«ОҚО әкіміне жақын жүрген бір «пысық» жігіт ішкі саясат басқармасының басшысы болудан дәмелі» дейді ұзынқұлақ. Соңғы кездері «ақырғы айламды пайдалансам да Болатбек Төлегеннің орнын қалайда аламын» деп, астыртын әрекеттерге көше бастаған көрінеді.
Әйтсе де, бұл пысық кезінде Шымкентте сәлафилік бағытта білім беріп келген деп табылып, соның кесірінен жабылып тынған Қазақ-Кувейт университетінің түлегі екенін бір адам білсе, бір адам білмейтін болуы мүмкін. «ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевтың да қаншалықты бұдан хабарының бар-жоғы белгісіз. Алайда, ғайыптан тайып, ОҚО-дай үлкен облыстың былайша айтқанда идеологиялық орталығы болып табылатын ішкі саясат басқармасын сәлафилік іліммен қамтылған оқулықтар оқытылып, Иордания, Тунис, Египет және Мароккодан келген діни миссионерлер білім, тәлім берген университеттің "мүриді" басқаратын болса, күнгейліктерге түгел сақал өсіртіп, еркектеріне қос-қостан тоқал алдыртып, әкімдіктің ішін мешіт қып жібермей ме? Сақал-сақал діндерден құтыла алмай жүргенде тағы бір пәлеге тап келмейміз бе?» дейді әлгі ұзынқұлақ. Қарап тұрсаң, уайымы негізсіз емес сияқты.
Енді Қазақ-Кувейт университеті мен оның сәлафилік ағымға қандай қатысы бар екендігіне қысқаша тоқтап өтсек. www.e-islam.kz сайтының жазуынша, елімізде сәлафилік діни сенімді ең алғаш болып насихаттаған «Әлеуметтік реформалар қоғамы» болып табылады екен. Бұл қайырымдылық қор 1952 жылы Кувейтте құрылған. Аталмыш ұйым өз жарғысында басты мақсаты ретінде – исламдық білім мен тәлім-тәрбие және әлеуметтік көмек көрсетуді негізге алатынын атап өткен. Бұл ұйым Қазақтанда тоқсаныншы жылдары жұмыс істей бастайды. Оңтүстік Қазақстан облысының әділет басқармасында 1998 жылы ресми тіркелген. Қайырымдылық қор 1999 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің №268 қаулысымен Қазақ-Кувейт университетін ашуға лицензия алады. Бастапқыда университет «0215 – араб тілі және әдебиеті», сондай-ақ «0218 – дінтану» мамандығы бойынша студенттерді дайындайды. Бұл оқу орнының шетелдік оқытушылар құрамына осы қор арқылы Иордания, Тунис, Египет және Мароккодан діни миссионерлер тартылған.
Қазақ-Кувейт университетінің оқу бағдарламасы негізінен Сауд Арабиясының баспаларынан шыққан сәлафилік іліммен қамтылған діни оқулықтармен жабдықталған болып шығады. «Әлеуметтік реформалар қоғамы» коммерциялық мақсатты емес, негізінен сәлафилік ілімді насихаттау үшін құрылғандықтан университетте ақысыз тегін білім беріп келіпті.
«Әлеуметтік реформалар қоғамы» қоры қайырымдылық шара ретінде жетім немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан 150-ден астам жасөспірім қыздарға арнап «Мерси» қыздар-пансионатын да ашты.
Білім және ғылым министрлігінің 2004 жылы жүргізген тексеру шараларының нәтижесінде бұл қайырымдылық қордың прозелетистік насихат жүргізгені анықталады. Оқу орындарында мемлекеттің конституциялық құрылымын бұзуға бағытталған идеялар насихатталғандығы әшкереленді. Осыған орай, Шымкент қаласының ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты 2004 жылы қайырымдылық қордың Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салыпты. Ал 2005 жылдың 15 наурыз айында қабылданған Жоғары Соттың шешіміне сәйкес «Әлеуметтік реформалар қоғамы» қайырымдылық қоры зайырлы үкіметке қарсы бағытталған, әлеуметтік бағдарламаларды бүркену арқылы жұмыс жасайтын террористік ұйым деп танылған.