Фестивальдің мақсаты кітапты насихаттау, кітап пен оқуға деген қызығушылықты қолдау, көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру болып табылады. Аталмыш шара барысында Ашық есік күнінің ашылу салтанатын дінтанушы ғалым Жандарбек Зікірия Заманханұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсын, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, Еңбек ардагері Кеңес Мәрсәліұлы құттықтау сөз сөйлеп ашып берді.
«Кітап оқу - рухани кемелдену жолы»тақырыбында «Бір ел - бір кітап», «Түркістанның таңдаулы туындысы -2024», «Бір қала - бір кітап»акциясы, жылдың мерейтой иегерлері, «Тарихы терең Түркістан», «Балалар әдебиетінің бақшасында»балаларға арналған кітап көрмесі мен инсталляциялық көрмелердің таныстырылымы жасалды.
Ашық есік күнінің келесі аялдамасындадінтанушы ғалым Жандарбек Зікірия Заманханұлының «Йассауи жолының Алтын Орда тарихындағы ролі»кітабының таныстырылымы өтті. Таныстырылым барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсын, Халықаралық туризм және меймандостық университеті қауымдастығының профессоры, доцент, философия ғылымдарының кандидаты Қымбат Рахметқызы, ҚР Журналистер Одағының, Түркі әлемі Жазушылар Одағының мүшесі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері Несіпкүл Өтебаева қатысып, аталмыш кітап туралы пікірлерін айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында жастарды кітап оқуға баулу керектігін айтты. Бір қуантарлығы — қазір жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы жоғары. Кітапты талғап, таңдап, саралап оқи білу, оны ой елегінен өткізіп түйсіну, кітаптан алған білімді өмірде өз қажетіне жарата білу әрбір адамның білігі мен біліміне, пайымы мен парасатына байланысты.
Мемлекет басшысы құрылтайдағы сөзінде: «Кітапқұмарлық — жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы — кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», — деді.
Кітапхананы пайдалануды оқырман қызметінің құрылымындағы жеке қызмет ретінде құрастырады. Кітапхана басқада мекемелер сияқты оқырманның шығармашылық дамуына қарай қызметін өзгерте алатын орын. Дәстүрлі түрде кітапхананың үш функциясын көрсетуге болады. Мысалы: ақпараттық, педагогикалық, рекрационды - демалыс түрінде. Бұл қызметтің бэрі дердік кітапхананың дамуы мен тиімді қызмет көрсетуі арқылы өлшемді. Кітапхананың бірнеше топтары құраған, олар бір - бірімен қарым-қатынас түрлі және жеке тұлға қалыптастыруына қарай бөледі. Ғылыми және арнаулы кітапханалар, техникалық, гуманитарлы, көркем, шығармашылық саладағы оқырмандарға қызмет көрсетеді. ОКЖ және тағы басқа көпшілік кітапханалар тақырыбының әртүрлігі мен оқырман контингентінің бағытына қарай қызмет кең түрде көрсетеді.
Балалар және жасөспірімдер кітапханалары арнаулы мақсатымен әдісі арқылы ерекшеленеді. Шығармашылық дамытуды арнаулы (шығармашылық одақ пен ұйым - кітапханашылары халықшығармашылық үйі т.б.) кітапханашылар атқарады, бірақ, олар жеткіліксіз. АҚШ кітапханатанушысы Д.Х. Шира: - Оқу дегеніміз тұтас қоғам, сондықтан ол тұтас адам қалыптастырады. Ал кітапхананың құндылығы бірлестіру арқылы, жинақталған кітаптар арқылы оқырманға әсер ету — Жеке тұлғаны жан - жақты дамыту өмірінің дамуы мен қоғамның даму ерекшелігіне және адам талғамына байланысты, қоғамда - жұмыскер, қоғам қайраткері, адамгершілік қасиеті мол жоғарғы мәдениетті эстетикалық құндылықтарды қадірлейтін, адамдар қажет еді.
