Жұма, 02 Қазан 2020 18:32

Шымкенттік үш ұстаз республикалық байқауда «Үздік педагог» атығына ие болды

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Үздік педагог-2020» байқауының қатысушыларын қабылдады.

Кездесуде педагогтар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, қаланың мерейін көтерген ұстаздарға шынайы алғысын жеткізіп, ризашылығын білдірді.

Ұстазын ұлықтай білген елдің келешегі де жарқын болатынын айтқан қала басшысы республикалық «Үздік педагог-2020» байқауына қатысқан 12 ұстазға Алғыс хат пен 400 мың теңгенің сертификатын табыстады.

Сонымен қатар, республикалық жарыста үздік деп танылған үш ұстазға ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Үздік педагог» медалі мен 1000 АЕК қаржы көлемінде сыйақысы берілді. Олар, №9 IT лицей мектебінің орыс тілі пәнінің мұғалімі — Гүлзира Анартаева, № 8 мамандандырылған гимназия мектебінің бастауыш сынып мұғалімі — Гүлдана Дауленбаева және Жоғары медициналық колледжінің химия пәнінің мұғалімі — Жадыра Шәбден.

Қаладағы 26 мың педагог арасынан 12 ұстаз үздік деп танылып, республикалық жарысқа жолдама алған болатын. Марапаттау рәсімін қорытындылаған шаһар басшысы барша мұғалімге жас ұрпақты тәрбиелеудегі өрелі істері мен мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы жұмыстарына табыс тіледі.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

 

Оқылды 560 рет