Сенбі, 29 Қазан 2022 19:39

Отырарда «Алтын күз – 2022» жәрмеңкесі өтті

Бүгін Отырар ауданында киелі өңірдің шаруалары мен диқандарына арналған «Алтын күз-2022» атты салтанатты жиыны болып өтті. Аталған шара ерте көктемнен қара күзге дейін талмай еңбек еткен шаруалардың жыл қорытындысы десек те болады.

Дана халқымызда «Еңбек еткеннің еңсесі биік» деген тағылымды сөз бар. Күз маусымы ала жаздай еңбек еткен шаруалардың мерейі тасып, абыройы асқақтайтын кезең. Жүгері егуден Кеңес заманында республикамызда үздік деп танылып, даңқы асқақтаған Отырар ауданының диқандары биыл да жүгеріден мол өнім жинады. Су тапшылығына қарамастан ел ырысын ысырапсыз жинап алған еңбеккерлер ел қамбасын алтын дәнге толтырды.

Жәрмеңкеде 18-ге жуық техника, ауыл шаруашылығының өнімдері қойылып, нарықтағы бағадан төмен бағада ұсынылды. Жиын аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары мен мың бұралған бишілердің өнерімен ашылды. Сахнада алғаш сөз алған аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов:

-Көктем шыға кетпенін күнге сүйдіріп еңбектенген шаруалар ала жаздай алқабын баптап, қара күзде жиын - терім уақытында жылдық азығын еселеп, еңсеріп алды. Бұл еңбеккерлер үшін – молшылық айы болып саналады. Биылғы су тапшылығына қарамастан ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері мол. Ауданымыздың ауыл шаруашылығын дамытуға атсалысып, ала жаздай тер төгіп, мол өнім жинаған шаруаларға құт-береке тілеймін! Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын!,- деп, ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде аудан шаруалары жоғары жетістікке жеткенін ерекше атап өтіп, еңбек адамдарына деген ыстық ықыласын білдірді.

Мұнан соң Сәкен Асылханұлы жүгері, жоңышқа, бақша өнімдері, бал өнімдері мен жеміс-жидек өсіруде биіктен көрінген жекелеген диқандар мен омарташыларды Алғыс хаттармен марапаттап, сый-сияпаттар тапсырды. Сондай-ақ ауданымыздағы агроөнеркәсіп кешенін дамытуда үздік болып, ауыл шаруашылығын дамытуға мол үлес қосқаны үшін Балтакөл ауыл окргугінің әкімі Сейтхан Ателов, Талапты ауыл окргугінің әкімі Сұлтанмахмут Одаман және Ақтөбе ауыл округінің әкімі Исахан Тайгалтірлер алғыс хатпен марапатталды. Салтанатты жиынды аудан өнерпаздары әсем әнмен қорытындылап, жиналған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, былтыр да отырарлық шаруалар тынбай жұмыс істеп, ауданның ауыл шаруашылығы саласы үшін жемісті жыл болған-тын. Жыл басында 33 475 гектар аумаққа егіс егу жоспарланса, жоспар 1362 гектаржерге артығымен орындалып, 104,0 пайызды құраған-ды. Оның ішінде 11 000 гектар алқапқа Отырардың брендіне айналған жүгері дақылы егілді. Жалпы аудан бойынша былтыр 9 айдың қорытындысымен 23 млрд.теңгенің  ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 101,3 пайызды құрады. Аталған жетістіктердің барлығы аудан дихандарының қажырлы еңбегінің нәтижесі екенінде ешкімнің дауы жоқ.

Қазіргі таңда еліміздің барлық аймақтарында «Алтын күз» тақырыбында түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылуда. Баршамызға белгілі, күз маусымында Жер ананың адам баласына ұсынар мол ырыс-несібесі диқандардың таңның атысы, күннің батысы тынбай еңбек етуінің арқасында қамбаға құйылады. Сондықтан да астық пісіп, оны шашпай-төкпей жинап алу ісі дәл осы күз айларында жүзеге асырылатындықтан, осы маусымға халқымыз «Алтын күз» деп айдар таққан. Бұл мезгілде халық несібесі, ел ырзығы ғана жиналып қоймайды, сондай-ақ оның осы кезеңде ұрпақты еңбекке, отансүйгіштікке баулу, табиғатты тану, Жер ананың қасиетін білу және басқа да игі істер негізінде тәрбиелеу ісінде орны айқындала түседі.

 

 

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 187 рет