Сәрсенбі, 01 Ақпан 2023 21:20

ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫМЕН 2,5 ПАЙЫЗДЫҚ НЕСИЕ БЕРІЛЕДІ

 

Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген «Ауыл аманаты» жобасымен таныстыру мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы аудан әкімдерінің орынбасарлары, кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің басшылары және мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесті.

Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту.

Пилоттық жобаны іске асыру үшін Түркістан облысына республикалық бюджеттен 11 млрд теңге қаржы бөлінбек. Ол облыстағы 16 ауданның 32 ауылдық округіне қарастырылған. Аталған жоба қазіргі таңда Жамбыл және Ақтөбе облыстарында іске асқан.

- «Ауыл аманаты» сынды жобалар арқылы біз ауыл халқының табысын арттырамыз. Қай аймақта қандай дақылдарды өсіруге қолайлы екенін анықтап, сол бағытқа тиісті қаржыны бағыттаймыз. Жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсібін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады. Сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін. Несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, - деді облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы.

Айта кетейік, жергілікті «Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарына» барып жуырда іске қосылатын жоба жайлы толық ақпарат алуға болады.

Тілге тиек етейік, 2022 жылы «AMANAT» партиясы 250 мыңнан астам ауыл тұрғынын «Ауыл аманаты» жобасымен таныстырды. Арнайы құрылған мобильді топтар елдегі барлық өңірді аралап шықты. Жоба аясында ауыл тұрғындары өз бизнесін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті ақпарат пен түрлі мүмкіндік алды. Осы ретте аталған жобаның негізгі мақсаты – басты шарттарымен тағы да бір таныстыру  және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың сәуір айында шенеуніктер халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасын бекітті. Осы құжат аясында «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесіп, «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы 2023 жылы толық іске қосылады деп жоспарланды. Соған қарамастан мобильді топ өкілдері ауылдықтарды жобамен мүмкіндігінше кеңінен таныстыру үшін елдің барлық аймақтарын аралап шықты. Оның ішінде ең шалғай ауылдардың тұрғындары да қамтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына Жолдауында ауыл кооперациясы аграрлық саланы дамытуға жол ашатынын айтқан болатын.

«Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал  мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет», – деген болатын Президент өз Жолдауында.

 

 

Оқылды 1288 рет