Сенбі, 27 Сәуір 2024 14:36

Дархан Сатыбалды Кореяда білім алып жатқан жастармен кездесті

Түркістан облысынан барған делегация мүшелері білім және ғылым салаларында ынтымақтастық орнату үшін Оңтүстік Кореяның жоғары оқу орындарының бірі Woosong университетінің Солбридж халықаралық мектебінде болды. Дархан Сатыбалды оқу ордасының студенттік қалашығында болып, сонда білім алып жатқан қазақстандық жастармен жүздесті. Жоғары оқу орны өндіріске негізделген техникалық мамандар дайындайды.

– Оңтүстік Корея мемлекетіне іссапарымыз аясында еліміздің көптеген жастары осы оқу орнында білім алып жатқанын естіп, сіздермен кездесуге арнайы келіп отырмыз. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев IT саласында білікті мамандар даярлау міндетін қойды. Осыған орай ақпан айында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Астана қаласында Вусонг университетінің өкілдерімен жүздескенін білесіздер. Нәтижесінде Түркістан қаласында «Вусонг» университетінің филиалын ашу мәселесін қарастырды. Президенттің осындай іргелі бастамаларын жүзеге асыру бойынша Қазақстанда 12 шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылғанын атап өту керек, – деді Дархан Сатыбалды жастармен кездесуінде.

Университетте Қазақстаннан барған 85 жас білімін жетілдіріп жатыр. 150 студент осында оқуын бітірген. Жат елде білім алып жатқан жастар туған жерге деген сағыныштарын жеткізді.

– Еліміздің болашығы өздеріңіз сияқты білімді жастардың қолында. Түркістан өңірі Қазақстанның рухани астанасы. Біз арқашанда мемлекеттер арасындағы достықты, қарым-қатынасты нығайтуға бар күш жігерімізді саламыз. Сіздерді оқуды аяқтағаннан кейін елге келіп еңбек етуге, туған жерді дамытуға өз үлестеріңізді қосуға шақырамын. Әрқайсыңыздың білімдеріңіз біздің елдің экономикасын дамытуға үлкен серпін берері сөзсіз. Білімді болыңыздар,– деді өз сөзінде облыс әкімі.

Жұмыс сапары аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған облыс делегациясы Woosong қорының төрағасы Ким Джонг Хёнмен кездесті. Тараптар IT мамандығы бойынша студенттерді дайындайтын бірлескен оқу орнын ашу мәселесін жан-жақты талқылады. Түркістан облысында IT мамандарға басымдық берілуде. Аймақ басшысы білім беруге, ғылымды өркендетуге салынған инвестицияның қайтарымы келешекте айқын көрінетінін айтып, осы саладағы жобаларды қолдап келеді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 133 рет