Сенбі, 13 Мамыр 2023 17:43

Шымкенттегі «Тассай» индустриалды аймағында жаңа жұмыс орны ашылады

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар индустриалық аймақтарды аралап, кәсіпорындардың жұмыстарымен танысты.

Қазір «Тассай» индустриялық аймағында 24 жоба іске қосылып, онда 1,8 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды. Жалпы аймақ іске қосылғалы мұндағы кәсіпорындардан бюджетке 8,2 млрд. теңге салық төленген. Бизнес өкілдерімен кездесіп, өзекті мәселелерін тыңдаған М.Дүйсенбекұлы туындаған проблемалардың оңтайлы шешу жолдарын қарастырды.

«Аймақты инженерлік-инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының екінші кезеңін жыл соңына дейін аяқтау қажет. Оған дейін кәсіпорындардың уақытша электр қуатымен қамтылуын ұйымдастырыңыздар. Инвесторларға берілген жер телімдерінің тиімді пайдаланылуын қадағалауға алыңыздар» - деді қала әкімі.

Жыл соңына дейін мұнда 7 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жобалар 200 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы.

Қала әкімі жауаптыларға кәсіпорындардың қуаттылығына сай жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдай жасап, абаттандыру, көріктендіру жұмыстарын бақылауға алуды тапсырды.

Айта кетейік, Шымкентте бүгінде 5 индустриалды аймақ 867 гектар аумақты алып жатыр. Онда 350-ге жуық жоба жүзеге асырылып, бүгінде индустриалды аймақтардың толымдылығы 90 пайыздан асты. Сондықтан жалпы ауданы 860 гектарды құрайтын тағы 5 индустриалды аймақ салынып жатыр. Бұл жайында «SHYMKENT INVESTMENT — 2023» өңіраралық инвестициялық форумында қала әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеген болатын.

Айта кетейік, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала атанған түста 194 млрд теңге инвестиция тартылса, былтыр инвестиция көлемі 560 млрд теңгені құраған. Мамандар жыл соңына дейін 750 млрд теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Шымкент қаласында өнеркәсіпті дамыту және халықты тұрақты жұмыспен қамту мақсатында жаңадан 3 өнеркәсіп алаңы құрылып, тағы 2-еуінің аумағы кеңейтіледі.

 

Оқылды 428 рет