Жексенбі, 14 Сәуір 2024 18:13

Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Түркістан облысындағы жұмысын Кентауда қорытындылады

ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпараттық десанты Түркістан облысында «Егемен елдің ертеңі – айбынды жастар» акциясы аясындағы іс-шараларын өткізді. Қорытынды кездесу Кентауда ұйымдастырылды.

Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы Түркістан облысының жергілікті әскери басқару органдарының басшылығымен тығыз байланыста өтті. Акцияға орта мектептердің, колледждердің және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының оқушылары қатысты. Кентауға келген астаналық офицерлер қала әкімі Жандос Тасовпен кездесу өткізді. Елордадан келген қонақтарды қарсы алған әкім қаладағы жастар ұйымдары, патриоттық клубтар мен үйірмелер жұмысының оңды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.

Қала әкімі өскелең ұрпақты тәрбиелеуде жаңа технологияларды меңгеріп, отансүйгіштік сезімін оятуға мән беру керектігін, әскери-патриоттық үйірмелерде алған білімнің қай салада болмасын пайдасы тиетінін жеткізді.

Одан кейін Әлия Молдағұлова атындағы №19 және Ю.Гагарин атындағы №16 орта мектептерінің 9-11-сынып оқушыларымен «Патриотизм – Қазақстанның өркендеуінің негізі» тақырыбында ерлік сабағы форматында кездесулер ұйымдастырылды. Қонақтар әскери қызметке шақыру тәртібі мен әскери оқу орындарына қабылдау талаптары туралы айтты. Сарбаздардың мерзімді әскери қызметін өтегеннен кейін алатын жеңілдіктеріне ерекше назар аударылды.

Мектеп оқушылары қонақтардың мазмұнды да тартымды сөздерін ерекше ықыласпен тыңдап, өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя білді.

«Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев жігіттердің күш-қуаты, жігері, шығармашылық әлеуеті зор екенін, оларды өмірдің басты мақсатына жетуге бағыттау керектігін атап өтті.

Шәмші Қалдаяқов атындағы қалалық мәдениет сарайында Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаhарманы, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100-жылдығына арналған «Халық жүрегіндегі батыр» атты іс-шара ұйымдастырылды. Шара Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концертпен аяқталды. Отан туралы әндер, музыкалық композициялар мен би қойылымдары жас көрермендерге ерекше қуаныш сыйлады.

Осы орайда «Жас ұлан» республикалық мектебіне қалай түсуге болатындығы туралы аз-кем айта өтсек. «Жас ұлан» республикалық мектептеріне  он бес жасқа дейінгі, оқуға түсетін жылы он алты жастан аспаған, орта білім беру ұйымының 9 (12 жылдық оқу бағдарламасы бойынша 10 сынып) сыныбын оқуға түсетін жылы бітірген және негізгі орта білімі туралы куәлік алған Қазақстан Республикасының жасөспірім азаматтары қабылданады.

Денсаулық жағдайы оқуға жарамды оқуға түсушілер оқуға қабылдайтын жылы 1 тамыз бен 5 тамызда (қоса алғанда) Мектепке ата-анасымен (заңды өкілдерімен) келеді және осы Қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген құжаттарды қоса тіркей отырып, Мектепке қабылдау туралы өтініш береді.

Қабылдау комиссиясына құжаттарды толық ұсынбаған оқуға түсушілер қабылдауға жіберілмейді.

Қабылдау комиссиясына құжаттарды толық ұсынбаған оқуға түсушілер оқуға қабылдауға жіберілмейді.

Мектепке қабылдау жылының 6 тамыз бен 20 тамызын қоса алғанда, конкурстық негізде 5 (бес) кезеңде жүзеге асырылады:

I кезең - кәсіби-психологиялық іріктеу;

II кезең - негізгі орта білім беру бағдарламасы бойынша математика және оқитын тілінен тестілеуден өтеді;

III кезең – «Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларын және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № 716 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21869 болып тіркелген) (бұдан әрі – Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидалары) сәйкес түпкілікті медициналық куәландыру;

IV кезең - осы Қағидаларға 2-1-қосымшаға сәйкес нормативтер бойынша дене шынықтыру даярлығын тексеру.

V кезең - конкурстық іріктеу және оқуға қабылдау.

Оқуға түсушілерді қабылдаудың әрбір кезеңінде бір рет қана таапсырады. Алдыңғы кезеңнен өтпеген оқуға түсуші келесі кезеңге жіберілмейді.

