Жексенбі, 05 Қараша 2023 00:16

Түркістан: Жетісайда «Жайлы мектеп» бағдарламасымен 3600 орындық 4 мектептің құрылысы жүріп жатыр

Жетісай ауданында «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында Асықата кентінде 900 орындық, Жетісай қаласында 1500 орындық, Ынтымақ ауылдық округінде 600 орындық, Қызылқұм ауылдық округінде 600 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Нысандарды 2024 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Бұдан бөлек, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында өткен жылы елді мекендерде жұмыс істеуге келген мамандарды әлеуметтік қолдау мақсатында 302 маманға 92,5 млн. теңгеге көтерме жәрдемақы берілген. Сонымен қатар, тұрғын үй сатып алу үшін 72 маман 330,8 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие алған.

Жетісай ауданында білім саласындағы көрсеткіштер едәуір өскен. Мектеп бітірген 2 907 оқушының 173-і алтын белгі, 207-і үздік аттестат иеленіп, аудан республикада жоғары нәтиже көрсеткен. Сондай-ақ, 1 219 оқушы грант иегері атанды.Айта кетерлігі, қазіргі таңда ауданда 82 мектеп бар. Оның ішінде 73-і -- мемлекеттік, 9-ы -- жекеменшік. Ал аудандағы жалпы оқушы саны – 47 674.         

Жалпы, Түркістан облысы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына Түркістан облысынан 63 мектеп енгізіліп, бекітілді. Бұл жөнінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылды. Өңір басшысы аймақтағы мектеп тапшылығын жою, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу бағытындағы жұмыстарды жүйелеуді әрі ширатуды тапсырды.

– Бюджетке енгізіліп, жобалық-сметалық құжаты әзірленген әрбір нысан уақтылы әрі сапалы салынуы тиіс. Жауапты басқарма басшыларына өңірдегі құрылысы жүріп жатқан әлеуметтік нысандарды зерделеп, қадағалауды тапсырамын. Әсіресе бүгін талқыланып отырған білім ұяларының құрылысын қатаң қадағалау керек. Бұл ретте аудан, қала әкімдері өз аймақтарыңыздағы нысандардың құрылысын тиісті басқармалармен бірге күнделікті бақылауда ұстаңыздар. Екіншіден, сәулетке жауапты басқарма өңірдегі мектеп ғимараттарын салуда бір үлгіні ұсынсын. Қыруар қаржыға салынған кейбір нысандардың сәулеті талапқа сай емес. Үшіншіден, тапсырысты алып, жұмысты бастамаған немесе сапасыз атқарған мердігерлер тізімі әзірленіп, жосықсыз мердігерлер қатарына енгізілуі тиіс. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша да жер телімдері мен құжаттарын жедел әзірлеу қажет. Жұмысты ширатыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы мен облыстық Құрылыс басқармасының басшысының мектептер құрылысы бойынша баяндамалары мен есептері тыңдалды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Оның ішінде: 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 16 мектеп, 900 орындық 17 мектеп, 1200 орындық 8 мектеп, 1500 орындық 5 мектеп, 2000 орындық 6 мектеп салынбақ. Қазіргі таңда 55 мектеп салынатын жер учаскесіне меншік құқығын беретін мемлекеттік актісі алынған, қалған жер телімдері бойынша жұмыс жүріп жатыр. 2024 жылы жалпы 29 мектептің, 2025 жылы 34 мектептің құрылысын аяқтау межеленген. Білім нысандарының құрылысы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ бірыңғай операторы арқылы жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, биыл Түркістан облысындағы мектептер 100 пайыз бейнебақылаумен, және лицензиясы бар кәсіби күзет қызметімен қамтылады. Сонымен бірге бала саны 700-ден асатын 284 мектепке арнайы турникеттер орнатылады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен білім саласына қолдау көрсету, балалардың қауіпсіздігін нығайту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда.

Түркістан облысында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен үнемделген қаржы есебінен жалпы 6 млрд. теңге қаржы қаралды. Яғни, үнемделген қаржы есебінен ауқымды жұмыс атқарылады. Атап айтсақ, камера орнатуға, дабыл, турникетке, күзетке, қоршауға, әжетхананы ағымдағы жөндеуден өткізуге, кәріз жүйесін жөндеуге тиісті қаржы қаралып отыр. Осы бағытта тиісті жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Аталған мәселелер жаға оқу жылына дейін толық шешілмек.

Облыста бала саны 300-ден жоғары 572 мектепті мамандандырылған күзет қызметімен қамтамасыз ету қажеттігі бар. Бұл мәселе мектептердегі қарауыл штат бірліктерін ықшамдау арқылы үнемделген қаржы шегінде шешілмек. Сонымен бірге 38 мектептің жылу жүйесін газға өткізуге де қаржы қаралған.Түркістан – еліміздегі ең демографиясы жоғары өңір. Биыл облыста 500 мыңнан астам оқушы білім алды. Мектептер саны 1000-ға жетті.

«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы бойынша Түркістан облысында 86 мектеп салу жоспарланған. Президенттің төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесте қаралған «Жайлы мектеп» жалпыұлттық жобасын іске асыру мәселесі бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды таяуда салаға жауапты басшылардың басын қосып, нақты тапсырмалар берді. Жаңа үлгідегі мектептер салу үшін жер телімдерін бөлу, инженерлік жүйелерін жүргізу, педагогтермен қамту және уақытында құрылысын аяқтау сынды тапсырмалар міндеттелді. Осы арқылы үш ауысымды, апатты, ескірген мектептер санын жою жоспарға қойылған.

– Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесте 2023 жылы басталуы тиіс мектептер үшін жер учаскесін бөлу және қажетті инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселені бір ай ішінде шешуге тапсырма берді. Мәселенің маңыздылығын ескере отырып, барлық аудан, қала басшыларына шұғыл түрде жаңа мектептердің жер телімін заңдастыруды тапсырамын. Екіншіден, құрылысы кешеуілдеп жатқан білім ұяларын қадағалауға алып, жұмысын жандандырыңыздар. Әрбір мердігер мектептерді уақтылы әрі сапалы тапсырулары керек. Сонымен бірге білім сапасын арттыру мәселесі де назарда тұруы тиіс,– деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында осы мақсатта 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи пән кабинеттерімен, зертханалармен толық қамтамасыз етіледі. Түркістан облысында 900, 1200 және 2000 оқушы орындық мектептер салу жоспарланған. Бекітілген 86 мектепте 60 мыңнан астам баланың білім алуына барлық мүмкіндік жасалады.

Жобаның мақсаты – қалалар мен қарқынды дамып келе жатқан (перспективалы) елді мекендерде жаңа үлгідегі, бірыңғай стандарттағы жабдықталған мектептер салу. Оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру.Түркістан облысында жалпы 983 (оның ішінде 75 жекеменшік) мектеп бар. Соңғы жылдары 83 жаңа мектеп пайдалануға берілді, ал қазір 59 мектеп салынып жатыр.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 131 рет