Сәрсенбі, 01 Қараша 2023 18:38

Түркістан облысы: Отырарда дәндік жүгері дақылының өнімділігін арттыруға арналған семинар өтті

Түркістан облысы, Отырар ауданында «Дәндік жүгері дақылының өнімділігін арттыру» жөнінде семинар-кеңес өтті. Семинарға Ө.О.Оспанов атындағы қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педогогикалық университетінің ғалымдары, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары, аудан шаруалары қатысты.

Жиынды аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ашып, аграрлық саладағы әлемдік заманауи ғылымның даму үрдісін үлкен тәжірибемен ұштастыра отырып өнім көлемін арттыру жолдарын игерудің маңыздылығын атап өтті.

Семинар барысында Ө.О.Оспанов атындағы қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Мақсат Пошанов топырағы тұзданған егістік алқаптарында дәндік жүгері дақылының өнімділігін арттыру мақсатында қолданылатын агротехникалық, агрохимиялық іс-шаралар туралы баяндаса, Абай атындағы Қазақ ұлттық педогогикалық университеті география және экология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Шахислам Лайсханов Отырар ауданындағы ауыл шаруашылығы жерлері топырақтарының тұздану жағдайы және жүгері дақылының өнімділігіне әсері туралы ғылыми жұмыстарын таныстырды.

Сондай-ақ отырыста Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Әлім Сайдалиев өңірімізде ғылым негізіне сүйеніп жетістікке жеткен шаруалардың аз емес екенін айтса, «Explanta» ЖШС-нің сату менеджері Даурен Джайдакбаев пен «Төребек» ЖШС төрағасы Төребек Дайрабаев бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесінде өнім көлемін арттырудағы тәжірибелерімен бөлісті. Шаруалардың қызығушылығын арттырған семинар жұмысына қатысушылар көкейдегі сауалдарын қойып, жан-жақты мәліметтер алды.

Отырар ауданындағы топырақтардың тұздылығының жүгерінің өсіп-өнуіне әсерін зерттеу және дақылдың өнімділігін болжаудың ғарыштық әдісін әзірлеу жұмыстары арнайы кітап жинаққа енгізілген болатын. Шара барысында «Отырар ауданының агроландшафттары» атауымен жарыққа шыққан кітаптың лентасы қиылып, шаруаларға таратылып берілді.

Жалпы айтқанда, Отырар ауданында жүгері кластерін дамыту аясында ауқымды жобалар қолға алынған. Соның нәтижесінде аймақтағы жүгері дақылы 10 мың гектардан асқан. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды таяуда Отырар ауданына жасаған сапары барысында 50 га жерге жүгері егіп, өнімділігін арттырған жергілікті кәсіпкермен кездескенін де айта кеткен жөн. Шаруажүгерінің «Маями» сортын егіп, әр гектардан 13 тоннаға дейін өнім алады екен. Облыс басшысы жүгері дақылын өсіруді дамытып, сапасын да арттыруға баса мән беруді айтқан еді.

Отырарда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы да сәтті жүзеге асып келеді. Жыл басынан бері жоба аясында 35 азамат кәсіптік бағытта 400 АЕК көлемінде грант қаражатын алып, өз кәсібін бастағанын айта кетейік. Отырар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша, 2023 жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімі көлемін арттыру мақсатында ағымдағы жылға 36 246 гектар егіс алқабына егіс егілген. Атап айтқанда, күздік бидай, дәндік жүгері, күнбағыс, мақта, картоп, көкөніс, бақша өнімдері. Ал, сор шаюға берілген 1350 гектар жер толығымен суғарылып, 343 гектар күздік бидай, 4 668 гектар жаңа жоңышқа, 75 гектар бақша дақылдары егілген.

Таяуда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесу өткізгені белгілі. Сондай-ақ, жиналыста  тарихи өлкеде  атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар легі  талқыланды. Елмен еркін диалог орнап, өзекті мәселелер қозғалды. «Бұл аймақ Түркістан қаласымен бірге дамиды. Туристік әлеуеті өте жоғары. Қасиетті Арыстан баб кесенесі, Отырар қалашығы және өзге де тарихи орындар саяхатшыларды қызықтырады. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек. Әсіресе, инвестиция тарту, кәсіпорындарды көбейту жұмыстарын күшейту маңызды. Алдағы екі жылда ауданда 16 млрд. теңгеге 9 инвестициялық жобаны іске асыру пысықталуда. Оның ішінде ірілеріне тоқталып өтсем, «Arm Wind» серіктестігінің қуаттылығы тәулігіне 50 мВт-ты құрайтын күн электр станциясы салынып жатыр. Сонымен бірге, ауданда балық шаруашылығына қажетті құрама жем шығару жобасы да маңызды. Жоба құны – 1,2 млрд. теңге. Сонымен бірге құны 1,1 млрд. теңгелік «Ontustik Altair» 400 ірі қара малға арналған сүт фермасы және жем шығару цехы да іске қосылады деген жоспар бар. Ауданды дамыту жұмыстары жалғасады. Бұл ретте сіздер де сол жұмысты қадағалап, назарда ұстауларыңыз керек. Мәселелерді ақылдасып шешуге дайынбыз», – деді Дархан Сатыбалды.

Былтыр Отырар ауданында жалпы ауыл шаруашылығы өнімі көлемінің жоспары 33,4 млрд теңге болса, жыл көлемінде жиналған өсімдік шаруашылығының және мал шаруашылығы өнімдерінің есебінен орындалу 35,5 млрд теңге жетіп, нақты көлем индексі 104,2 пайызды құрады (оның ішінде өсімдік шаруашылығы 21,4 млрд теңге, мал шаруашылығының өнімі 13,8 млрд теңге). Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 4,4 млрд теңгеге артқан. Ал ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға тартылған инвестицияның жоспары 3,0 млрд теңге болса, жыл қорытындысымен 8,8 млрд теңгеге орындалып, жоспар 3 есеге артығымен орындалды. Сонымен қатар, тамақ өнімдерін өндіруге тартылған инвестиция көлемінің жоспары 380,2 млн теңге болса, орындалуы 100 пайызды құрады. Өткен жылдың қорытындысымен мал басының өсімі өткен жылдың осы кезеңмен салыстырғанда өскен. Атап айтсақ: мүйізді ірі қара 59 927 бас немесе 101,4 пайызға, уақ мал 408 089 бас немесе 105,8 пайызға, жылқы 19 445 бас немесе 106,3 пайызға, түйе 9 700 бас немесе 101,6 пайызға артқан.

Өткен жылы негізгі капиталға салынған жалпы инвестициялар көлемінің жылдық жоспары 23 млрд 600 млн теңге болса, орындалуы 24 млрд 948 млн 200 мың теңге болып, нақты көлем индексі 152,2 пайызды құрады. (Оның ішінде: бюджеттік инвестиция 3 млрд 820 млн теңге, жеке қаржы есебінен 21 млрд 128 млн теңге). 2023-2024 жылдары ауданға жалпы 66 млрд 970 млн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Осыған орай, бүгінгі таңда 26 инвестициялық жобалар іріктелді.

Оның ішінде ірі деп саналған 7 жоба бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде, олар:

— жүгеріден биоэтанол өнімін шығару жобасы «Отырар Био Тех» ЖШС, құны 50,0 млрд. теңге;

— күн электр энергиясын өндіру бойынша «Arm Wind» ЖШС-і құны 12 млрд 500 млн теңге;

— 400 бастық сүт фермасы және құрама жем шығару кәсіпорыны «Ontustik Altair» ЖШС, құны 1 млрд 100 млн. теңге;

— құрама жем шығару кешені «Созақ балық өнімдері» СТК, құны 1 млрд 200 млн. теңге;

— тауарлы балық шаруашылығын дамыту жобасы «Жұлдыз» ШҚ, құны 550 млн. теңге;

— ет және сүт өнімдерін өндіру «Есжанов Отырар» ЖК, құны 250 млн. теңге.

— шұжық цехтарын ашу бойынша «Нұрсейіт» ЖК, құны 150 млн. теңге.

Одан бөлек, құны 1 млрд 220 млн. теңгені құрайтын 18 шағын жобалар (мал, құс шаруашылығы, сауда, қызмет көрсету және шағын өңдеу цехтары) іске асырылатын болады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 249 рет