Оқуға түсушілерді кәсіби-психологиялық іріктеу уәждемелілік, күйзеліске төзімділік, сыншылдық және логикалық ойлау деңгейін тексеруді қамтиды және оны қабылдау комиссиясы Құрылымдық бөлімшенің келісімі бойынша мектептің тәрбие және идеологиялық жұмыс бөлімімен бірлесіп жүргізеді. Кәсіби-психологиялық тестілеу нәтижелері бойынша ұсынылмаған оқуға түсушілер кезеңнен өтпеген болып саналады.

Математика және оқыту тілі бойынша тестілеу түсушілердің білім деңгейін анықтау үшін жүргізіледі.

Математика және оқыту тілі бойынша тест сұрақтары үлгілік бағдарламаларда көзделген негізгі орта білім беруге арналған бағдарламаны ескере отырып жасалады және әрқайсысы 20 сұрақтан тұрады. Тест тапсырмасындағы 1 сұрақ 1 баллға тең.

Келесі кезеңге өту үшін әр пәннен 5 баллдан кем болмауы керек.

Оқуға түсушілерді түпкілікті медициналық куәландыру денсаулық жағдайы бойынша мектепте оқуға жарамдылығын айқындайды.

Оқуға түсушілердің дене шынықтыру дайындығын тексеруге осы Қағидаларға 2-1-қосымшаға сәйкес негізгі орта білім беруде қарастырылған дене шынықтыру нормативтері жатады. Барлық жаттығу бойынша 60 баллдан төмен жинаса және екі норматив бойынша ең төмен балл жинамаған оқуға түсушілер кезеңнен өтпеген болып саналады.

Конкурстық іріктеуге оқуға түсушілердің ең жоғары және ең төменгі рейтингілік балының рейтингісін жасау кіреді де, қабылдау комиссиясы оны оқуға қабылдау жылының 20 тамызында жүргізеді.

Мектепке бірінші нөмірден бастап қабылдау жоспары бойынша бөлінген орындар санына сәйкес келетін нөмір бойынша рейтингте тұрған оқуға түсушілер қабылданады. Қабылдау жоспарын қабылдаудың жалпы саннан 10 %-ға дейін асыруға жол беріледі.

Әскери қызметшілердің балалары Заңның 52-бабының 3-тармағындағы көзделген жағдайлар болса Мектепке конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдаланады.

Қабылдау комиссиясының шешімі қабылдауы жылының 21 тамызында сағат 10.00-ге дейін жарияланады және Мектептің интернет ресурсына орналастырылады, апелляцияға өтініштер 21 тамызда сағат 18.00-ге дейін қабылданады.

Қабылдау комиссиясының қабылдау туралы шешімі қабылдау жылының 22 тамызында Мектеп бастығының бұйрығымен бекітіледі.

Мектептерге оқуға түскендер оқуға қабылдау жылының 29 тамызына дейін келеді.

1 - қосымша

Мектепке түсушілерге ұсынылатын құжаттар тізбесі

1. Оқуға түсушінің тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), туған күні, тұрғылықты мекенжайы, ата-анасының немесе заңды өкілдерінің байланыс деректері көрсетілген қабылдау туралы еркін нысандағы өтініш.

2. Туу туралы куәліктің көшірмесі (салыстыру үшін түпнұсқасы).

3. Негізгі орта білім туралы куәліктің көшірмесі (түпнұсқа және көшірме).

4. Көлемі 3х4 см фотосурет - 4 дана.

5. Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларының 33-тармағына сәйкес медициналық құжаттар мен медициналық зерттеулердің нәтижелері.

6. Оқу орны директорының мөрі бар ұсыныс хаты.

7. Спорттық разрядын, ағымдағы жылғы республикалық немесе халықаралық жарыстарда, орындаушылар конкурстарында, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадада, сондай-ақ ағымдағы жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша Президенттік не республикалық олимпиадада жүлделі орнын растайтын құжат (бар болса).

8. Жетім балалар және олардың ата-ана құқықтарының шектелуіне немесе олардан айырылуына, ата-аналарының хабарсыз кетті деп танылуына, олардың қайтыс болды деп жариялануына, әрекетке қабілетсіз (әрекет қабілеті шектеулі) деп танылуына байланысты, сондай-ақ ата-ана қамқорлығының болмауының өзге де жағдайларында ата-ана қамқорлығының болмауы фактісін растайтын мынадай құжаттардың біреуінің көшірмесін (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын) ұсынады:

ата-анасының қайтыс болуы туралы куәлік;

ата-ана құқықтарын шектеу немесе олардан айыру туралы сот шешімі;

ата-аналарды хабар-ошарсыз кетті деп тану, оларды қайтыс болды деп жариялау немесе әрекетке қабілетсіз (әрекет қабілеті шектеулі) деп тану туралы сот шешімі.

9. Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған, қызмет өткеру уақытында хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілердің балалары тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органынан анықтама ұсынады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 114 рет