Спикердің айтуынша, Түркістан облысының жасыл желегін дамыту мақсатында Түркістан облысының 5 жылдығына және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясы орталығының ашылуына арналған «Экологиялық жағдайды жасыл желектерді дамыту жолымен жақсарту және ауыл шаруашылығы дамуындағы мәселелер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткен. Ғылыми конференцияда шетелдік ғалымдар өңірдегі жасыл желек және көгалдандыру жұмыстарына баса назар аударыпты.
— Соңғы бес жылда Түркістан облысы көптеген игі жобаларды, бастамаларды іске асырып келеді. Осы орайда өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту, халқы мен ауылшаруашылық егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету мақсатында Түркістан Жасыл желегінің орны мен рөлі ерекше. Түркістан облысы көпсалалы ауыл шаруашылығымен айналысатын өңір болғандықтан, ең күрделі шешімін таппай жатқан мәселелерде осы өңірде деуге болады. Нақтырақ айтсақ, су тапшылығы, топырақтың құнарсыздануы, өнім сапасының төмендеуі және тағы басқа қордаланған мәселелер аз емес. Осы мақсатта Түркістан қаласында Ауыл шаруашылығы Ғылым академиясының орталығы ашылғалы отыр, сондай-ақ осы мәселерлердің алдын алу және облыстағы жасыл белдеу мен көгалдандыруды дамыту үшін халықаралық ұйымдармен шетелдік ғалымдарды шақырып отырмыз. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығында топырақтың құнарлылығы мен өнім сапасын жоғарылатуға бағытталған «гумус», «биогумус», «органикалық тыңайтқыш» деген жаңа ұғымдар келіп қосылды. Осы орайда облыста мақсат тек жоғарғы өнім өндіру ғана емес, жетілдірілген сапалы өнім халықымыздың игілігіне жарату болып саналады, — деді Битөре Молдатөреұлы.
Егін шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыру үшін топырақ құнарлылығын арттырудың маңызы зор, және өндірістің озық технологиясын енгізу, жерді химияландыру, яғни тыңайтқыштарды пайдалану, егістік жерлердің құрылымын жақсарту арқылы егін шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыруға қол жеткізуге болады. Агроэкожүйенің негізгі базисі – топырақ және екпе дақылдар болып саналады. Өйткені, оларда күн сәулесі энергиясы трансформацияланады. Өсімдіктер фотосинтез арқылы күн сәулесі энергиясын пайдаланып, синтезделген органикалық заттардан топырақ көп мөлшерде энергия алып, жинақтайды. Сөйтіп, биологиялық айналым үдерісі тірі организмдерге қажетті көміртегі, сутегі, оттегі, азот, фосфор, калий, кальций, т.б. биофильді элементтерді шоғырландырады.
Сондықтан топырақты үнемі күтіп-баптап, оның құнарлылығын жылдан-жылға арттыру қажет. Бұл келешек ұрпақтар үшін де маңызды. Топырақтың экологиялық қасиеттері: қоректік заттарды жинау қабілеті, яғни құнарлылығы, су сыйымдылығы, кеуектілігі, ылғал өткізгіштігі, ауа және жылу режімдері оның механикалық құрамымен, физикалық-химиялық қасиеттерімен тығыз байланысты болып келеді. Топырақ құнарлығын арттыруда органикалық тыңайтқыштардың рөлі өте зор. Егіншілікте заттар айналымына ең күшті әсер ететін шара – органикалық және минералды тыңайтқыштар енгізу. Тыңайтқыштар топырақ құрамына кешенді әсер етеді, өсімдіктерді қажетті қоректік элементтермен толықтырады, топырақтың химиялық, агрохимиялық және физикалық қасиеттерін жақсартады, биологиялық белсенділігін арттырады, топырақтың құрамындағы қоректік заттардың жылжымалы, сіңімді түріне айналып, мобилизациялануын туындатады.
