– Әр аудан, қаладағы ғимараттардың құрылыс сапасы қатаң бақылауда тұр. Спорт нысаны жоспардағыдай салынып жатыр. Осы қарқында жалғастырыңыздар. Бұл нысанда жастар спортпен шұғылданады. Дені сау ұрпақ – болашаққа салынған басты капитал, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Келес ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысымен салынып жатқан спорт кешенінің құрылысын «Корпорация Ақ ордасы» ЖШС жүргізуде. Жалпы аумағы – 0,50 га. 2023 жылы басталған құрылыс жұмыстарын биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Одан бөлек, өткен жылы Келес ауданы, Абай ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 600 орындық білім ұясының құрылысы басталған. Ауданға іссапары барысында облыс басшысы Дархан Сатыбалды мектептің құрылыс қарқынын көрді.
Білім ордасы «Samruk-Kazyna» АҚ тапсырысымен салынып жатыр. Мұндағы құрылыс жұмыстарын «КДСМ» ЖШС жүргізуде. Жер көлемі – 3,85 га. Жоба құны – 5,6 млрд теңге. Нысанды биыл аяқтау көзделіп отыр. Айта кетейік, Түркістан облысында үш жылда 100 мектеп салу жоспарланған. Оның 63-і «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтеруде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамыту және мұғалімдерді қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атаған еді. Артынша мемлекет басшысы үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар, жаңа мектептер ең заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті оқу кабинеттерімен, спорт залдарымен жабдықталуы тиіс. Бастауыш және орта сыныптарды жеке асханалары, жуынатын бөлмелері, спорт залдары бар бөлек блоктарда оқыту ұсынылады.
Осылайша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде биыл 217 мектептің құрылысы басталып кетті. Ұлттық жоба аясында апатты мектептерді, үш ауысымда оқытуды және тапшылықты жою үшін 401 жайлы мектеп салынатындығы айтылған. Сондай-ақ 2024 жылы 226, ал қалған 175 мектеп 2025 жылдың соңына дейін ашылады деп жоспарланып отыр.
Отандық өндірушілер мектептерді құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге дайын. Мысалы, барлық 401 мектептің жиһазына деген қажеттілік 1,5 миллион бірлікті құрайды. Отандық тауар өндірушілер бұл көлемді 100%, тіпті одан да көп қамтуы мүмкін. Егер олар бірдеңе істей алмаса, кепілді сатылыммен олар оны өндіру үшін қосымша жабдықты сатып алуға дайын.
Жобаның жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге. Оның 1 трлн 960 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 646,5 млрд теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді. Биыл 499,9 млрд теңгені, 2024 жылы – 1 трлн 038,3 млрд теңгені, 2025 жылы 1 трлн 068,2 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр. Бұл ретте бөлінген қаржының 2 трлн 36 млрд теңгесі мектептердің құрылысына, ал 243 млрд теңгесі пайдалануға берілген білім ордаларын күтіп ұстауға жұмсалады.
Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1 200, 1 500, 2 000 немесе 2 500 орындық деп белгіленген жеті түрлі нұсқаның біріне сай салынуы қажет. Олардың әрқайсысында роботтехника кабинеті, бірнеше зертхана, ауданы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Сондай-ақ мектептерде бастауыш сыныптары (9х18м) мен орта буын, жоғарғы сынып оқушыларына (36х18м) бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпта интерактивті тақта және мұғалімге арналған компьютер қойылады. Жаңа мектептерде ерекше балалар үшін кедергісіз орта құрылуы керек: арнайы пандустар, лифтілер, дәретханалар, инклюзивті білім беру бөлмесі дайындалады. Сонымен қатар интерьер дизайнының бірқатар элементі мен архитектуралық шешімдері ұлттық нақышта жасалуға тиіс.
Құрылыс кезінде жалпы жағдайды бақылайтын ақпараттық цифрлы платформа жұмыс істейтін болады. Ақпараттық жүйе алғаш рет осындай ірі ұлттық жобада қолданылмақ. Электронды жүйе құрылыстың барлық кезеңін ашық бақылауға мүмкіндік береді. Жүйенің ерекшелігі – тапсырыс беруші, құрылысшылар, әкімдіктердің бірнеше басқармасы, министрліктер, техникалық бақылау сарапшылары және басқалары бірлесіп жұмыс істеп, бірге тапсырма беріп, оны бақылап, мәселе туындаса сол бойда бюрократиясыз, уақтылы шешіп отырады.
Айтақшы, мердігер компанияларға қойылатын талап та қатаң. Бұл жобаға кеше ашылып, бүгін майлы жіліктің басын ұстап отыратын бір күндік фирмалар қатыса алмайды. Компанияның бірінші санатты лицензия бойынша жұмыс тәжірибесі 10 жылды, екінші санатты лицензия бойынша – 5 жылды, үшінші санатты лицензия бойынша 3 жылды құрауға тиіс. Сонымен қатар соңғы бес жыл ішінде төленген салық сомасы да ескеріледі. Ережелер жергілікті компанияларға жеңілдіктер ұсынатынын да айта кетейік.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат