Жұма, 19 Сәуір 2024 11:18

Түркістанда географиялық көрсеткіштерді қорғау және олардың ұлттық брендтерді ілгерілетудегі рөлі жөніндегі халықаралық семинар өтті

Түркістан қаласында «Географиялық көрсеткіштерді құқықтық қорғау және олардың ұлттық брендтерді ілгерілетудегі рөлі» тақырыбында халықаралық семинар өтті. Семинарды Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) қолдауымен ҚР Әділет министрлігі ұйымдастырды.

Тұрақты дамуды ілгерілетудегі географиялық көрсеткіштердің ерекше рөлін талқылау мақсатында өтіп жатқан басқосу ДЗМҰ, Еуропалық Одақ, Әзербайжан, Орталық Азия елдерінің, мемлекеттік органдардың, ғылыми және білім беру мекемелерінің, өндірушілер мен мамандардың басын қосты.

Семинарды ашқан ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев: «Географиялық көрсеткіштер бүкіл әлем бойынша белгілі бір өңірдің тауарлары мен қызметтерін тануды арттырудың және агроөнеркәсіптік өңірлерді дамытудың орнықтылығын арттырудың тиімді құралы. Түркістан облысы еліміздің негізгі аграрлық өңірлерінің бірі және көптеген географиялық көрсеткіштерді тіркеуде үлкен әлеуетке ие», - деді өз сөзінде.

– Бүгінгі семинар халықаралық тəжірибелерді зерделеу мақсатында өткізіліп отыр. Семинарға Дүниежүзілік жəне Орталық Азия елдерінің зияткерлік меншік және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер мен патенттік сарапшылар қатысуда. Əзербайжан, Тəжікстан жəне Өзбекстан Республикасынан делегациялар арнайы келіп отыр. Географиялық белгілерді құқықтық қорғау жергілікті экономиканың дамуына ықпал етіп қана қоймай, жаһандық аренада Түркістан облысының оң имиджінің қалыптасуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде кəсіпкерлер мен өнертапқыштардың өз еңбектерін қорғауына өз септігін тигізеді. Географиялық патент арқылы Түркістан облысында өндіретін өнімдердің ет, сүт жəне бау бақша дақылдарынының əлемдік нарыққа шығуына мүмкіндік береді деп санаймын. Себебі облысымызда органикалық таза өнімдер өндіріледі. Бүгінгі семинарда көтерілген мəселелер еліміздің тауар өндірушілеріне тиімді болады деп сенемін. Сонымен бірге Түркістан өңірінде жаңа брендтерді қалыптастыруға серпін береді деп ойлаймын, – деді іс-шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Руслан Берденов пен Болатбек Нажметдинұлы ҚР үшін географиялық көрсеткіштердің маңыздылығын, өндірушілер, тұтынушылар және жалпы қоғам үшін, оның ішінде бәсекеге қабілеттілікті арттыру, дәстүрлі білім мен мәдени мұраны сақтау, туризм мен экологияны дамыту тұрғысынан географиялық көрсеткіштерді құрудың артықшылықтары мен сын-тегеуріндерін атап өтті.

Семинарда географиялық көрсеткіштерді ұлттық деңгейде тіркеу және пайдалану тәжірибесіне арналса, семинардың екінші күні Әзербайжан мен Орталық Азия елдерінде географиялық көрсеткіштерді пайдалануды құқықтық реттеудің тұжырымдамалық мақсаттары мен мәселелері қаралды.

Алматы апортын өндірушілер қауымдастығының өкілдері «Алматы апорты» географиялық нұсқауының құрылу және тіркелу тарихы туралы айтып берді. «Балмұздақ» ЖШС өкілдері Түркістан шоколадын және Түркістан балмұздағын қолдану және тіркеу тәжірибесімен бөлісті.

ДЗМҰ брендтер секторының Лиссабон тізілімінің директоры Александра Грациоли географиялық көрсеткіштер ел ішінде және халықаралық нарықтарға сапалы ауылшаруашылық өнімдерін ілгерілету құралы ретіндегі орны туралы баяндама жасап, бүкіл әлем бойынша мүше мемлекеттерде өндірілетін өнімдердің түрлерінің мысалында оларды пайдалану принципін баяндады.

Географиялық көрсеткіштерді қолдану тәжірибесімен Әзербайжан, Тәжікстан және Өзбекстан өкілдері бөлісті. Орталық Азиядағы Hilfswerk International өкілдігі миссиясының басшысы Умед Асланов Орталық Азиядағы географиялық көрсеткіштер жүйесін ілгерілетудің тұрақты әдістері мен тәсілдері туралы айтып берді.

Сонымен қатар семинар аясында Қазақстанның түрлі өңірлерінен 50-ден астам кәсіпкерлік субъектілері қатысқан ұлттық брендтердің екі күндік көрмесі өтті. Кәсіпкерлердің көрмеге қатысуы олардың зияткерлік меншікті қорғау қажеттілігі туралы түсінігін және өз өнімдерінің әлемдік нарықтағы позициясын нығайтуға өз үлесін қосуға дайын екендігін көрсетті. Географиялық белгілерді тіркеу өнімдердің бірегейлігін заңды қорғауды және сақтауды қамтамасыз етудің және тұтынушылардың назарын ұлттық брендтерге аударудың негізгі қадамы ретінде танылады.

ДЗМҰ қолдауымен өткен семинар ауыл шаруашылығы өнімдері мен басқа да тауарлар мен қызметтердің тұрақты дамуын ілгерілетудегі географиялық көрсеткіштердің ерекше рөлін талқылау үшін мемлекеттік органдардың, ғылыми және білім беру мекемелерінің, өндірушілер мен мамандардың өкілдерін біріктірді және белсенді диалог пен әртүрлі елдердегі географиялық көрсеткіштерді дамытудың өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылау алаңына айналды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 88 рет