Кітапханашылардың міндеті: - жеке тұлға қалыптастыруда саяси, эстетикалық, адами, мәдени, ғылыми көзқарасты, өздігінен ойлай білетін интелектуал оқырмандар тәрбиелеу. Сондықтан тек оқырмандардың сұранысын қанағаттандырды қоймай, оның көзқарасын өзгерту, тереңдету міндеттін жүктейді: Бұл міндет түрлі басқару бағдарламаларының көмегімен түрлі оқырман топтарына және жеке оқырманға пайдаланылады. Қ.Р. егеменді мемлекет болуы кезінде -оқырманның аз оқуы қорқыныш тудырды - өйткені екінші сауатсыздық кезеңі туындап кетуі мүмкін. Сондықтан қоғам дамуына оқудың және жазудың мәдениет құрамы оның түрлі көпшілік ақпарат құралдары арқылы бүкіл дүние жүзіне тарайтынын түсіндіру қажет. Көпшілік ақпарат құралдарымен және электронды құралдарымен пайдалана білу оқығаныңды творчествалық ойлау арқылы пайдаға асыру -творчествалық оқудың бірден бір құралы. Кітапқа деген сүйіспеншілік тудыру әрбір кітапханашыны міндеті болады. Жастарымыз салт - дәстүрмізді көзіміздің қарашығындай бағып жүретін, көптің көкейіне үміт отын жағып жүретін болуы тиіс.
Орыстың атақты жазушысы М.Горький «Мен бойымдағы жақсы қасиеттер үшін кітапқа қарыздармын» деген екен. Өйткені, адамның бақытты, табысты өмір сүруіне қажетті қасиеттердің ғасырлар бойы жинақталған жері, асыл қазынасы – осы кітап. Кітапты көп оқыған адам ғана кемелділікке жете алатындығы да содан. «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына» деген екен түркі жұртының ұлы ақыны, ойшыл Әлішер Науаи. Расында қай ғасырда да кітаптың алатын орны бөлек. Кітап кемелденуге көмектеседі. Қаншама технологиялар шығып жатыр. Бірақ олардың бәрі кітапты алмастыра алмасы анық. Оқыған адамның күні – қашан да жарық.
Қандай кітап оқу керек дегеннің өзі қай кезде болмасын, үлкен мәселе. Заманның ағымына қарай, қазіргі оқырмандар жаппай Батысқа қарай бет бұрған. Батыстық құндылықтарды насихаттаған әлеуметтік желілер адамдардың рухани тіршілік көзіне айналып жатыр. Қалғандары мотивациялық, детектив, эротикалық кітаптарды оқығанды жөн кереді. Ал ғалымдар бұл екеуін де құптай бермейді. Мұндай әдебиеттердің күткендегідей нәтиже бермей, яғни шаршаған адамның миындағы ауыр ойлардан сейілте алмайтындығын айтады.
Ғалымдар ұлттық, классикалық әдебиеттерді оқу адам миының жақсы жұмыс істеуіне көмектесетіндігін дәлелдеген. Шығармаларда суреттелген өлмес идеялар ауру тудырған негатив ойлардан тазартып, мидың жұмысын жандандырып, жаңғыртып, өміршең ойлармен жаңаша ойлантып, айналасында болып жатқан оқиғаларды шынайы түсіне бастауы арқасында өмірге деген құлшынысы арта түсетін болады. Кітап – адам жанының емшісі. Кез келген кітапты оқығанда, оның міндетті түрде жақсы, не жаман әсері болады. Әсіресе көркем шығарманың оқырманға берер эстетикалық әсері зор. Шаршағанда, не болмаса стреске түскен жағдайда әдеби шығарма оқысаңыз сұлу сөздің, көркем табиғаттың, кемел кейіпкердің, асыл армандардың, асқақ идеялардың шынайылықпен көркем кестеленуі ойыңды бірте-бірте сергітіп, жаныңды жадыратып, ерекше бір сезімге, күйге бөлейді.
Қазіргі заманның өзгешелігінен туындап жататын психологиялық қиындықтарды библиотерапиямен реттеу кең өріс алып келеді. Психологтар стресті жағдайда өзің ұнататын жазушының кітабын оқуға кеңес береді. Жақсы кітаптағы өміршең ойлар жаныңды мазалап жүрген келеңсіз ойларды қуып қана қоймай, мәселені шешуге көмектесетін жақсы жолды да көрсетеді. Мысалы, қазақтың ұлы ақыны Абайдың ғибратты өлеңдерін, қарасөздерін қайталап оқыған сайын күрмеуі көп өмір түйткілдерін шынайы түсінуге жол ашады. Кітап оқығанда, мына нәрсеге назар аударған дұрыс. Сөз өнері – ұлттық. Сондықтан да оқырманға өз ұлтының классикасын оқу – оның жан дүниесіне жақындау; көбірек әсер ететіндігі анық. Жалпы, ұлттық болмысқа сай келетін шығармаларды оқу – адамның рухани жағынан сау, рухының күшті болуының, жалпы, денінің сау, өміршең азамат болып өмір сүруінің бірден-бір шарты.
Кітап оқудың да оқуы бар. Оқиға желісін, мазмұнын қуып оқу бар да, асықпай, ондағы көркем мәтіннің астарында жатқан терең ойларға бойлау тағы бар. Кітапты ойланып отырып, іштен оқу электромагниттік толқындар арқылы адам организмінің жасушаларына дейін әсер етіп, мәтін позитив болса, генді сауықтырып, қуаттандыратынын, негатив болса, жарақаттайтынын ғалымдар анықтаған. Сондықтан да кез келген қолға түскен кітапқа үңіле бермей, өзіңе керекті, пайдалы, өзің қызығатын шығармаларды алдын ала жоспарлап оқу маңызды. Ол үшін алдымен, оқылуы тиіс кітаптардың тізімі жасалады. Ол тізім мамандық бойынша, танымдық, көркем шығармалардан тұруы мүмкін. Әр оқырман өзінің сүйікті жазушысының кітабын бірінші кезекте оқиды.
Кітапқұмарлардың белгілі бір оқу дағдылары бар. Ол адамның кітап оқитын уақыты, ол кезде қанша бетті үлгеретіні қалыптасқан. Кітаптан оқырман өзіне керегін іздейді; оны тапқан кезде қаламмен түртіп алып отырған жөн. Қажет жерлерін қайта оқып, миға тоқып, тіпті үзінділерін жазып отыруға болады. Оқып біткен соң, алған әсеріңізді, өзіндік пікіріңізді қысқа қайырып, түртіп қойсаңыз, есіңізде ұзақ уақыт сақталады. Жалпы, оқырман кітапқа үңілгенде, екі контекст бар: бірі, яғни кішісі – кітаптағы мәтін айналасы, екіншісі, үлкен контекст, ол сіздің біліміңіз, тәжірибеңіз, келешегіңіз...
Кітапты оқыған сайын бойыңызда сенім күшейеді. Сөздік қорыңыз көбейеді, ойыңызды анық әрі дәл жеткізуге үйренесіз: өйткені кітаптағы дайын үлгілер көз алдыңызда не жадыңызда жаңғырып тұрады. Ойлау жүйеңіз кеңейеді, көркем сөйлеп дағдыланасыз, мәдениет пайда болады, агрессия азайып, жанашырлық молаяды. Ерік-жігеріңізді тәрбиелейсіз, қайратыңызды жанып, табанды болсаңыз шынығасыз, өміріңіз, іс-әрекетіңіз, жоспарыңыз жүйелене түседі.
Көркем әдебиетте сөздің құлпырып, оқырманға оң әсерінің күшейе түсуіне теңеу, эпитет, метафора, әсірелеу, кішірейту, ассонанс, аллитерация, анафора секілді айшықтау құралдарының қолданылуы айтарлықтай ықпал жасайды. Осылайша, жан-жағына сәулесін шашып, мың құбылған сөздерден жасалынған көркем бейнелердің қастерлі бола түсетіндігі түсінікті болса керек. Көркем сөздің қуатымен мәңгі жасап келе жатқан не бір әдеби бейнелер ұлттың ұлы ұстындарына айналып, рухани күш беріп, болашаққа жол көрсетуде.
«Кітап – қарым-қатынастың құдіретті құралы болғандықтан», адамның мәдениетін байытып, өрісін кеңейтіп, табиғаттың күшін өзіне қызмет еткізеді. Мәдениеті мол кітаптың әр бетін оқығанда әлемнің ақылды адамдарымен пікірлескендей күй кешуге болады. Адамгершілігі мол мәдениетті адамдардың қайсысы болсын, кітапқа құмар жандар. Орыс ғалымы Н.И.Пирогов «жақсы кітап – жақсы қоғам тәрізді. Сен қай кітаптарды оқығаныңды айтшы, мен сенің кім екеніңді айтып берейін» – деп бекер айтпаған секілді. Сондықтан да, «кітап – өмір ұстазы». Жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуы тиіс. «Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес» деген еді қазақ әртісі Серке Қожамқұлов. Ақылды, мәдениетті жазылған кітап әрбір адамның тағдырында кездескен қандай кедергіні болсын жеңуге көмектеседі...
Кітапты мәдениетпен ұштастырмайынша болашақ қоғамның мұратын ұғыну қиын, мәдениетсіз білім де, тірлік те, еңбек те заман талап етіп отырған сатыға шыға алмасы белгілі. Ал кітаптан мәдениет үйренем деген адамның ақылы айқын, ерік-жігері мол, мақсаты маңызды болмақ. Сондықтан адамның кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен кітап мәдениеті керек. Кітап мәдениетін игерген әрбір ғалымның еңбегі міндетті түрде құндылығымен, ғылымдағы үдерісімен ерекшеленеді.
Кітап оқу адамның санаға қабылдау қабілетін, ойлау жүйесін жақсартады. Ондай адамға қарттық ерте келе қоймайды. Ол үшін кітапты асықпай, мұқият отырып оку қажет. Кітап оқудың екінші пайдасы – көңіл күйге әсер беретіні. Адам кітап оқып отырып кейіпкерлердін тағдырына алаңдайды, әлеуметтік қабылдаудан өткізеді. Осындай жағдайда адамның жүрегін тыныштандырып, жанын жайлататын кітап қана қалып отыр. Кітапта жоғарыда біз айтып өткен жаһандану дәуірінің келеңсіз жақтарының бірі де жоқ, керісінше, кітап оқығанда, сырласыңды тапқандай, өмірдің сырларына тереңдей түскендей, тіпті өзіңді-өзің адам ретінде енді тани түскендей күй кешерің анық. Психологтар кітап оқығанда да жаман кітап оқыма, өйткені, ол жан дүниесіне зиян дейді. Кез келген тамақты аузыңа тыға берме, көрінгеннің сөзіне еріп, қосылып кете берме деген сияқты жақсы әуен тыңдап, жақсы кітап оқуды ұсынады. Сонда жақсы кітабымыз қандай кітап? Оның үстіне кітап оқу пайдалы десек те, біздің заманымыз сол кітаптың оқылмайтындығымен ерекшеленіп отыр.
Қазіргі оқырман кітапты әншейін уақыт өткізу үшін, онда да негізінен, детектив сияқты тақырыптарды оқитыны жасырын емес. Біздіңше, оқитын кітап гуманистік қағидалармен өмір сүрудің ұлттық жолдарын, сонымен бірге жалпыадамзаттық құндылықтарды оқырманның миына сіңіретін болуы керек. Сонда ғана барып, біздің миымыздағы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық санамыз жаңа заманға лайықты білім-ақпараттармен толығып, мұның өзі жанымызды байытып, тыныштандырып, дәуірге лайық қалыпты өмір сүруге бастайтыны анық. Жақсы кітап оқығанда, жақсы музыка тыңдағанда, (әрине, ұлттық музыка) мидың қозғалмалылығы артып, нейрондардың жұмысы жақсара түсетіндігі дәлелденген.
Кітап – адамзат баласының адам болып қала беруі үшін рухани азықтандырып отыратын ұлы тәрбиеші. Кітап болмаса бүгінгі өмірімізді көзге елестету қиын. «Әдебиет – қатайған жүректі жібітіп, қарайған көз жанарын жасқа малып, ерік-жігеріңді сілкіп, рухыңды оятпаса, ақылыңа ақыл, сабырыңа сабыр, мінезіңе мінез қоспаса, ой-танымыңды кеңейтпесе әдебиет пе өзі? Түрлі кейіптегі әдеби бейненің тағдырынан мейірім-махаббатын көріп, тамсанып, жан тазалығын көріп өз хәл-жапсарыңа үңілмесең, онда уақыттың зая кеткені. Түбі кез-келген көркем шығарма өз жаныңа үңілдіріп, өзіңе талдау жасайтындай қозғау салуы керек. Бұл тұрғыда, әлем әдебиеті де, қазақ әдебиеті де ғаламатқа толы. Америка, Еуропа, шығыс және төл әдебиетімізде оқыған кезде жүрегіңді елжіретіп, жаныңды жадырататын, жігеріңді қайрап, махаббатымен тәнті ететін тағдырлар жетерік. Әдебиеттің арқасында қиялды ерттеп мініп, жетіқат көктің үстіне, жетіқат жердің астына, ғаламшардың небір ғаламатына да саяхаттап, тамашалап келеміз. Әдебиет те уақыт шегарасы жоқ. Қаласаң өткенге, қаласаң болашаққа бара аласың. Әр деміңді сөзбен суреттеп, көз алдыңа әкелген жазушы сөз арқылы дүние-тірліктен қатайып кеткен жүрегіңді тазалап, тірілтіп отырады.
Кітап оқуға балаларды жастайынан үйреткен жөн дейді ғалымдар. Оқу – балалардың білімін, мәдениетін жетілдірудің, азамат ретінде қалыптасуының бірден-бір маңызды факторы. Оқу балалардың дүниетанымының тереңдеп, ой-өрісінің кеңеюіне, ойлау қабілетінің жетіліп, мінез-құлқының қалыптасуына ықпал етіп, рухани жағынан бай, жан-жақты жетілген адамды тәрбиелеуде жетекші рөл атқарады. Жетімдіктің азабын тартқан орыстың ұлы жазушысы Максим Горький «Менің ұстазым – кітап» деген екен. Классиктің өмірбаянында кітапқа байланысты қызық деректер бар. Бала кезінде ата-анадан айырылған оны нағашы атасы енді «өз күніңді өзің көр» деп үйінен шығарып жіберген. Он бір жасынан бастап ол әркімге жалданып еңбек етеді. Максим балалықтағы ащы өміріне байланысты «Горький» деген ныспыны алғанын айтады. Сондай сәттерде оның жалғыз жұбанышы кітап болыпты. Бала күнінде біреуге жалданып, дүкеннен заттар алып келеді екен. Заттар алуға берілген ақшадан үнемдеп, одан қалған тиын-тебенге дүкенге келеді де әртүрлі кітаптарды жалға алады. Түні бойы майшамның жарығымен соларды оқиды. Оның бұл әрекетін байқаған басшысы майшамды жаққызбай, кітап оқуға тыйым салыпты. Сонда Максим кітаптарды түнде айдың жарығымен оқитын көрінеді. Күндіз қара жұмыс істеп, түнде кітап оқыған жетім бала өткеннен алған сабағын жазып классик жазушы атанды.
Білімді адам – бай адам. Ақша, дүние-мүлік байлығынан адам кез келген уақытта айрылып қалуы мүмкін. Ал кітап берген білім-ғылым байлығын сенен ешкім тартып ала алмайды; қанша қуғын көрсең де сенімен бірге болып, ұлы идеялар байлығы саған өле-өлгенше қызмет етеді. Табиғатынан ерекше жаралып, «адам жанының инженері» болумен бірге өз заманының көзі, құлағы, сезімі саналатын ерекше дарын иесі – суреткерлер өмір сүрген дәуірінің көркем бейнесін жасау барысында сөзден кесте тоқыған сөз зергері, адамзат баласын ғасырлар бойы ой бесігінде тербетіп келе жатқан мәңгілік проблемалар төңірегінде ой қозғап, адамның дүниетанымын толықтырып, сана-сезімін шарықтататын рухани құндылықтар жасаушысы. Міне, сол сан ғасырлар бойы жазылған кітаптар кітапханада сақталады. Демек, адамзат баласының қоғамдық дамуы барысында жазу-сызу пайда болған есте жоқ ескі замандардан бүгінгі күнге дейін жасаған, қолы жеткен, жинаған рухани құндылықтары негізінен, сақталынатын қасиетті мекені осы – кітапхана.
Мидың қалыпты жұмыс істеп тұруын қамтамасыз етіп тұру үшін оған күтім, яғни өзін сақтай білу шараларын жасап отыру, адам организміне дене жаттығулары қаншалықты қажет болса, мидың негізгі жаттығуы – кітап оқу да соншалықты керек. Адамдар профилактика үшін жалпы денсаулығына қажетті түрлі дәрумендер (витамин) ішетін болса, мидікі – кітап оқу. Кітап оқу барысында адам организмінің басты мүшесі мидың жұмысы жаңғырып, бүкіл дененің қызметін жақсартады. Ең алдымен, ойлау жүйесінде төмендегідей пайдалы өзгерістер жүреді екен.
Біріншіден, кітап оқу адамның жалпы денсаулығын, әсіресе мидың, жүйке жүйесінің жұмысын жақсартады. Ноотроп дәрілер уақытынша әсер етсе, кітап оқу миға табиғи түрде оң әсер етіп, саулығын, жұмыс істеу қабілетін одан әрі жақсартады.
Екіншіден, адамның дүниетанымдық деңгейі тереңдеп, өрісі кеңейіп, өмір сүруге қажетті білім-ғылыммен қаруланып, саналы, өміршеңдік қабілеті арта түседі. Кітап – адамзат баласының ғасырлар бойы жасаған рухани қазынасының баға жетпес асыл қазынасы. Өмір сүруге пайдалы кітапты ойлы, өмірден көргені, түйгені көп, танымал авторлар толғана отырып, жүрегімен жазатындықтан да оны оқып отырған оқырман автордың «ішкі жан-дүниесіне кіріп», идеал ғажап әлемде ерекше бір күй кешеді; оның идеяларын, энергиясын бойына сіңіру барысында жаңа идеяларды бойына сіңіріп, оны жүзеге асыруға деген құлшыныстар пайда болады.
Үшіншіден, жақсы кітап оқырманын ойлантып, ойлай білуге, дұрыс шешімдер қабылдауға, адамның басты қасиеті дұрыс ойлануға баулып, өмірдің дұрыс жолымен жүріп, бақытты өмір сүруіне жол ашады. Білімдінің шабысы – ұзақ, өрісі – кең. Білімді мыңды жығады; білімсіз бірді жығады.
Төртіншіден, мамандығын жақсы игеріп, қызмет бабында тез көтеріледі. Әлеуметтік зерттеулер мамандығын, дүниетанымын жетілдіру мақсатымен кітапты көп оқитындардың отбасында да, қызмет бабында, қоғамдық ортада да айтарлықтай жетістіктерге жететіндігін, ал оқымайтындар орташа өмір сүру деңгейінен төменгілердің 43 пайызын құрайтындығын анықтаған.
Бесіншіден, жақсы кітап адамды тәрбиелейді; әдеби шығарманың өзегіне айналған көркем идея мен басты кейіпкерлердің шынайы көрініс тапқан бейнелері өзіне баурап алып, оқырманның тура жол табуына көмектесетін болады; көркем шығармадағы жағымды бейнелер, өміршең идеялар оқырманға әсер етіп, оның жан дүниесінде, мінезінде жаманнан жиренген, жақсылыққа ұмтылған, бойына сіңірген оң өзгерістерге жол ашады.
Алтыншыдан, сұлу сөзбен суреттелген көркем бейнелер эстетикалық ләззат сыйлап, позитив энергия береді. Сөз өнері – өнер атаулының шыңы. Ал сол сөз өнері таңбаланып, жазуға айналып, ақ қағазға түскенде, көркем мәтін ерекше бір құдіретті құбылысқа айналады. Таңбаланған, бейнеленген, құдіретті мәтін өміршең ойлардың, идеялардың арқасында мың құбылған сөздің магиясына айналып, адамның жан дүниесін баурап алып, ерекше бір күйге бөлейді, жанын жадыратып, жігерлендіре түседі.
Жетіншіден, сөздік қоры молайып, адамдармен тіл табысуы, сөйлеу мәдениеті артады. Кітапты көп оқығандар айтар ойларын дәл, ұтымды жеткізе біледі. Жақсы сөзі айналасына нұрын шашып, мұндай адамдардың өз ортасында танымалдылығы, беделі арта түседі.
Сегізіншіден, кітап жалғыз қалған сәттерде жаныңнан табылар сенімді бірден-бір жанашырың, жақының, жебеушің; оңаша қалған кездердегі сырласың; қиналған кездерде дұрыс ақыл берер, ненің шын, ненің жалған екендігіне көзіңді жеткізер ақылшың. Адамды жалғыздықтан кітап құтқарып, сақтап қала алады.
Тоғызыншыдан, кітап оқу – адамның өмірін ұзартады. Ғалымдар дене еңбегіне қарағанда, ой еңбегімен айналысатындардың ұзақ өмір сүретіндігін анықтаған. Ал ой еңбегінің негізі кітап оқудан, оқып отырып, ойланудан, ондағы өміршең ойларды жүзеге асыру барысында тағы да ойланудан тұрады.
«WWW.AQ-QARA.KZ»