Өңір басшысы білім сапасын көтеру, студенттердің білім алуын қадағалау, білікті оқытушыларды жұмысқа шақыру және түлектерді жұмыспен қамтуда шынайы деректер ұсыну жөнінде тапсырма берді. Сонымен бірге колледж басшыларын ротациялау, білікті мамандармен толықтыру мәселесін назарда ұстауды тапсырды.
– Колледждерге оқу гранттарын жариялауда қоғамға керекті мамандықтарға басымдық беріңіздер. Бізге техникалық мамандық иелері, құрылысшылар, ІТ саласы мамандары, инженерлер керек. Қаншама студент оқуды бітіріп жатыр. Білім деңгейі қалай? Мемлекеттен қаржы бөлініп, оқуға қабылданған студенттердің талапқа сай білім алуы қадағалансын. Студенттердің сабаққа келуін қадағалайтын бағдарламаларды жетілдіріңіздер. Оларды жұмыспен қамту да өзекті мәселе. Оқу орындары түлектерінің жұмыспен қамтылу көрсеткіші жөнінде жалған есеп емес, шынайы деректерді ұсынсын. Екіншіден, колледж басшылары шетелдің оқу орындарымен байланыс орнатып, озық тәжірибелерін алғаны жөн. Ізденіңіздер. Арнаулы жәіне кәсіптік білім беру саласына серпіліс қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашевтың айтуынша, биылғы оқу жылына бөлінген 15 344 орын толық игерілді. Өткен оқу жылында колледждерге 17 000 мемлекеттік тапсырыс бөлінсе, оның тек 11 110-ы игерілген болатын. Биылғы грант құны бір балаға шаққанда орта есеппен 693 000 теңгені құрайды. 2024 жылдың 1 қыркүйегінен шәкіртақы 43 000 теңгеге артады.
Мемлекеттік гранттардың дұрыс игерілуіне байланысты басқарма тарапынан колледж студенттерінің сабаққа қатысуына арнайы мониторинг жүргізілуде. Осы ретте, мониторинг жұмысын автоматтандыру мақсатында басқармаға қарасты 25 мемлекеттік колледж өз қаржаты есебінен білім алушылардың сабаққа қатысуларын қашықтан қадағалау үшін FACE ID ақпараттық жүйесін орнатуда. Қазіргі таңда 24 колледжде жұмысы толық аяқталған. Ал 1 колледжде жұмысы толық қараша айында аяқталады. Нәтижесінде FACE ID ақпараттық жүйесі басқармамен интеграцияланып, толық автоматтандырылады.
2020-2021 жылдары облыстағы 9 колледжге «Жас маман» жобасы бойынша материалдық-техникалық базасын заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтауға 2,5 млрд. теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде, «Жас маман» жобасына қатысқан колледждер, WorldSkills республикалық чемпионаттарына қатысушыларды дайындайтын орталыққа айналды. Өткен жылы Түркістан облысы 7 Ұлттық WorldSkills Kazakhstan чемпионатына 28 мамандық бойынша қатысып, 5 күміс, 3 қола, 7 арнайы жүлде жеңіп алды.
Облыстағы колледждерде 2 513 педагог жұмыс атқарады. Атап айтсақ, мемлекеттікте – 1 828, жекеменшікте – 685. 2022 жылы колледждердегі 446 педагог қызметкері мен басшылық құрам біліктілік арттыру курстарынан өтсе, 2023 жылы 1 283 педагог арнайы курстардан өткізілген.
Негізінде, колледждердің модульдік білім беру бағдарламаларын оқу процесіне енгізу бойынша қабылданатын кешенді шаралар құзыретті мамандар даярлауға ойысып отыр. Ендігі арада жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар даярлайтын колледждердің оқыту-өндірістік шеберханалары мен зертханаларын жарақтандыру көкейкесті мәселе. Шынында да, оқу базасының өндірістік талаптарға сай болуы болашақ мамандардың нақты жағдайларға тез бейімделуіне айрықша әсер етпей ме? Ал облыстағы кәсіптік-техникалық білім беретін колледждердің өзекті мәселесі материалдық-техникалық базаны заман талабына сай қайта жаңғырту болып отыр. Айталық, кейбір колледждердің тәжірибелік шеберханаларында ескі үлгідегі астық комбайндары мен тракторлардың құрылысы оқытылуда. Мұны оқып шыққан білім алушылар қалай еңбек етпек?
Адам өміріндегі үшінші кезең – есею шағы. Бұл өмірлік әлеуетті ішінара болса да көтеруге болатын соңғы шешуші кезең. БҰҰ сарапшылары мұндағы маңызды фактор деп кәсіптік еңбектің және әлеуметтік қорғаудың сапасын атайды. Бұл адамның есею шағына қандай капиталмен келгеніне байланысты.Ересек адамның зияткерлік капиталының бірден бір көзі – ол жоғары білім. Білімнің бұл деңгейі де жаһанданып келеді.
Ендігі міндет – жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін шектейтін құқықтық тосқауылдарды алып тастау. Мұны істемейінше олар «еңбек нарығының мұқтаждықтарына және бәсекелестерінің талаптарына уақытылы әрі тиісінше жауап бере алмайтын болады» деп есептейді Білім және ғылым министрлігі.
Министрлік білім берудің әрбір деңгейі Қазақстан азаматтарының адами капиталына сүбелі үлес қосуы үшін барынша күш-жігер жұмсауда. Білім – адамның өмірлік әлеуетін арттырудың басты ресурсы. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының өз қызмет бағытын анықтауына, білім алушылардың қажеттіліктері мен мүдделерін қанағаттандыру жолында батыл шешім қабылдауына бөгет жасайтын тосқауылдардың көпшілігін алып тастау керек. Дербестік қабылданатын шешім үшін жауапкершілікті де арттыратыны сөзсіз. Айдыны алып, құрығы ұзын білім теңізінің бір бөлігіне ғана ой жүгірттік. Күн сайын құбылып жатқан жаһандық дәуірде мемлекеттің басты қаруы білім екені даусыз.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат