Жұма, 01 Қыркүйек 2023 17:51

ШЫМКЕНТ: 27 МЫҢНАН АСТАМ ОҚУШЫ МЕКТЕП ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАДЫ

Білім күні шын мәнінде барша халықтың дәстүрлі мерекесіне айналды.

Бүгін еліміздегі барлық білім ордасы оқушылар мен студенттерге есігін айқара ашты. Соның ішінде Шымкентте 27 мыңнан астам оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, бірінші сыныпқа баратын оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Мәселен 2021-2022 оқу жылында 1 сыныпқа қабылданған оқушылар – 25 005 болса, 2022-2023 жылы –26781, ал биылғы оқу жылында – 26 969 оқушы қабылдау жоспарланғанымен оқушы саны жылдағыдай тағы да артқан. Шымкентте 1 қыркүйектен бастап 246 орта білім беретін мектепте 232 788 оқушы білім алады. Шаһарда мектептерде 20 184 пегагог жұмыс істейді.

Ресми ақпараттарға сүйенсек, елімізде 7 700 білім беру ұйымында 3 млн 900 мың бала білім алады, олардың 382 мыңы мектеп табалдырығын алғаш аттайды. Қазақстан мектептерінде 340 676 педагог жұмыс істейді. Оның ішінде еңбек өтілі 10 жылға толмаған 147 402 мұғалім, 20 жылға жуықтаған 88 393, 20 жылдан асқан 104 881 педагог бар Жыл сайын әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көмек көрсетіледі. Биыл 460 мың бала үшін 65,8 млрд теңге қарастырылған. Президенттің 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету туралы тапсырмасы биылғы оқу жылында толыққанды орындалмақ. Өңір әкімдіктері оған қажетті қаржыны бөліп қойған. Соның нәтижесінде 1 қыркүйектен бастап 1 млн 400 мың бастауыш сынып оқушысы тегін тамақтанады.

Айта кетсек, Мемлекет басшысының қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде қалада 2025 жылға дейін 18 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 12-нің құрылысы басталды.  Шаһар  көлемінде биылдың өзінде 18 500 орындық 18 мектеп пайдалануға тапсырылуда. Биыл Шымкентте  үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді. Жаңа оқу жылында 600 орындық жаңа білім ғимараттары пайдалануға берілді. ҰБТ қорытындысы бойынша түлектердің 85 пайызы мемлекеттік грантқа ие болды. Жаңа оқу жылында қалада 28 мыңнан астам бала 1-сынып табылдырығын аттап отыр.

Оқылды 244 рет