Жексенбі, 14 Сәуір 2024 11:23

Түркістан: Халықаралық қазақ-түрік университетінің дамуына серпін беретін ірі жобалар жүзеге асады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңесінің төрағасы, профессор, докторы Мухиттин Шимшек пен университет ректоры Жанар Темірбековамен кездесті.

Кездесуде бауырлас елдер арасындағы халықаралық білім ордасының дамуына серпін беретін ірі жобалар жайлы айтылды. Сондай-ақ білім беру үдерісі мен университеттің халықаралық жетістіктері туралы сөз болды. Басқосуда көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстар жан-жақты қаралып, бұл бағытта белсенді жұмыс жүретін болады.

Түркістан облысының білім басқармасы мен Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті арасындағы ынтымақтастық аясында Түркістан облысы әкімінің гранты есебінен Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде 2018-2023 жылдары аралығында 354 студент облыстық бюджет есебінен білім алды.

2024 жылы тағы да 55 студентке (ІТ саласына – 35, медицина саласына – 15, теологияға – 5) облыстық бюджет есебінен облысы әкімінің грантын бөлу жоспарланып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасын Түркістан облысында 2024-2025 жылдар іске асыру мақсатында қабылданған Жол картасы шеңберінде Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен облыс әкімдігі арасында меморандум қабылап, меморандум аясында 2024-2025 оқу жылында облыс педагогтері университетте арнайы біліктілік арттыру курстарынан өтетін болады.

Сонымен бірге жоғары оқу орындары мен педагогикалық колледждердің түлектеріне жұмысқа орналастыру және аттестаттау мәселелері бойынша кеңес беру орталығын ашу, кәсіби стандарттарға сәйкес мамандықтарды оқытудың білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша жұмыс тобына қатысу секілді бірқатар жобаларды жүзеге асыру қарастырылуда.

Білім ордасында инженерия факультерін дамыту қолға алынып, IT мамандығын жаңғыртуға басымдық беріледі. Осы мақсатта Түркия елінен білікті ұстаздар шақырылады. Кездесуде «TURKISTAN» телеарнасының базасында Түркі тілдес елдерінің ортақ ақпараттық алаңы ашу туралы айтылды.

- Бауырлас елдердің достығын паш ететін білім ордасының жан-жақты дамуы – ортақ мүдде. Ортақ мүдде орасан мүмкіндіктерге жол ашады. Біз әрқашан бастамаларды қолдауға дайынбыз. Тек қана университеттің төңірегінде ғана емес, екі елдің достығын дәріптеуге басымдық берілгені өте маңызды. Университеттің әлемдік деңгейдегі оқу ордаларымен теңдесе алуы үшін бұл жұмыстар үздіксіз жүргізілуі тиіс. Екі ел арасында ортақ ақпарат алмасу алаңын құру жайлы біраз уақыттан бері ойда жүр. Бауырлас елдеріміздің бірлескен фильмін түсіру туралы бастамамызға қолдау білдіргендеріңізге алғыс айтамын. Жаңа жобаның рухани және тәрбиелік маңызы бар сапалы дүние боларына сенеміз, - деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Түркістан ғұлама ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің есімімен тығыз байланысты. Ғұламаның ілімін терең тану, мұрасын насихаттау мақсатында Түркия Республикасымен бірлесе отырып, фильм түсіру жоспарлануда.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ құрылған күннен бастап әрдайым екі бауырлас түркі тілдес мемлекет басшыларының назарында. ЖОО-да әлемнің 17 елінің жастары мен 30 ұлт пен ұлыс өкілдері арасында мәдениетаралық диалогы мен ұлтаралық толерантты тәрбие жүріп жатыр. Қазіргі жаһандану жағдайында Түркі тілдес әлемді рухани біріктіруші білім беру орталығы ретінде оқу ордасының идеологиялық маңызы зор.

2018 жылдан бастап ХҚТУ түркі тілдес мемлекет университеттер Кеңесінің төрағасы болып табылады, оған Түркияның, Қазақстанның, Қырғызстанның, Әзербайжанның 19 университеті кіреді.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – Қазақстанның озық көп салалы университеттерінің бірі. Ахмет Ясауи университеті жыл сайын университеттердің ұлттық рейтингісінде ондықтың қатарынан  (2018 ж. 6-шы орын) көрініп жүрген, заманауи білім және ғылым саясатын жүзеге асыратын, тұрақты кәсіби және тұлғалық дамуды басшылыққа алатын инновациялық университет. Университет классикалық профильдегі университеттердің арасында ең алғашқысы, мұнда тұңғыш рет сонау 1992 жылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық мамандар даярлығы ашылған болатын.

Университет құрамында медициналық факультеті бар халықаралық «full university» жоғары оқу орындарының категориясына кіреді.   Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде бакалавриат, интернатура,  магистратура, резидентура және докторантура сияқты көп деңгейлі бағдарламалар жүйесі негізінде жоғары базалық білім беруді қамтамасыз етеді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қабылдау мемлекеттік білім беру гранттары, келісімшарт (ақылы) және Түркия квотасы негізінде 105 мамандық бойынша білікті мамандарды даярлауды жүзеге асырады.

Университет құрамында 10 факультет, Мемлекеттік басқару және экономика жоғары мектебі, кәсіби колледж, 6 ғылыми-зерттеу институты, докторлық диссертацияларды қорғау бойынша мамандандырылған диссертациялық кеңес қызмет көрсетуде. Университетте 10 мыңға жуық студент, интерндер, магистранттар, резиденттер мен докторанттар білім алуда.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылу және қалыптасу тарихы түркі өркениетінде ерекше орын алған Түркістан қаласының 1500 жылдық тарихымен байланысты. Көне қаланың айрықша геосаяси орналасуы мен оның түркі халықтарының мойындалған рухани орталығы ретіндегі маңызын ескере отырып университетті заманауи жоғары білікті мамандарды даярлаумен қатар құрудың негізгі мақсаты түркі халықтарының ғылыми және мәдени көне орталығы, түркі әлемінің заманауи рухани астанасы – Түркістан қаласын жандандыру және дамыту болып табылады.

Университет Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың жеке бастамасымен 1991 жылы 6 маусымда ашылған болатын (1991 жылғы 06 маусымдағы 329 жарлық, Алматы). Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың және Түркия Республикасының премьер-министрі Сүлейман Демирелдің ресми кездесуі кезінде 1992 жылдың 1 мамырында «халықаралық университетті» құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілген болатын.

1992 жылы 31 қазанда Анкарада Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының Үкіметтері арасында осы оқу орнын «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті етіп қайта құру туралы» келісімге қол қойылды. Келісім Қазақстан және Түркия Парламенттері ратификациялағаннан кейін күшіне енді.

Университеттің Қазақстан үшін бірыңғай корпоративті басқару жүйесі бар. Қазақстан және Түркия үкіметтері бекіткен Жарғыға сәйкес Үкіметаралық Өкілетті Кеңес (Анкара) Жоғары басқару органы болып табылады, ол университеттің жалпы басшылығын паритеттік бастамада қамтамасыз етеді және он кеңес мүшесінен тұрады, оның ішінде бес мүшесін Қазақстан Республикасы Үкіметі, қалған бес мүшесін Түркия Республикасы Үкіметі тағайындайды. Қаржыландыру республикалық бюджеттен және Түркия Республикасы бюджетінен жүргізіледі.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ құрылған күннен бастап әрдайым екі бауырлас түркі тілдес мемлекет басшыларының назарында, олар университетке бірнеше рет ресми сапармен келіп, түркі тілдес мемлекеттердің студент жастары арасынан қазіргі заманға сай мамандарға интернационалды тәрбие беру және сапалы даярлау орталығы ретінде оған әрдайым айрықша көңіл бөлді.

Ахмет Ясауи университеті — түркі әлеміндегі бірегей университет, ЖОО-да әлемнің 17 елінің жастары мен 30 ұлт пен ұлыс өкілдері арасында мәдениетаралық диалогы мен ұлтаралық толерантты тәрбие жүріп жатыр. Қазіргі жаһандану жағдайында Түркі тілдес әлемді рухани біріктіруші білім беру орталығы ретінде Ахмет Ясауи университетінің идеологиялық маңызы зор.

Университет миссиясы – түркі тілдес мемлекеттер мен қауымдастықтардан келген жастар үшін  сапалы білім ұсыну, инновациялық білім мен ғылыми зерттеулер саласында көшбасшы болу. Мақсаты – инновациялық ғылыми және білім беру технологияларын белсенді ендіретін, қарқынды түрде дамушы университет құру. Басты құндылықтар: Рухани жаңғыру. Достық, теңдік және толеранттылық, Ашықтық, Өнегелілік, Кәсіпқойлық, Инновациялылық.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 139 рет