Қазақтың ұлттық ойын құралы - асықты сыйлау акциясына мектеп оқушылары мен ұстаздар белсене қатысты. Жиналған асықтар үзіліс кезінде оқушылардың бос уақытын ойын түрінде ұйымдастыру іс-шараларында ойнатылатын болады.
Қазақ халқы ұлт ойындарына бай халықтардың бірі. Бірақ ол ертеде ауызекі туып, жалпақ жұртқа ауыздан - ауызға таралып отырғандықтан көпшілігі бүгінгі күнге жетпей ұмыт болып кеткен. Қазақ ұлттық ойындары елдің өмірімен тығыз байланысты, оның шаруашылық, әлеуметтік тұрмысынан туған.
Ұлттық ойындар сонау ескі бағзы заманда, ата-бабаларымыз негізінен мал шаруашылығымен айналысқандықтан жаз-жайлауда, қыс-қыстыққа көшіп отырған. Қытымыр қыстан малы да, өзі де қиналып , арып- ашып шыққан ел, жаз жайлауға көшіп келіп, бастары қосылып, бойлары босап той тойлаған. Сол тойда әр ру өздерінің ақындарын, батырларын, күштілерін, ептілерін ертіп келіп, ортаға шығарып әр түрлі ойындар өткізіп, бір-бірімен сайысқа түсірген. Осы арқылы малын бағып, елін жаудан қорғайтын епті де ерлігі мол, шапшаң да тапқыр, күш-қуаты ерең ұрпақ тәрбиеленген.
Қазақтың ұлттық ойындары негізгілерінің өзі жүзден астам. Бұл ойындардың көбісінің ежелден қалыптасқан арнайы өлеңдері бар. Өлеңдер ойынның эстетикалық әсерін арттырып, балалардың өлең-жырға деген ыстық ықыласын оятып, көңілін көтереді, дүниетанымын арттырып, еңбекке баулиды, ширықтырып, шынықтырады. Этнограф-ғалымдардың пайымдауынша, ата-бабаларымыздан бізге жеткен ұлттық ойындарымыздың тарихы Қазақстан жерінде бұрынғы заманнан бері бірінші мың жылдықтан-ақ қалыптасқан. Олардың ішінде тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттерде кеңінен тарады.
Соның ішінде асық ойындарына тоқталып өтсек. Қазақ шаруашылығының негізі мал, оның ішінде дені қой болды, кисе киімі, жесе азығы, ішсе сусыны, тіпті балалардың ермегі, ойыны осы малға байланысты болды. Мәселен, асық ойындарына кез келген жануардың асығы жарай бермейді. Тек қойдың, ешкінің асығын, кейін келе арқар, елік асығын қолданды. Үлкендерден естіген әңгімеден түйетініміз: осы дала жануарларының асықтары қой мен ешкінікіне қарағанда үлкендеу де, салмақты келеді, сондықтан оларды сақа ретінде қолданған. Асықты қынаға қайнатып бояп, ал қына болмаған жағдайда қарағай қабығына бояп отырған. Сол сияқты сақаның табанын қайрап, алшы түсіру үшін, қарсыласына білдірмей, алшысын тесіп, қорғасын құйып, тесіктің бетіне сүйек қағып, қайрап қоятын болған.
Сонымен қатар асықтан әр түрлі бұйымдар да жасаған. Мысалы: белбеу бекітпесін, әр түрлі түймелер, әшекейлер жасаған. Ұлттық аспап «жетігенге» асықты тиек ретінде пайдаланған. Қазіргі кезде жүлде ретінде сыйға тартылатын «Алтын сақа», «Асығың алшысынан түссін» сынды сувенирлер жасалады.
Аюбай Құралұлының «Ұлттық дүниетаным» атты оқу құралында асық түрлері мен атаулары былайша түзілген:
1.Кеней, кентай – асық ойынында ұпайға тігілетін асық. “Кішкентай” сөзі “кіші” және “кентай” сөздерінен шыққан.
2. Сақа – асықтың ең үлкені, ірісі.
3. Ешкімер – ешкінің асығы.
4. Қойлақ – қойдың асығы.
5. Құлжаз – құлжаның асығы.
6. Топай, сомпай – сиырдың асығы.
7. Шүкейт – киіктің асығы.
8. Пүш – тәйке түспесін деп алшы жағы жонылған асық. «Пұшайман болу», «пұшық мұрын» деген сөз осыдан шыққан.
Айтайық, «Алшы» ойынында сақаның салмақты да, алшы тұрғыштығына қарайды. Ойынды ұту үшін жақсы сақа керек. Бұл ойынды ойнаушылардың санына шек қойылмайды. Ойын басталар алдында ойнаушылардың бірі барлығының сақаларын жинап алып, ойында әркімнің кезегін белгілеу үшін , яғни кімнен кейін кім асық ату керек екенін анықтау үшін, сақаларды иіреді.