Брифингте сөз алған Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев орман шаруашылығы қағидаларында көрсетілгендей қураған ағаштарды қайта жаңғырту мақсатында орман екпелерін толықтыру жұмыстарын жүргізу және екпелерді құру процесінің кезекті тармағы болып есептелетіндігін айтты. Осы ретте жасыл желектерді күтіп баптау мерзімі 5 жылға созылғандығын мәлімдеді.
—Облыс әкімінің бастамасымен Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында «Жасыл белдеу» аумағын 30 мың гектарға жеткізу жоспарланып, бүгінгі таңда 15 009 гектар жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда. Түркістан қаласы мен облыстың бірқатар аудандарында климаты күрт континетальды болуына орай, егілген орман ағаштарының 1-2 жылдары 25 пайызының жерсінбей қурап қалуы, табиғи заңды құбылыс. Сонымен қатар, Түркістан облысындағы мәдени орман алқаптарының жерсіну мен сақталу көрсеткіші 50 пайызға белгіленді. Түркістан қаласы экологиялық аймаққа енгізілгенімен, күзгі түгендеу қортындыларына сәйкес, қазіргі таңда қала айналасындағы жасыл екпелердің көнімділігі 60-65 %-ды құрап отыр. Бұдан бөлек, Арал теңізінің тартылуы, түбінің тұздануы, оған жақын орналасқан көрші мемлекеттер мен еліміздің бірнеше облыстары, оның ішінде Түркістан облысындағы бірқатар аудан, елді мекендерге де табиғи кері әсерін тигізуде. Тұздың Аралдан ұшпауына тосқауыл болатын жалғыз жол – Арал ұлтанына өсімдіктер егу және сексеуіл алқабын отырғызу болып саналады, — деді Қайрат Аманкелдіұлы.
Топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру және оны ауыл шаруашылығында ұтымды пайдалану мәселерін шешу еліміздегі аграрлық ғылымының басты міндеті. Топырақтың құнарлылығын реттеуде негізгі рөлді ауыспалы егістер атқарады дейді мамандар. Бірақ та, ауыспалы егістерді ұзақ уақыт бойы пайдалану кезеңдерінде топырақтың құнарлылығын және оны арттырудың әртүрлі әдістерін есепке алмай, тек қана өңделген егістік жерден біркелкі астық өнімділігін арттыруға бағытталған еді. Кезінде негізгі астық өндіретін өңірлерде топырақты ұзақ уақыт бойы механикалық өңдеу жердің құнарлылығына тигізетін тиімді құралы саналды. Алайда, уақыт өте келе топырақтың механикалық өңдеуі әсерінен әсіресе таза сүрі жер танаптарының жиі қарқынды (жазда 5-6 рет) өңделуі нәтижесінде қарашірінді құрамының мөлшерінің біршама азайып төмендеуіне әкелді және су мен жел эрозиясының пайда болу көрінісі байқалып, нәтижесінде топырақтың құрамының көзге көрінбейтін ұсақ майда бөлікке шаңға бөлінуі сияқты теріс құбылыстар біртіндеп көріне бастады, бұл сөзсіз топырақ құнарлылығының мөлшерінің азайып жоғалуына, яғни біртіндеп тозуына әкелді.
«Топырақ құнарлылығын қалпына келтіру мен жақсарту мәселесін шешудің жолдарының бірі, ол өңделген егістік жерлерде көпжылдық шөптер өсіру мен аралық дақылдарды жасыл тыңайтқышқа жырту және т.б. пайдалану болып табылады. Егілген көпжылдық шөптер мен шөп қоспалары, түйежоңышқаны жасыл тыңайтқышқа жырту және оларды танапта ұзақ қолданғанда жоғалуға жақын органикалық заттар қайтадан бастапқы қалпына келтіріліп және тұрақталады. Бұл жағдайда біртіндеп топырақтағы органикалық заттардың тапшы болмайтын жағдайына қол жеткізуге болады» - дейді мамандар.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат