Министр Бірыңғай сынып сағаты – бір жылда атқарылған жұмысты қорытындылап, оқушылардың ұстаздарына, мектеп ұжымына, ата-аналарына алғыс айтуына мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Сіздердің еңбекпен алған білімдеріңіз Отанға деген сүйіспеншілік пен құрметтің белгісі! Бүгін сіздермен бірге еліміздегі төрт миллионға жуық оқушы келесі сыныптарға ауысады. Бір жылда сіздер есейіп, оқуда, шығармашылықта, спортта үлкен жетістіктерге жеттіңіздер. Осы оқу жылында біздің оқушылар 10 халықаралық олимпиадада 243 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 20 алтын, 95 күміс, 128 қола медаль бар. Сіздердің әрқайсыларыңыз өз нәтижелеріңізбен мақтана аласыздар! Сіздерді шын жүректен құттықтаймын және мұнымен тоқтап қалмауларыңызды тілеймін!», - деді ол өз құттықтауында.
Министр, сондай-ақ, су тасқынымен күресте алдыңғы қатарда болып, көмекке жұмылған еліміздің педагогтарына алғысын білдірді.
«Қиындықтарға мойынсұнбай, балаларымызды оқытуды жалғастырдыңыздар, мектептерді құтқарып, мұқтаж жандарға қолдау көрсеттіңіздер және ағартушылық миссияны адал атқардыңыздар. Сіздердің ерен еңбектеріңіз бен ұстаздық кәсіпке адалдықтарыңыз үшін ең шынайы ризашылығымды білдіремін!», - деді Ғани Бейсембаев.
Сөзін қорытындылай келе, министр мектеп, колледж бітіруші түлектерге алдағы емтихандарда сәттілік тіледі.
Оқу жылын қорытындылауға арналған жаңа форматтағы шара сынып жетекшілер, оқушылар мен ата-аналардың қатысуымен қорытындылау жиынына жалғасты.
Айта кетейік, биыл Шымкентте 13 286 оқушы 11-сыныпты, 21 777 оқушы 9-сыныпты бітіреді. Ал, ертең, 25 мамыр күні білім беру ұйымдарында «Мектебім, саған мың алғыс!» атты мектеп бітіруші түлектердің салтанатты іс-шарасы өткізіледі.