Дүйсенбі, 09 Қазан 2023 21:43

Сауран ауданында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 5 мектеп салынбақ

Сауран ауданында білім саласына қатысты жаңалықтар аз емес. Атқарылып жатқан шаруалар көп. Сауран ауданы бойынша бастауыш және жалпы орта білім беретін 52 күндізгі мектеп  жұмыс атқаруда. Ондағы балалар саны – 23 мың 963 бала. (оның ішінде 11 жекеменшік мектеп) 2023 жылы Шорнақ ауыл округі, Қосмезгіл елді мекенінде 300 орындық мектептің құрылысы аяқталды.

Сонымен қатар, 2023 жылы күрделі жөндеу жұмыстарына М.Мұса, Ж.Тәшенев, Амангелді мектептерінің жобалау сметалық құжаттары аяқталып, облыстық басқарамаға қаржы сұралды. Қосымша күрделі жөндеу жұмыстарына 3 мектептің жобалық сметалық құжаттары әзірленді.

Сауран ауданы бойынша «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасына 5 мектеп енген. Атап айтқанда:

- Аша елді мекенінде 600 орындық мектеп;

- Ынталы елді мекенінде 600 орындық мектеп;

- Құмтиын елді мекенінде 600 орындық мектеп;

- Еңбекші Дихан елді мекенінде 600 орындық мектеп;

- С.Қожанов елді мекенінде 300 орындық мектеп;

Бүгінгі күнге С.Қожанов, Еңбекші Дихан, Аша елді мекендерінде жайлы мектептердің құрылыстары басталды, 2024 жылы пайдалануға беріледі. Ынталы, Құмтүйін елді мекендеріндегі жайлы мектеп құрылысы 2024 жылы бастау алады. Ауданда 12 мектепте тасымал ұйымдастырылған. 1 347 баланы 2023 жылы мектеп балансындағы 11 автобус және 1 автобус (Ұлықбек жом) жеке мердігер арқылы тасымалданады. 2023 жылы 6 мектепке 6 автобус сатып алынды. (Бабайқорған-20 орын, Қазыбек би-20 орын, М.Қазыбеков-20 орын, Ә.Моладғұлова-20 орын, А.Югнаки-20 орын, Әл-Фараби-38 орындық)

Ағымдағы жылдың қорытындысымен Сауран ауданы бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі 41 бірлікті құрады.  Соңғы 3 жылмен салыстырғанда балабақша саны 1 балабақшаға өскен. Оның ішінде жекеменшік балабақшалар үлесі – 68,2 құрайды. (28 балабақша) 41 мектепке дейінгі ұйымға 2-6 жас аралығындағы – 4 847 бала қамтылып 97%, 3-6 жас аралығындағы – 3 972 бала қамтылып, көрсеткіші 99%-ға жеткен.

Аудан әкімінің айтуынша, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша ауданда 7 мектептің құрылысына арнайы жер орындары белгіленіп, құжаттары рәсімделген. 2023-2024 жылдар аралығында С.Қожанов елдімекенінде 300 орындық, Еңбекші дихан мен Қарашық елдімекендерінде 600 орындық, Аша, Ынталы және Құмтүйін елдімекендерінде 900 орындық, ал Ескі Иқан елдімекенінде 2 000 орындық мектептің құрылысы басталып, ел игілігіне тапсырылмақ.

Қисыны келгенде атап өтер жайт, ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Жайлы мектеп» жалпыұлттық жобасының жүзеге асуы — Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында. Ұлттық жобаның негізгі шарттары мақұлданғанын айтқан облыс әкімі салаға жауапты басшыларға құрылысы 2023 жылы басталатын мектептер бойынша мәселелерді жедел шешуді тапсырды. Сондай-ақ ол мектептерді сапалы жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіп, оқу процесін цифрландыруға қажетті шараларды шұғыл жүзеге асыруға назар аударды.

Жалпыұлттық жоба аясында жаңа форматтағы мектептер салу жоспарланған. Әзірге 62 мектеп салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның жартысы келер жылы салынады. Жер бөлу мәселесі шешілген. Жаңа үлгідегі мектептер салу үшін жер телімдерін бөлу, инженерлік жүйелерін жүргізу, педагогтермен қамту және уақытында құрылысын аяқтау сынды тапсырмалар міндеттелді. Осы арқылы үш ауысымды, апатты, ескірген мектептер санын жою көзделген.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын айтқаны белгілі. Бұл – ерекше жоба. Бағыт – айқын. Заманауи мектептердің құрылысын барынша тездету үшін жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым мәселесі толық шешілуі тиіс. Бұл жоба білім сапасын арттыруға мол мүмкіндік береді. Жайлы мектептерде балаларға барынша қолайлы жағдай жасалады. Өңірде демографиялық өсім жоғары. Сондықтан өскелең ұрпақты сапалы біліммен қамту аса маңызды, – дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында осы мақсатта 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи құрылғылармен толық жабдықталады. Зертханалармен қамтамасыз етіледі. Бастауыш сыныптарына арналған жеке блог болады. Мақсат – оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру.

Аталған мектептердің құрылыс жұмыстарына беделді әрі бәсекеге қабілетті компаниялар тартылады. Сонымен бірге жұмыс барысы қатаң қадағаланады. Ол іске аса білікті техникалық қадағалаушылар шақырылмақ. Сондай-ақ бұл мектептер халық көп шоғырланған аумақтарда орналасады. Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынатын мектептерді салуға дайындықты пысықтауды, осыған қатысты әрбір жұмысты жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 178 рет