Сейсенбі, 08 Қараша 2022 14:41

Сауран ауданында жол құрылысы жұмыстары қарқынды

Түркістан облысы, Сауран ауданында автожолдарға ағымдағы және орташа жөндеу, бағдаршам және жол белгілерін орнату, веложолдар, аяқжолдар мен суағарлар салу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы биыл 36 шақырымды құрайтын автожолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Негізінен аудан бойынша аудандық маңызы бар 119,3 шақырым автомобиль жолы бар. Оның 68 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал ауылішілік жолдардың жалпы ұзындығы 625 шақырымды құрайды. Оның ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар 403 шақырым.

Қазіргі таңда КХ-58 «КХ-84 Нұртас-Шорнақ-Бабайқорған» 27-31,2 км автомобиль жолын орташа жөндеу, жарықтандыру, аяқжол және суағар салу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ аудан аумағында орналасқан мектептердің алдына жасанды жол кедергілері мен жол белгілері орнатылуда.

Айта кетейік, 2023 жылы ауданға қарасты аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, сараптамалық қорытындысымен сметалық құжаттама әзірленуде.

Сауран ауданында жалпы ұзындығы 15 шақырымды құрайтын Ойық ауылы мен Ащысай ауылының арасындағы жол орташа жөндеуден өтті. Қазіргі таңда облыстық маңызы бар автомобиль жолы толық пайдалануға беріліп отыр. Жөндеу жұмыстары кезінде ескі асфальт қабаты алынып, екі қабат жаңа асфальт жабындысы төселген.

Жөндеу жұмыстарын Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен мердігер мекеме «Шымкентдорстрой» ПК» ЖШС жүргізген. Жүргізілген жұмыстардың сапасы техникалық қадағалаушы «Оңтүстік жолдары» және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» мекемелері тарапынан тұрақты бақылауда болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі республикалық және жергілікті жолдардың жағдайына қатысты мәселені назарынан тыс қалдырған емес. Мәселен, өткен жылы азаматтардың жол сапасына қатысты айтып жүрген сыны орынды екенін алға тартып, сапасыз жасалған жол жыл сайын жөндеуді қажет ететініне және бұған мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып жатқанына назар аударған болатын. Өткен айда Қарағанды жұртшылығымен кездеу барысында да Президент жол мәселесіне айрықша тоқталған еді. Иә, бүгінде республикадағы автомобиль жолдарының сапасы жүргізушілер тарапынан көптеген сыни пікір қалыптастырып отырғаны жасырын емес. Тіпті, жол саласын жалқаулар ғана сынамайды десек те болады. Дегенмен, салада өзгерістер де орын алып жатыр. Отандық автожолшылар да заман ағымына ілесіп, ең алдыңғы қатарлы әдістерді жол салу барысында қолдануға тырысуда. Мәселен, қазіргі уақытта автожол салу барысында асфальт-бетон қоспаларымен жобалаудың америкалық технологиясын енгізіп жатыр.

Сарапшылардың атап өтуінше, бүгінде Қазақстандағы жолдар кеңестік кезеңдегі құжаттарға (ГОСТ) негізделген нормативтер бойынша жобаланып, салынады. Бірақ уақыттың орнында тұрмайтынын және автожолдардың қызмет ету шарттары өзгеретінін, жүктеме артып, трафик пен жылдамдық режимі ұлғайып келе жатқанын түсінеміз. Саланың алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі жол жобалау мен салудың халықаралық стандарттарына көшу, өндіріс мәдениетін үнемі арттыру екенін жақсы білеміз.

«Қазақстанның автомобиль жолдарының сапасын арттыру мақсатында құрылымдық бөлімшелеріміз жұмыстар мен материалдардың сапасын бақылаумен ғана айналыспай, жол жобалау мен салу барысына жаңа технологияларды және тәсілдерді белсенді зерделеп, енгізіп жатыр», - деді Ұлттық жол активтері сапасы орталығы Ғылым және жаңа технологияларды енгізу департаментінің директоры Нұржан Досаев. Бұл бағыттағы жұмыстың жарқын мысалдарының бірі – Ұлттық жол активтері сапасы орталығы Қазақстанның озық университеті «Назарбаев Университетімен» бірлесіп, ең жақсы сипаттамалары бар асфальт-бетон қоспаларын жобалаудың америкалық технологиясын енгізу. Компания қызметкерлері Қазақстанға бейімделген осы технологияны енгізу автомобиль жолдарының сапасын жақсартуға мүмкіндік береді деп санайды.

«Superpave технологиясы сапаны, қызмет ету мерзімін арттыруға мүмкіндік береді және заманауи зертханалық жабдықты қолдана отырып, асфальт-бетон қоспаларының ұтымды таңдалған құрамының арқасында жұмыс істейді. Бұл жобалау жүйесі Еуропа мемлекеттерінде, сондай-ақ АҚШ, Канада, Қытай және Сауд Арабиясында сынақтан өтті», - деп түсіндіреді Нұржан Досаев.

Superpave әдісі шұңқыр, жолда жырықтардың пайда болуы, төмен температура кезіндегі жырықтардың қалыптасуы, жол төсемінің қалған деформацияларына төзімді деп сипатталады. Мысалы, асфальт нақты табиғи-климаттық жағдайларға, яғни елдің ыстық аймақтарында - жоғары температураға төзімді, суық аймақтарында – жарықшақтанудың төмен температурасына таңдалады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

 

Оқылды 205 рет