауданы Киелітас ауылдық округінің тұрғыны, шаруа Рүстем Асланов ауылшаруашылық мақсатта алған 1 га жуық жеріне қызанақ, картоп, қияр егіп, көкөніс баптауды қолға алған.

Диқан ауылшаруашылық мақсатындағы 1 гектар жеріне ерте күзде картоп егіп, маусым айында пісіп, жетілген дайын өнімді сауда орындарына шығарады. Кәсіпкер көкөністі күтіп-баптауының нәтижесінде 30-35 тоннадай өнім алатынын жеткізді. Сондай-ақ, жаз мезгілінде көкөністі жинап алғаннан кейін бос қалған жерге екінші өнім ретінде сарымсақ, пияз егуді жоспарлап отыр. Сапалы әрі экологиялық таза өнімдері сауда орындарында үлкен сұранысқа ие.

Кәсіпкер ауылшаруашылығына қажетті техниканы жалға алып жұмыс істейтінін, алдағы уақытта техникаларды сатып алу жоспарда бар екенін жеткізді.

Ризығын жерден терген диқан көкөніс өнімдерін егумен қатар, бау егу жұмыстарын қолға алған. Ол Сарыағаш ауданынан әкелген өрік, шие, қара өрік, алма көшеттерін 7 гектар жерге егіп, оны күтіп-баптау жұмыстарын қолға алған. Келесі жылы отырғызған көшеттер өнім береді деп күтілуде.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 254 рет