Жұма, 01 Қыркүйек 2023 21:08

ШЫМКЕНТТЕ 260 – ҚА ЖУЫҚ МЕКТЕПТЕ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

Жаңа оқу жылында 28 048 бала 1-сыныпқа қабылданып, мектеп табалдырығын аттады. Қаладағы №65 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-гимназияда 1 қыркүйек – Білім күніне арналған алғашқы қоңырау мерекелік іс-шарасы өткізілді. Салтанатты жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов арнайы қатысып, құттықтау сөзін сөйледі.

Баршаңызды «Білім күні!» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін біз осы мектепке тұңғыш рет қадам басатын 250 бүлдіршінге арналған шараға жиналып отырмыз. Бұл естен кетпейтін ерекше сәт болары белгілі. Сіздермен бөлісер жағымды жаңалығымыз бар. Осы мектепке 600 орындық жаңа ғимарат салынды. 24 оқу кабинеті, 260 орындық асхана, спорт залы, футбол және баскетбол алаңдары, информатика мен ағылшын лингафон кабинеттері, заманауи кітапхана қосымша қолданысқа берілді. Енді бұл мектептке 1000 оқушы білім алатын болады. Еске салсам, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының бастамасымен өткен спорттық жарыста жүлделі орындарды иеленді. Футбол сайысынан І орын, шахматтан ІІ орын, ал баскетболдан ІІІ орын иегері атанды. 20 миллион теңге сертификатын алып, оқушылар мектепке автобус сыйлады. Құрметті оқушылар! Өздеріңіздей өрелі ұрпағы барда еліміздің мәртебесі биік, айбыны асқақ боларына күмән жоқ. Тағы да баршаңызды мерекемен құттықтай келе, жаңа оқу жылы жетістіктерге толы жыл болсын. Ұстаздардың игі қызметтеріне табыс тілеймін, - деді Қуаныш Жұмабекұлы.

Ал, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытылатын мамандандырылған №8 гимназияда болып, оқушылардың қуанышымен бөлісті. Ол салтанатты шарада 148 жылдық тарихы бар білім ордасының тарихына үңіліп, мектептің жаңа ғимаратының тұсаукесер рәсіміне қатысты. 1100 орындық мектеп ғимараты заманау үлгіге сәйкес салынған. Білім ұясы 2022-2023 оқу жылында республикалық ең үздік олимпиадалық мектебі мәртебесіне ие болды. Гимназияның баскетбол құрамасы үш жыл қатарынан «Шымкент Жастар лигасының» жеңімпазы атанған.

Жалпы қала көлемінде 2025 жылға дейін 54 мектеп салу жоспарда бар. Биылдың өзінде 18 500 орынға арналған 18 мектеп пайдалануға тапсырылуда. Нәтижесінде үш ауысымда оқитын 4 мектептің мәселесі толығымен шешілді. 2023 жылға 9 мекеменің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 18 мектептің құрылысын аяқтау көзделген. Оның ішінде 12 білім беру нысанының құрылысы басталып, қарқынды жүргізілуде.

Балалардың сапалы біліммен қамтылуы үшін жан-жақты шаралар атқарылып жатыр. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарына 100% арнайы талаптарға сәйкестендірілген бейнебақылау жүйелері, турникеттер, дабыл батырмалары орнатылып, Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылды. Сондай-ақ І-дәрежелі мамандандырылған күзетпен келісім-шарт түзілді.

 

Оқылды 319 рет