Осы тұста Мақтаарал ауданында 200 балаға арналған 4 мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар Жайлы мектеп ұлттық жобасымен тағы 5 мектеп салынуда.
Таяуда Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков аудандағы құрылысы жүріп жатқан мектептерді аралау барысында анықталған бірқатар кемшіліктер бойынша мердігер мекемелердің басшыларына сын ескертулер берді. Құрылысы жүріп жатқан мектептердің сапалы болуы басты назарда.
Аталған мектептерде пәндік кабинеттер оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен толықтай жабдықталады деп күтілуде. Сондай-ақ онда оқушылардың сапалы білімге қанық болып өсуі мен жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға толықтай жағдай жасалады.
Жалпы, Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 49 мың оқушыны қамтитын 63 мектеп салынады. Оның 29-ының құрылысы биыл басталып, 2024 жылы аяқталады. Ал қалған 34 мектептің құрылысы 2024 жылы басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен салынатын бұл білім ұялары өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін түбегейлі шешуге серпін береді.
Аталған ауқымды құрылысқа байланысты облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ұлттық жобаны жүзеге асыру жөніндегі алгоритм әзірленді. Алгоритмге сәйкес облыс көлемінде арнайы жұмыс тобы құрылып, құрамына облыс әкімінің орынбасарлары, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері, басқарма басшылары, депутаттар, білім саласы және инфрақұрылымға қатысты мекеме өкілдері енгізілді. Жұмысшы топтың отырысы айына кемінде 1 рет өткізіліп, өзекті мәселелер талқыланып жатыр. Әрбір білім ұясының құрылысы қатаң бақылауға алынады. Инфрақұрылымы, инженерлік жүйелері, жері, суы мен газы, электр жүйесі, жалпы әрбір өзекті мәселесін шешу жолдары жоспарланып, нақты жұмыс жүріп жатыр.
Оқушылардың саны зерделеніп, қауіпсіздігі де басты назарға алынған. Сонымен бірге мектептердің жобасы, қолданылатын құрылыс материалдары мен жиһаздары бойынша да ортақ стандарт қабылданған. Ол мердігерлерге ұсынылды.Жүйелі әрі жедел жұмыс нәтижесінде 2023 жылы құрылысы жоспарланған 29 мектептің 19-ының жер телімдері бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігер мен жобалаушы мекемелері анықталды. Ал қалған 10 мектеп бойынша «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы тарапынан сатып алу конкурсының ашылуы өткізілуде.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы алдымен Мемлекет басшысының Жолдауында айтылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» делінген Жолдауда.
«Жайлы мектептің» айырмашылығы неде?Біріншіден, мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған. Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады.
Спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазір 1200 орындық мектептерде тек бір ғана спорт зал бар. Ал таңғы сағат 8-ден кешке дейін денешынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады. Сондай-ақ мұғалімдерге де жағдайлар жасалады.
Екіншіден, құрылыс толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындаса, ал қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.
Үшіншіден, мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.
Төртіншіден, ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешілуі керек.
Бесіншіден, жайлы мектептер салуда ашықтық барынша сақталуға тиіс. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады. Мектептерді салу, оларды қаржыландыру, күтіп ұстау, кадрларды іріктеу мәселелері заңнамалық тұрғыда әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл ұлттық жоба әкімдердің дербес жауапкершілігін бекітуді көздейді, яғни «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру 842 мың жаңа жайлы орын құруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өңірлер, қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»