Сенбі, 22 Шілде 2023 10:35

ШЫМКЕНТТЕ 27 МЫҢҒА ЖУЫҚ БАЛА 1 СЫНЫПҚА БАРАДЫ

Егер балаңыз биыл алтыға толса, онда мектепке баруға асығыңыз. 1-ші тамызға дейін санаулы күндер қалды. Биылғы оқу жылында 27 000 шымкенттік бала алғаш мектеп табалдырығын аттайды деп күтілуде.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің мәлімдеуінше 1-ші тамызда бірінші сыныпқа құжат қабылдау аяқталады.

Айта кету керек, баланың жасы 1 қыркүйек айы жағдайына толық 6 жасқа толған болса, барлық балалар қабылданады. Ал жасы толық 6-ға толмаған балалардың, олардың жасы үстіміздегі жылы 1 қыркүйектен кейін толатын болса, тек ата-аналары немесе басқа заңды тұлғалары қалаған жағдайда мектепке бару мүмкіншіліктері бар.

Құжаттарды қабылдау және балаларды мектепке қабылдау электрондық үкіметтің еgov.kz веб-порталы және жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері арқылы автоматтандырылған. Міндетті түрде ата-анасының өтініші, баланың денсаулық жағдайы туралы анықтама, №065у нысан, баланың денсаулық паспорты 026 / у-3, өлшемі 3х4 см баланың 2 дана суреті керек.

Шымкент қаласы білім басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, құжат тапсырушы офлайн қызметін пайдаланғысы келсе, таңдаған мектепке дүйсенбі мен жұма аралығында бару керек. Ол кезде жоғарыдағы құжаттармен қатар, жеке куәлігіңіз өзіңізбен бірге болсын.

Айта кетейік, бірінші сыныпқа құжат қабылдау бірінші сәуірде басталған. Осы төрт ай ішінде елімізде 350 453 өтініш түскен. 71,2 пайыз өтініш иелері балаларын қазақ мектебіне беруді ұйғарыпты. Алдын-ала болжам бойынша 410 мың бала мектеп табалдырығын аттаса, оның 27000-ы Шымкент қаласынан.

Осы күнге дейін жеткен ақпарат бойынша 2023-2024 оқу жылына Шымкент қаласында 25 403 өтініш түскен, яғни 94 пайыз орындалған. Олардың 82,7 пайызы қазақ тілді мектеп таңдаған.

Бірінші сыныпқа 2021-2022 оқу жылында – 25 005 бала, 2022-2023 оқу жылында – 26781 бала қолына қалам ұстаған.

 

Оқылды 298 рет