Дүйсенбі, 15 Сәуір 2024 15:54

Түркістанда мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді

Түркістан қаласында Әмір Темір атындағы №3 жалпы білім беретін мектебінің 300 орындық жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Жаңа мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашев пен Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев қатысып, оқушылар мен мұғалімдерге сәттілік тіледі.

Білім ордасында заманауи пән кабинеттері мен компьютер, мультимедиа, лингафон сыныптары мен спорт залы да қарастырылған. Бұл осында білім алатын 454 оқушының өз білімдерін тереңдетуіне зор мүмкіндік береді. Түркістан қаласындағы Әмір Темір атындағы №3жалпы білім беретін мектебінің негізі 1948 жылы салынған, 1 қабатты ескі ғимарат болған. Апатты деп танылған білім ордасының орнына жаңа 3 қабатты ғимарат салынып, оқушылар игілігіне пайдалануға берілді.

Жалпы мектеп оқу ғимараты типтік жобамен салынған. Ғимарат ішінде 20 оқу кабинеті бар, Оның ішінде: 2 компьютер кабинеті, 2 мультимедиа, 3 лингафон кабинеті және спорт зал, асхана, кітапхана, медпункт, егу кабинеттері қарастырылған. Жаңа білім ұясы 2 ауысымда жұмыс істейді, 60 мұғалім дәріс береді.

Түркістан облысы демографиялық өсім бойынша елімізде көш басында. Яғни жаңа мектептерге қажеттілік мәселесі жыл сайын туындауы заңдылық. Еліміз бойынша 2021-2025 жылдар аралығында салынып жатқан мектептердің төрттен бір бөлігі – Түркістан облысына тиесілі. Төрт жылда өңірде 199 мектеп бой көтереді. Жалпы білім беру мекемелерінің жетіспеушілігін жою мақсатында жекеменшік мектептерге жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі де қолға алынған. Яғни, кәсіпкер мектеп салып, онда білім алатын әрбір оқушы үшін мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз қаржыға ие бола алады. Облыс басшылығы кәсіпкерлерді осы игі іске шақыруда. Ең құнды инвестиция – білімге салынған инвестиция. Ол түбінде ақталады. Өңірде мектеп тапшылығы аумақтар зерделеніп жатыр. Облыс билігі кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс атқаруға дайын.

Өңірдегі мемлекеттік 728 мектептің ғимараты типтік болса, 180 мектептің ғимараты ыңғайластырылған. 2023 жылдың өзінде өңірімізде 28 жекеменшік мектеп ашылып, пайдалауға берілді. 2023-2025 жылдар аралығында облыста 96 мемлекеттік мектептің құрылысы жүргізіледі.

2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» жобасы аясында облыста 63 мектептің (жобалық қуаттылығы 49 000 орын) іс-шара жоспары бекітіліп, жаңа мектеп салу үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. 2024 жылы 29 мектеп, 2025 жылы 34 мектеп пайдалануға беріледі.2024-2026 жылдар аралығында облыс бойынша 6512 оқушы орнының тапшылығын, апат алдындағы, үш ауысымды мектептердің және ғимараты ыңғайластырылған мектептердің мәселесін шешу үшін 23 мектеп салу қажет.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 143 рет