Түркістан төрінде өткен отбасы құндылығын дәріптеу, бала тәрбиесі мен тұлғалық даму мәселелері талқыланған шараның жетекшілері жаңа бастаманың басты мақсаттарымен бөлісті. Бизнес-форум аясында танымал қазақстандық сарапшылар ұлттық құндылықтар туралы өз ойларын ортаға салып, баға жетпес тәжірибелерімен бөлісті. Аймақ басшысы бастамаға сәттілік тіледі.
– Түркістан туризм орталығына айналып келеді. 5 жылда үлкен өзгерістер болды. Түркістанға халық тек зиярат етуге ғана емес, кемінде бірнеше күн қасиетті өңірдің кереметтерін тамашалауға талпынатындай жағдай жасалады. Солардың бірі ретінде экотуризм, медициналық туризм секілді басқа да бағыттарды дамыту арқылы ауқымды жоспарды жүзеге асыруға күш салынып жатыр. Жалпы, тұрғындарға, жастарға жалын, жігер беретін кездесулердің маңызы зор. Кәсіпке, шығармашылыққа, еңбекке баулу, жол көрсету, қолдау – міндетіміз, – деді облыс әкімі.
Форумның мақсаты – білім беру, отбасылық құндылықтарды сақтау, жастардың рухани және әлеуметтік дамуы бойынша салауатты пікірталас алаңын құру. Белгілі медиаменеджер Арман Давлетияров бұл жиынның жастарға берері мол деп есептейді. Форум арқылы іскер азаматтарды спикер ретінде тартып, қоғам қайраткерлерін, медиа-бизнес өкілдерін және мыңдаған кәсіпкер мен Қазақстанның қарапайым тұрғындарын үлкен қайырымдылық миссиясына біріктіру көзделгенін атап өтті. Арман Давлетияров: «Түркістан таң қалдырды. Бірнеше жылдан кейін жолым түсті. Керемет өзгеріпті. Түркістанның түнгі көрінісін Лас-Вегасқа ұқсаттым», деді.
Ләйлә Сұлтанқызы қазақ қоғамындағы әйелдің рөлі жөнінде сөз қозғады. Жиында отбасы құндылығын дәріптеу, дін мен ұлттық салт-дәстүрді ұштастыру, ұлттың болмысына сай жастарға әдет-ғұрыпты дәріптеу тетіктері де талқыға салынғанын айтты. Түркістан өңірінің жастарының белсенділігіне ризашылығын білдірді. Кездесуде спикерлер әлеуметтік желіде жиі талқыланатын мәселелер төңірегінде сөз қозғап, кәсіп бастағысы келетін жастарға да бағыт-бағдар берді. Жаңа кәсіптің көзін тауып, табысты кәсіпкер атанудың құпияларымен бөлісті.
Қазан-желтоқсан айлары аралығында форумға қатысушылар өңірлердегі балалар және қарттар үйлеріне, сондай-ақ басқа да әлеуметтік мекемелерге барады. Сондай-ақ студенттермен және аз қамтылған отбасылармен кездеседі деп жоспарланған. Форум еліміздің Түркістан, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Қарағанды, Павлодар, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал, Көкшетау, Петропавл, Семей, Өскемен, Қостанай, Жезқазған, Талдықорған сынды 17 қаласында өтеді.
Сондай-ақ, осы күні Түркістан қаласындағы «Farab» ғылыми әмбебап кітапханасында «Арманда» Халықаралық бизнес-форумы өтті. Форум білім беру, отбасылық құндылықтарды сақтау, жастардың рухани және әлеуметтік дамуы бойынша салауатты пікірталас алаңын құруды мақсат етті. Жиында жойылып бара жатқан мамандықтар мен сұранысқа ие қызмет түрлері жөнінде кең мағлұмат берілді. Қоғам белсенділері, медиаменеджер және дін өкілдері өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, көрермендермен ашық диалог алаңын құрды.
Сондай-ақ, отбасы құндылығы және әйелдің қоғамдағы рөлі туралы тақырыптар қозғалды. Дін мен ұлттық салт-дәстүрді ұштастыру, ұлттың болмысына сай жастарға әдет-ғұрыпты дәріптеу тетіктері де талқыға салынды. Жоба жетекшісі психология ғылымдарының кандидаты, белгілі медиаменеджер Арман Давлетияров бұл жиынның жастарға маңызы зор екенін атап өтті. Форумда тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы қазақ қоғамындағы әйелдің рөлі, ал айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов сөз өнерінің құдіретіне тоқталып, еркін сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың тәсілдерімен бөлісті. Форумды қорытындылаған белгілі дінтанушы, елге «Нұрлан имам» атымен танымал Нұрлан Байжігітұлы қазақ салт-дәстүрлері, ұлттық құндылықтар жөнінде насихат айтып, көпшіліктің түрлі сауалдарына жауап берді.
Естеріңізге сала кетейік, білім беру бизнес-форумы еліміздің Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Қарағанды, Павлодар, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал, Көкшетау, Петропавл, Семей, Өскемен, Қостанай, Жезқазған, Талдықорған сынды 17 қаласын қамтиды.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат