Сәрсенбі, 11 Қазан 2023 13:40

Сауран ауданы: білім және денсаулық сақтау салалаларының өзекті мәселелері қаралды

Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында ауданның апталық жиналысы болып өтті. Мәжілісті аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев ашып, жүргізіп отырды. Жиналысқа аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Атап өтсек, білім және денсаулық салаларының өзекті мәселелері туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова мен аудандық емхананың бас дәрігері Бақыт Стамқұлов хабарлама жасады.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекованың мәлімдеуінше, білім бөліміне қарасты 41 мектептің 10-на күрделі жөндеу жұмыстары қажет. 2023 жылы 5 мектептің (М.Мұса, Ж.Тәшенов, Амангелді, Қаражон, Тұран) жобалық сметалық құжаттары дайындалған. М.Мұса, Ж.Тәшенов, Амангелді мектептерін күрделі жөндеуден өткізуге облыстық білім басқармасына қаржы бөлу бойынша сұраныс берілген. Бұдан бөлек, күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін мектептерді баяндап өтті. Олар Ұлықбек, Қ,Яссауи, Ә.Молдағұлова, А.Югнаки, Бабайқорған, М.Мұса, Ж.Тәшенов, Амангелді, Қаражон, Тұран мектептері.

Сонымен қатар, 10 мектептің қоршауы жыл соңына дейін ауыстыруды қажет ететін А.Байтұрсынов, Бабайқорған, М.Балақаев, А.Үсенов, Қазыбек би, Қарашық, М.Әуезов, Әл-Фараби, Қ.Яссауи, Ұлықбек мектептері екенін жеткізді. Білім беру ұйымдарының жарықтандыру мәселесіне тоқталған Ақмарал Үсенқызы 7 мектептің модульдік әжетханасының сыртқы және ішкі қабырғалары темір қапталмен қапталып, арасына жылу сақтайтын материал салынбағандықтан қыз мезгілінде жылу жүйесі мен су құбырына мұз қататынын атап өтті. Бұдан бөлек, мектептердің қысқы маусымына дайындық жұмыстарын айта келе, ауданда 12 мектепте тасымал ұйымдастырылғанын мәлім етті.

Мәжілістің күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық емхананың бас дәрігері Бақыт Стамқұлов баяндап өтті. Ауданда халық санының өсуіне байланысты Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылында 500 аусымдық жаңа аудандық емхана құрылысын салу қажеттігін жеткізді.

Аудандық емхана Шорнақ ауылдық бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталығының ғимаратында орналасқан. Дәрігерлерге кабинет (1 кабинетте 2-3 дәрігерден), дәрі сақтау орындары жеткіліксіз, зертханалық және диагностикалық бөлмелер, залалсыздандыру бөлмелері, 4-жеделділік санатты жедел жәрдем бөлмелері, күндізгі стационар бойынша ем қабылдау бөлмелері жеткіліксіз.

Шаруашылық бөлімдеріне арналған ғимарат және медициналық техникалар тұратын жабық автотұрақтың жоқтығын, медициналық құрал-жабдықтардың толық қамтамасыз етілмеуіне байланысты науқастарды басқа медициналық мекемелерге жіберіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, жедел мидициналық көлігінің және медициналық құрал жабдықтардың жеткіліксіздігі туындап отырғанан мәлім етті.

Мәжілісті қорытындылыған аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, орындалуы бақылауда болатынын жеткізді.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр жыл басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерін дамытуға арналған әлеуметтік және бизнес бағдарламасын Үкіметке қайта қарауды жүктегені белгілі. «Қазақстанның өңірлері бірдей деңгейде дамып жатқан жоқ. Соның салдарынан кейбір өңірлерде әлеуметтік олқылықтар байқалады. Соңғы күндері болған елдегі жағдай батыс және оңтүстік өңір халқын еңбекпен қамту деңгейінің төмендігін көрсетті. Аталған өңірлерде бала туу деңгейі жоғары, ал экономика өңір тұрғындарын жұмыспен қамтып үлгере алмай жатыр. Сондықтан да батыс және оңтүстік облыстардың әлеуметтік проблемасы өңірлік емес, ұлттық мәселе болып отыр. Әлеуметтен бөлек, денсаулық сақтау, білім мен мәдениетті де ұмытпау керек», – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының айтуынша, білімді ұлт кез келген бәсекелестікке төтеп бере алады. «Осы орайда Үкіметке еліміздің оңтүстік және батыс өңірлері үшін «Ауыл – ел бесігі», «Бизнестің жол картасы» және тағы сол сияқты жеке бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Жалпы, өңірлердің дамуы мен қолдау әкімдерге байланысты», – деді.

Шынын айтайық, еліміздің көптеген өңірінде ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін, өңдейтін кәсіпорындар аз. Тері-жүн өңдейтін кәсіпорындар жоқтың қасы. Ауыл халқы малдың жүн, терілерін қайда өткізерін білмейді. Осы мәселе шешілетін болса, өңірлердің дамуына оң ықпал етері сөзсіз. Сонымен қатар, ауылдардағы инфрақұрылымның жағдайы, ауызсу, жол, шағын қалалардағы көшелердің мәселесі, денсаулық сақтау нысандарының жетіспеушілігі, апаттық жағдайдағы мектептер әлі тұр. Өңірлерде несие беру мәселесі де тиісті деңгейде шешімін таппаған. Кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтарды қолдау жетіспейтіні жасырын емес. Көптеген азаматтар өз ісін ашу жолында қыруар құжат жинап, бірқатар кедергілерге кездеседі. Ал кепілдік мәселесін шешу тіпті қиын. Дегенмен, мемлекет өңірлерге әрдайым көңіл бөліп келеді. Әлеуметтік салаға, мектептер, аурухана, жол салуға, жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес қаржы бөліп отыр. Бұл жұмыстарды жалғастыру, әсіресе шағын және орта бизнес бойынша ауылдағы азаматтардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау – уақыт талабы.

ҚР Үкіметінің өңірлерді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасында алдағы 5 жылда үш жарым мыңға жуық ауылды жаңғырту жоспарланыпты. Бірінші кезекте әлеуметтік инфрақұрылымға мән берілмек. Яғни сапалы ауызсу, жарық, жылу, жол желілері, мектептер, ауруханалар салынады. Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасына 1,3 трлн теңге бөлінген. Қыруар қаржы! Соның басым бөлігі, яғни 900 млрд теңгесі ауылдағы ағайынды жарылқауға жұмсалмақ. Осы орайда таяу 7 жылда негізгі басымдықты «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға салу көзделген. Бұл шамамен 7 млн ауыл тұрғынының өмір сапасын жақсартатын болады. Бұл шамамен ауыл тұрғындарының 90 пайызын құрайды.

Түсінікті болу үшін тарқата айтқалы отырмыз. Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші бағыт бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе сынды ірі төрт агломерацияның маңайы қамтылады. Одан кейін екінші деңгейдегі қалалар, яғни 13 облыс орталығы мен Семей қаласын осы бағдарлама шараларымен қамту көзделген. Сондай-ақ, 18 урбандалу орталығы және жоғарыда аталған 3,5 мың ауылдық елдімекенде бағдарламаны іске асыру жалғасады. Аталған бағыттардағы жұмыстарды жүзеге асыруға бюджет қаражатымен қатар, жеке инвестициялар да тартылатын болады.

Қазіргі кезде жергілікті билік органдарының басты міндеті аймақтардағы, әр ауыл мен қаладағы бизнесті жүргізуге жан-жақты қолдау білдіру мен жағдайларын қамтамасыз ету болып отыр. Сондай-ақ, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, жергілікті маңызы бар мәселелерді азаматтардың қатысуымен шешуді кеңейтуге баса назар аударғаны белгілі. Сол себепті таяу жылдарға белгілеген міндеттерді шешуде жергілікті атқарушы және өкілді органдарға ерекше жауапкершілік жүктелді.

Былтырдан бастап барлық өңірлерде жаппай, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту жөнінде жоспарлар әзірленді. Бұл жоспарларда нақты іс-шаралар кешені көзделген. Осындай шаралардың негізінде өңірлерде шағын және орта бизнесті дамытудың кешенді және жүйелі ұстанымын қалыптастыруға, кәсіпкерліктің рөлі мен мүмкіндіктерін арттыруға, жергілікті және орталық бастамаларды үйлестіруге жағдайлар жасалады. Сондай-ақ, өңірлерде іскерлік ортаны жақсарту үшін арнайы сыйлықақы тағайындалып, бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингін өткізу көзделген. Бұл өңірлерге бизнесті дамыту саласындағы әлсіз тұстарын анықтауға, екінші жағынан, іскерлік жағдайды жақсарту бойынша жұмысты жүйелеуге мүмкіндік береді. Осылайша, қолайлы іскерлік жағдайды қалыптастыру жергілікті атқарушы органдардың қызметі тиімділігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі болып табылады. 

«AQ-QARA.KZ»

Оқылды 240 рет