Бейсенбі, 17 Қараша 2022 12:28

ШЫМКЕНТ: ШАҺАР БАСШЫСЫ ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов түркиялық инвестор “Milat Hali” компаниясының директоры Искандер Капланды қабылдады. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар сөз болып, үшінші мегополис мүмкіндіктері жан-жақты айтылды.

Кездесу барысында аталған компания құрылтайшылары одан әрі ынтымақтастықты арттыру мақсатында Шымкентте кілем және кілем бұйымдарын өндіруді іске асыруға мүдделі екендіктерін жеткізді.

Инвестициялардың жоспарланған сомасы шаршы метріне 10 млн АҚШ доллары. Жоба жүзеге асқандв жаңадан 300 жұмыс орны ашылмақ.

“Шымкенттің әлеуеті өте жоғары. Шаһарға инвестиция салушылардың қатары күннен-күнге артып отырғаны бізді қуантады. Халыққа пайдалы болатын әрбір жобаны қашан да қолдауға дайынбыз”,-деді әкім.

Ал компания директоры Искендер Каплан өндірістің қала экономикасындағы экспорт үлесін арттыруға септігін тигізе отырып, жергілікті халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуына басымдық беретінін атап өтті.  Айта кетейік, Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 492,3 млрд. теңгеден 785,4 млрд. теңгеге ұлғайып, 1,5 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылған. Биыл қалаға жарты триллионнан астам инвестиция тарту жоспарланған. Инвестиция тарту бойынша Шымкент 2021 жылдан бері елімізде көш бастап келеді. Естеріңізде болса жақында ғана Шымкент қаласының әкімі түркиялық «Coca-Cola İçecek» компаниясының Алматы қаласындағы директоры Мустафа Белтекинмен кездескен болатын. Үшінші мегаполис мүмкіншіліктерін атап өткен шаһар басшысы компания өкіліне Шымкенттен осы сусындарды өндіретін арнайы өндіріс орнын ашу үшін барлық жағдайдың бар екендігін айтып, Шымкенттің салалық мүмкіншіліктеріне тоқталды. Ал «Coca-Cola İçecek» компаниясының өкілі әкімдік тарапынан арнайы жер телімі және инфрақұрылыммен қамтылу жағынан қолдау болса, инвестиция құюға әзір екендіктерін жеткізген еді.

Оқылды 139 рет