Иірген кезде кімнің сақасы алшы түссе, - сол бірінші, тәйке түссе – екінші, бүк түссе – үшінші, шік түссе – одан кейін асық ататын болады. Атқан кезде сақасымен асығы бір жақты түссе, атқан асықтарымен сақасын алып, әрі қарай ата береді. Енді бірде атқан кезде сақасы алшы түсіп, асық кезгелген жағында жатса да, асықты алады да, тағы атады. Ал сақамен асық екеуі екі түрлі түссе, онда алмайды.
Екінші ойыншы өз кезегінде сақасын иірген кезде тәйке түссе, онда өзінен кейінгі кезектегі ойыншы көмбеден тұрып тәйке түскен сақаны атады, тигізсе сақа иесі ойыннан шығып қалады, тигізе алмаса, өзі ойыннан шығады. Осылайша әр ойыншы өз кезегімен көнге тігілген асықты ата береді. Көндегі асықты алып – алып тауысқаннан кейін ойнаушылар асықтарын қайтадан тігіп, ойындарын жалғастыра береді. Сондықтан бұл ойынды табаны қайралған, басқа асықтардан гөрі бөлектеу , ірілеу сақамен ойнаған жөн.
Асық ойындарының енді бір түрі – « Оңқа». Бұл ойынды асығы мол боз - балалар ойнайды . Таза алаңдарда, үлкен бөлмелерде ойнауға болады. Ойыншылардың санына шек қойылмайды. Ойынның мақсаты – асық ұту. Ойнаушылар арасы 20 қадам екі көн сызады да, дәл ортасындағы сызыққа әрбір ойыншы өздерінің асықтарын тігеді. Тігілген асықтардың ортасына бір асықты мұртынан оңқа тұрғызады. Ойыншылар бірінің артына бірі әр кімнің өз кезектері бойынша ретке тұрып, қолдарындағы сақаларымен оңқаны ата бастайды . Егер кімде кім оңқаға тигізсе, онда көндегі асықты түгелдей алады. Ал оңқаға тимей, жанындағы асықтарға тисе. Онда сол атқан асығын ғана алады. Асық саны таусылған кезде, көнге бастапқыдай асықтар тігіліп, ойын әрі қарай жалғаса береді.
Асықпен ойналатын «Хан» ойыны да осы сияқты. Ойнаушылардың санына шек қойылмайды. Ойынға қатысушылар өзара келісімдері бойыша әр қайсысы ортаға асықтарын шығарады да, кезек алысып, бірінен кейін бірі барлық асықты жинап алып , қос қолдап иіре бастайды. Әр ойыншы ортаға бестен, оннан асық шығарады. Содан кейін көп асықтың ішінен бір белгілі асықты «хан» сайлайды. Барлық асықты иірген кезде «хан» көрінбей қалуы мүмкін, мұндай жағдайда ойнаушылардың барлығы асықты иірушінің «Ханды қара басты»- деген дауысын естігеннен кейін, бас салып асықты талап алады. Сондықтан бұл ойынды кей жерлерде «Хан талапай» деп те атайды.
Екінші жағдайда иіргенде «хан» ашық жатса, онда «ханмен» асықты атады. Айталық, хан бүк түссе, онда ханмен бүк жатқан асықты ату керек, шік түссе, шік түскен асықты, т.с.с. ату керек. Ойынның шарты бойынша ханмен асықты атқан кезде басқа асықтарға тигізбей ату керек. Сөйтіп, ойынның шартын бұзғанша, не болмаса ханмен ататын асық болмай қалғанға дейін атып, асығын ала береді. Асық біткеннен кейін ойнаушылар ортаға қайтадан асық шығарып, ойынды жалғастырады. Ойынның тағы бір ерекшелігі асықтарды атқан кезде өте бір ептілік керек, егер ойланбай, қалай болса солай, қолдың дөрекі қимылдары мен ататын болса, онда ол ойыншы ешқашан да асық ұтпайды. Сондық тан әр нәрсеге епті болу адамның асыл қасиеттерінің бірі екенін осы ойыннан да көруге болады.
Тарихи деректерге жүгінсек, ұлт ойындарының келесі бір даму кезеңі – ХV ғасыр, яғни қазақ жерінде алғашқы хандықтардың қалыптасу дәуірі. Бұл қазақ халқының ұлт ойындары дамуының жаңа бір сатысы болды. Бұл кезеңдегі ойындардан көбіне қоғамдық құрлыстың ерекшелігіне қарай жеке адамның рөлі арқау болып , таптық белгілер көрінетін еді. Айталық ұлттық ойындар арқылы үстем тап өз мүддесін, өз идеология- сын дәріптегісі келсе, халық, еңбекші тап соған қарсы өз дегенін айтуға тырысты. Олардың қоғам құрылысына деген көзқарастарын бейнелейтін белгілер, әсіресе асық ойындарында көбірек көрінген.
Жалпы, қазақ жастары кейін келе Қазақстан территориясының барлық жерінде дерлік асық ойынының белгілі бір жүйеге келтірілген түрлерін таратты. Мінекей, асық ойындарының көптеген түрлері біздің заманымызға дейін де жетті. Қазіргі кезде кей мектептерде әр түрлі үйірмелермен қатар асық үйірмелері де бар. Мысалы біздің мектепте мұражайда әртүрлі ұлттық бұйымдармен бірге, түрлі түске боялған асықтар бар. Алысқа бармай-ақ қояйық, біз де сыныпта, үзіліс кезінде асық ойнап, бой жазамыз.
«Асық ойынын ауыл баласының еншісінде қалдырмай, ұлттық спорт түріне көтерсек» - деген Қазақпараттағы мақаласында Айбын Бақытұлы былай дейді: «Асық – қазақ балаларының ежелден келе жатқан ұлттық ойындарының бірі. Ауылдан шыққан қай-қайсымыздың да бала күнімізде құмартып асық ойнамағанымыз кемде-кем. Өкінішке орай, бұл күнде асық ойнайтын бала азайып, қалалы жердегі балалар мұндай ұлттық ойын бар екенін де ұмытып барады».
Асық ойындары қазақ халқының өмірінде ерекше орын алғандығына мынандай мысалдар бұлтартпас дәлел бола алады: Бірінші мысал. Халқымызда «асығың алшысынан түссін» деген жақсы тілек бар. Асық ойынында кімнің сақасы алшысынан түссе, сол бірінші атады немесе басымдыққа ие болады. Яғни, асықтың алшы тұруы оның иесіне (балаға) сәттілік жолдас болып тұрғанын білдіреді. Сондықтан, аталарымыз белгілі бір оқиғаға , болмаса жағдайға байланысты мерейлі болғанын қалайтын адамына осындай тілек айтқан. Бұл сөз қандай да бір даулы мәселеде, айтыс-тартыста, бәс тігілген сәттерде мерейі үстем шыққан немесе бастаған ісі игі жалғасын тапқан азаматтарға қарата:«асығы алшысынан түсті» деп те қолданылады.
Екінші мысал. «Қой асығы демегін, қолыңа түссе құлжа(сақа) ғой». Бұл нақыл да қазақтың болашағынан үмітті балаға айтатын сөзі. Бала деп жасытпай, сеніммен қарасаң, тәжірибеңмен бөлісіп, тәліміңді берсең, ол да ертең елдің жүгін арқалар азаматың деген мағынадағы үмітті меңзейді.
Әділеттілік үшін асыққа қарсы мысалды да келтіргенді жөн көрдік. Қазақта «асық ойнаған -азар, доп ойнаған – тозар, бәрінен де оқу оқып, білім алған озар» (ертеректе «қой бағып, құйрық жеген озар») деген де нақыл сөз бар. Оның балаларды білімге шақырған, насихат тұрғысынан айтылғаны мәлім. Баланың асық ойынына құмартып, оқу-білімді естен шығармасы үшін айтылғандықтан, бұл сөздің де жаны бар. Бірақ біздің қоғамымыздың қазіргі даму деңгейінде бұлай қауіптенуге ешқандай негіз жоқ деп ойлаймыз (қайта қазіргі қоғам балаларды компьютер ойындарына деген құмарлық дертінен қалай қорғау мәселесіне шындап бас қатыруы керек секілді).
Сонымен басқаны былай қойып, еуропа жұрттары мұз үстімен сырғаната лақтырған кесек тасының алдын үйкелеп, нысанасына жеткенше ақ тер-көк тер болатын керлингі мен 20-30 қадам жерден домалатып жіберген добын ойлы – қырлы жермен діттеген жерге дәл жеткізуді көздейтін, біздер үшін түсініксіз спорт түрлеріне тұтастай стадиондарды толтырып, тікелей эфирден таратып жатқанын көргенде, біздің асық оған қарағанда әлдеқайда қызықты ойын екен деген ойымыз беки түседі. Тек тиісінше көңіл бөліп, ұлттық ойынымыздың осы бір түрін ауыл баласының ғана еншісіне қалдырмай, республикалық дәрежедегі қызықты спорт түріне айналдыру ісіне көп болып атсалысу керек. Бұл үшін асықты ұлттық ойынның түрі ретінде бір жүйеге келтіріп, ережелерін бекіту арқылы мектепішілік спорт ойындарының қатарында насихаттауды ұсынамыз. Өйткені асық- қимыл, қозғалыстың ойыны. Ендеше оны салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында да насихаттауға болады.
Асық ойыны өзінің түрлеріне қарай, бір мезгілде бірнеше бала ойнай - тындықтан, қатарынан озсам деген талпынысты бойға қасиет қылып сіңіреді. Мұның сыртында асықтың атып ойнайтын түрлері үнемі қимыл-қозғалысты қажет ететіндіктен, денені қыздырып, бойдағы қан айналымын жақсартады.Үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу аяқ-қолдың буын ауруларының алдын алады.
Егер оны мектептерде спорттық ойынның бір түрі ретінде ұйымдастырып, дамыта алсақ, балаларға патриоттық тәрбие беріп, ойынға қатысқан өзге ұлт балаларының құлағына қазақ тілін де шым-шымдап сіңіре беруге болады. Қазіргі кезде, әсіресе, оқушылардың күнделікті өмірде дене қозғалысының азайуына байланысты, ұлттық ойындармен айналысу өте пайдалы және болашақта кең қолданыс табады деген ойдамыз.
«WWW.AQ-QARA.KZ»