Жексенбі, 21 Сәуір 2024 10:36

Түркістан облысының колледждеріне білім сапасын жақсарту бағытындағы жоспарлар жүзеге асады

Түркістан облысында 50 колледжде 73 мамандық бойынша 41270 студент білім алуда. Облыста ауыл шаруашылығы бойынша, медицина – 6, гуманитарлық, педагогикалық – 10 және техникалық бағытта 15 колледж жұмыс істеп тұр. 15 колледж көпсалалы мамандар даярлайды.

Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде колледждерде білім сапасын көтеру, заман талабына сай мамандар даярлау мәселесі қаралды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды колледждердің жұмысын жақсарту бағытында нақты тапсырмалар берді.

– Республикалық және облыстық бюджет тарапынан арнаулы оқу орындарына тиісті қаржы бөлінуде. Ол нақты мамандар даярлауға, білімді жастар шоғырын қалыптастыруға ықпал етуі тиіс. Ұзақ жыл басқарып, жақсы нәтиже көрсете алмаған директорлар ротанцияланбай, жұмыстан босатылуы керек. Сонымен бірге оқытушылар құрамын да қадағалап, жұмыстарын реттеңіздер. Біздің колледждер тек өңірге қажетті мамандықтармен шектелмей, басқа салалар бойынша да біліммен қамтылсын. Колледждерге жүйелі өзгерістер, реформалар жасау қажет. Жаңашылдықтар, жаңалықтар енгізіңіздер. Шетелге тәжірибе алмасуға барған ұстаздар өз білгендерін үйретсін. Әр іссапар нақты нәтижеге жетелеуі керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық білім басқармасы басшының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтің айтуынша, соңғы жылдары облыстағы колледждердің маман даярлау бағыттары өзгеріп, басым бөлігі көпсалалы колледждерге айналған. Бұл маман даярлау сапасына кері әсерін тигізеді. Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті тарапынан 2022, 2023 жылдары өткізген мемлекеттік аттестациялау барысында 3 жылдан бері кадрлар даярланбаған 17 колледждегі 58 мамандық пен 83 біліктіліктің лицензиясы кері қайтарылған.

Облыс әкімі колледждерде заман талабына сай 10 мамандық ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған байланысты өңірдегі колледждерде жылжымайтын мүлікті басқару, құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылыс, қала қатынас жолдарын салу және пайдалану, лифт шаруашылығы және эскалаторлар (түрлері бойынша), газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін құрастыру және пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеу, тоңазытқыш-компрессорлық машиналар мен қондырғыларды пайдалану, монтаждау, ландшафтық дизайн, ет және ет өнімдерін өндіру, сүт және сүт өнімдерін өндіру, жемістер мен көкіністерді сақтау және қайта өңдеу, тері және тон бұйымдарын өндіру технологиясы, тері мен былғарыны химиялық өңдеу, өрт қауіпсіздігі жаңа мамандықтарын ашу жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, қазіргі таңда жалпы мемлекеттік тапсырыс аясында білім алушылар саны – 29102 студент. Биылғы оқу жылында мемлекеттік тапсырыспен 15344 студент қабылданып, тапсырма толығымен орындалды.

Осы уақытқа дейін өңірдегі колледждер өз мамандарын Өзбекстан, Түркия, Оңтүстік Корея мемлекеттерінде арнайы оқытудан өткізсе, 2024-2025 жылдары басқарма тарапынан колледж қызметкерлерін Қытай, Түркия, және Германияға тәжірибе алмасу үшін іссапарға жіберу жоспарланып отыр.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 132 рет