Кездесуге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, өңірдің зиялы қауым өкілдері мен кітапханашылары қатысты. Жиынға Облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әділ Қонысбеков модераторлық етті. «Бес жылдыққа – бес әдеби сапар» іс-шарасының аясында Тараз, Алматы, Қызылорда, Астана және Шымкент қалаларына әдеби сапар жасалды. Сапар аясында зиялы қауым өкілдерімен кездесу ұйымдастырылып, кітап көрмесі өткізіліп, концерттік бағдарлама қойылды. Аталған іс-шара аясында «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясы қолған алынған болатын. Акцияның мақсаты – өңірдегі ауыл кітапханаларының қорын толықтыру.
Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясы аясында жиналған 26 мың кітапты аудандық кітапханашыларға сыйға тартты. Әр ауданға орта есеппен 1300-ден астам кітаптан үлестірілді.Аталған акцияға өлкемізден шыққан зиялы қауым өкілдері, депутаттар, журналистер, қаламгерлер, ҚР Ұлттық архиві мен ҚР Ұлттық академиясы, Португалия, Үндістан, Өзбекстан, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан елдердерінің елшіліктері, Қазақстан жазушылар одағы, Түркі академиясы ұжымы, «Дәулеттен» қайырымдылық қоры, Ғылым ордасы үлес қосты. ҚР Ұлттық кітапханасы – 7000, Жамбыл облыстық Ш.Уалиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы – 1000, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы – 4000, Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы – 4000, Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы 2000 кітап тапсырды.
Түркістан жұртшылығы жанашырларға ризашылықтарын білдіруде. Кездесудің екінші бөлімі облыс әкімі орынбасарының өңір кітапханашыларымен кездесуімен жалғасты. Жиында кітапханалардың бүгінгі жай-күйі, оқырмандарды тарту, кітапханалардың материалды-техникалық базасы туралы өзекті мәселелер көтерілді. «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова кітапханаға келушілер саны артқанын мәлімдеп, «Бес жылдыққа – бес әдеби сапар» жобасының қорытындысы жайлы баяндады. Түлкібас аудандық кітапханасының директоры Қамар Мекембайқызы аудандық кітапханалардын жағдайына тоқталса, саурандық кітапханашы Гауһар Ағыбайқызы апаттық жағдайдағы кітапханалар жайын қозғады.
Түркістан облысында 396 кітапхана бар. 2023 жылдың І жартыжылдығында облысқа қарасты кітапханалардың кітап қоры 6 млн. 85 мыңнан асты. Өңірдегі 396 кітапхананың 54-і ғана жеке ғимаратта орналасқан. 153-і мәдениет үйлерінен қоныс тепкен. Апатты жағдайдағы және күрделі жөндеуді талап ететін 13 кітапхана бар. Интернетпен қамтылмаған кітапханалар де тіркелген. Облыс әкімінің орынбасары осы мәселелерді шешу бағытында жұмыс жүретінін жеткізді.
Сондай-а, таяуда ғана «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясы аясында ұйымдастырылған «Бес жылдыққа — бес әдеби сапар» жобасының қорытындысы бойынша брифинг өткізілді. Облыс әкімдігінің қолдауымен және облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен қолға алынған рухани-мәдени шара сәуір айында бастау алған болатын. Брифинг барысында Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары м.а. Мұқағали Кенжетайұлы әдеби сапардың маңыздылығына тоқталды.
«Әдеби сапар аясында Түркістан облысының руханият, әдебиет және мәдениет саласындағы маңызды жаңалықтармен бөлісу және өңір тарихымен өзге облыс тұрғындарын жете таныстыру басты назарда болды. Алғашқы сапарымыз Жамбыл облысы Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасынан бастау алып, Алматы, Астана, Қызылорда және Шымкент қалаларында жоғары деңгейдегі қаламгерлер кездесуімен жалғасты. Түркістан облысынан сапарға арнайы ақын-жазушылар, қаламгерлер мен журналистер және кітапханашылардан құралған делегация мүшелері барды. Әзірге сапар бес өңірде өтті, алдағы уақытта басқа аймақтарда да жалғастыру жоспарда бар», — деді Мұқағали Кенжетайұлы.
Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекованың мәлімдеуінше, «Бес жылдыққа — бес әдеби сапар» жобасы аясында 19 мың кітап тарту етілген. Ал «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» және «Кітап Travel — 2023» акцияларын қосқанда жалпы 26 мың кітап жиналып үлгерген. Түпкі идеясы кітап оқуға бағытталған акциялар жыл соңына дейін жалғасады.
«Осы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл жұртына ерекше көңіл бөлу керектігін атап өтті. Бұл орайда, Түркістан облысының 80 пайызы — ауыл тұрғындары. Жыл басында облыс әкімінің орынбасары Бейсен Дәулетұлы ауыл тұрғындарына көңіл бөлу мақсатында 20 мың кітап сыйға тарту туралы бастама көтерген болатын. Әдеби сапар аясында жас ұрпақтың келешегін ойлаған азаматтар өздерінің оқыған кітаптарын басқалардың оқуы үшін бізге арнайы келіп тарту етіп, өз үлестерін қосты. Жоба шеңберінде Жамбыл облысы – 1000 кітап, Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасы – 7000, Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы – 4000, Қызылорда облыстық кітапханасы – 4000, Шымкент қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы – 2000 кітап сыйға тартты. Сонымен қатар, Алматыдағы «Ғылым ордасына» қарасты ғылыми-зерттеу институттары 4000 кітап тарту етті», — деді Жанат Сәдібекқызы.
Бұдан бөлек, «Кітап Travel — 2023» акциясы аясында өңірдегі оқырмандар мен қаламгерлер тарапынан 4000 кітап жиналды. Жоспарға сәйкес, барлық кітаптар өңірдегі 17 аудан-қалаға оқу үшін бөліп беріледі. Брифингте Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, ақын Айдар Сейдәзім әдеби сапардың алдағы уақытта еліміздің батыс өңірлерінде жалғасуы үшін ұсыныс жасалғанын айтып өтті. Еске сала кетсек, Түркістандағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы елімізде теңдесі жоқ, көпфункционалды кітапхана болып саналады. 480 мың кітап сақтауға арналған қор сақтау бөлімінде қазіргі таңда 256 мыңға жуық кітап бар.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат