А.Фердауси мектебінде барлығы 116 қызметкер жұмыс атқарса, оның 81-і ұстаздық етеді. Жалпы білім ұясында 682 оқушы білім алса, оның ішінде 314-і ер бала, 368-і қыз бала. 2018 жылдың 1-қыркүйегі күні қыз балалардың барлығы дерлік мектепке діни атрибуттық белгілері бар формамен келген болатын. Мәселені шешу үшін облыстық білім басқармасы мен ішкі саясат басқармасының мамандарынан, аудан әкімдігі мен аудандық құқық қорғау органдарының мамандарынан арнайы жұмысшы топ құрылып, заң бойынша жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтамаған оқушылар мектептің аумағына кіргізілмеді және ҚР-ның «Білім туралы» Заңының 49-бабында көрсетілген міндеттерді орындамаған ата-аналарға тиісті шаралар қабылданды.
Наразылық танытқан ауыл тұрғындарына жұмысшы топтың мүшелері түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізді. Жұмысшы топтың құрамы мен діни бірлестік мамандары ата-аналар қауымымен, ауыл билері жəне зиялы қауым өкілдерімен бірнеше жиындар өткізіп, зайырлы мемлекеттің білім ұяларындағы ортақ стандарттарды сақтау талабы туралы хабарламалар жасады. Арнайы барған 40 психолог мектеп мұғалімдерінің және оқушылардың әрбірімен жұмыс істеп, зайырлы елдегі ең басты құндылық – мемлекет заңына бағыну екенін түсіндірді. Сондай-ақ, стресске қарсы және оның алдын алу бойынша тренингтер ұйымдастырылды.
Кейіннен облыстық білім басқармасы мен жергілікті әкімдік тарапынан әлеуметтік жоспар жасалынды. Қыркүйектің 7-нен бастап қазіргі таңға дейін оқушылар спорттық және мәдени іс-шараларға қатыстырылуда. Сондай-ақ, оқушылардың туған жерге деген патриоттық сезімдерін нығайту үшін Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында еліміздің киелі жерлері мен қасиетті қалаларына саяхаттар жасалынды. Елордамыз Астана қаласына да мұндай саяхатты ұйымдастыру көзделіп отыр.Айта кетейік, бүгінгі таңда жағдай тұрақты. Мақтаарал ауданында мектеп формасына қатысты мәселе шешімін тапқан. Оқушылардың барлығы сабаққа қатысып, білім алуды жалғастыруда.
«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»