Дүйсенбі, 07 Қараша 2022 20:54

Сауран ауданы: бөлім басшыларының есептері тыңдалды

Сауран ауданы әкімдігі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Ғани Рысбековтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібіне сәйкес, 4 мәселе қаралды. Сонымен алғаш болып, Сауран ауданы бойынша жеке инвестиция көлемін арттыру мақсатында атқарылған жұмыстардың барысы туралы аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Б.Шәріпбеков баяндама жасады.

Баяндамашының мәлімдеуінше Сауран ауданының әлеуметтік – экономикалық дамуын бейнелейтін 59 индикатор мен 5 көрсеткіші кәсіпкерлік және туризм бөліміне қарасты. Соның ішінде негізгі капиталға салынған инвестициялар нысаналы индикаторына кіреді. 2022 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға 12,8 млрд. теңге инвестиция бағытталған. 2021 жылмен салыстырғанда 166,7%-ға артып отыр. Жыл басынан бері қаңтар-қыркүйек айларында жеке инвестициялар көлемі 8,0 млрд. теңгені құраса, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 37,5%-ға жоғары болып отырғанын жеткізді. Бөлім тарапынан көрсеткішке қол жеткізу үшін қазіргі уақытта ауылдық округ әкімдіктерімен аудандық ауылшарушылық, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімдері тарапынан бірқатар жобалар бойынша есеп тапсырған. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 2 қарашасына дейінгі 10 айлық көрсеткішімен ұлттық статистика бюросы департаментіне 2,7 млрд. теңге инвестиция тапсырғанын атап өтті.

Мәжілісте сонымен қатар, күн тәртібі бойынша аудан бюджетінің 1 қарашаға дейінгі атқарылуы туралы және 9 айдың қорытындысы мен әлеуметтік экономикалық даму мен нысаналы индикаторларының орындалуы туралы аудандық экономика бөлімінің басшысы И.Мирзахметов, Сауран ауданы бойынша әскери қызметке шақыру жұмыстарының барысы туралы Кентау қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы Н.Дүйсебаев, ауданда мүгедектігі бар адамдарға қол жетімді орта қалыптастыру, ғимараттарды бейімдеудің барысы туралы және жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы еңбек шарттарын порталға енгізу жұмыстарының барысы туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Д.Асылбек баяндама жасады.

Мәжіліс барысында аудан әкімі Ғ.Рысбеков күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, орын алған кемшіліктерге жол берген бірнеше бөлімдерге шара көру жөнінде нақты тапсырма берді.

Биыл наурыз айының 12-сі күні мемлекет басшысы Түркістан облысында жаңадан тағы бір аудан – Сауран ауданын құру туралы тиісті Жарлыққа қол қойған болатын. Сауран ауданының әкімшілік орталығы болып – Шорнақ ауылы таңдап алынды. Кентау қаласының құрамынан Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері шығарылып, Сауран ауданына өткенін білеміз. Жарлықтың толық мәтіні мынадай:

Түркістан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Түркістан облысының құрамында әкімшілік орталығы Шорнақ ауылында орналасатын Сауран ауданы әкімшілік-аумақтық бірлігі Кентау қаласының құрамынан Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтерін бөлу жолымен құрылсын.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтың 1-тармағын іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.

3. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев. Нұр-Сұлтан, Ақорда. 2021 жылғы 12 наурыз № 534.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

 

Оқылды 246 рет