Сейсенбі, 16 Сәуір 2024 16:49

Түркістан: облыс әкімі білім саласындағы мәселелер бойынша тапсырма берді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды білім беру инфрақұрылымын дамыту туралы жиналыс өткізді. Саладағы өзекті мәселелер талқыланған отырыста әкім жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Түркістан облысындағы жалпы 912 мемлекеттік мектепте 500 мыңға жуық бала оқиды. Оның 159-ы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан, оның ішінде 35 мектепте оқушылар саманды ғимаратта білім алады. Сонымен қатар 5 үш ауысымды және 4 апатты мектеп бар. Облыста 35 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның үшеуі «Ауыл ел бесігі» бағдарламасынан, 32 мектеп республикалық бюджет есебінен. Былтыр 20 мектеп тапсырылған. Биыл қалған 15 мектеп 13-і пайдалануға берілетін болады, 2-і 2025 жылға өтпелі.

«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде 2023-2025 жылдары облыста жобалық қуаттылығы 49 мың оқушы орындық 63 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Құрылысы жүріп жатқан 29 мектеп биыл пайдалануға берілсе, келер жылы тағы да 34 мектептің құрылысы аяқталады.

Аудандық білім бөлімдері тарапынан 68 мектептің құрылысын және қосымша ғимарат салуға ұсыныс берген. Зерделеп, талдау нәтижесінде бекітілген талапқа сәйкес бірінші кезеңде 26 мектептің құрылысын салу туындап тұрғаны анықталған. Сонымен қатар 2024-2026 жылдары облыста 6 мыңнан астам оқушы орын тапшылығын, апат алдындағы, үш ауысымды мектептердің мәселесін жою және ғимараты ыңғайластырылған мектептердің орнына 23 мектептің құрылысын салуды жеке кәсіпкерлерге ұсынылды. Осы ретте 300 орынға дейінгі мектептерді салуды жеке инвесторлар есебінен немесе мемлекеттік-жекешілік әріптестік тетігі арқылы іске асыру жопарлануда.

Жиналыста 2022 жылдан бері тапсырылған 4 мектеп құрылыс пен жылу жүйесіндегі ақаудан әлі тапсырылмай отырғаны айтылды. Облыс әкімі мәселені шұғыл шешуді міндеттеді.

– Мектеп тапшы болып отырғанда, сіздер дайын мектепті тапсыра алмай отырғандарыңыз қалай? Сонда осы уақытқа дейін неге үнсіз отырсыздар? Шұғыл түрде барлығын анықтап, шешу керек. Бір апта уақыт беремін. Маған сылтау айтып, ақталудың қажеті жоқ. Қолдарыңыздан келмейді ме, оны айтыңыздар. Мердігерлердің кінәсі болса, оны да анықтау керек, - деді Дархан Сатыбалды.

Облыста 1900-2011 жылдар аралығында пайдалануға берілген 121 мектеп күрделі жөңдеу жұмыстарын қажет етеді. Оған қажетті қаржы көлемінің жалпы сомасы – 88 млрд. теңгені құрайды. Қазіргі таңда 60 мектептің құжаттары дайын. 2024 жылға 19 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жалпы 7,2 млрд.теңге қаржы қаралды.

Облыс әкімі күрделі жөндеуді қажет ететін кей білім ошақтарының тым қымбатқа бағаланғанын айтып, жөндеуге қаралған қаражатын қайта қарап шығуды тапсырды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 169 рет