Сәрсенбі, 14 Қазан 2020 12:48

Түркістан: Білім саласындағы заңдылық қатаң бақылауда

Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті жоспарға сәйкес, 2020 жылдың 1-жартыжылдығында 33 профилактикалық бақылау жүргізіп, нәтижесінде барлық білім беру ұйымына орын алған заң бұзушылықтары үшін нұсқама берілді.

Сонымен қатар, 2020 жылдың 2-ші жарты жылдығына жоспар бойынша 24 білім беру ұйымына бақылау жүргізіледі. Бүгінгі таңға 10-на профилактикалық бақылау жүргізіліп, орын алған кемшіліктер мен бұзушылықтарды жою үшін нұсқама берілді. Орындалу мерзімдері бақылауға алынған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте департамент басшысы Бақытжан Мұхамеджанов мәлімдеді.

Сондай-ақ, 2020 жылдың басынан бері білім беру ұйымдарын лицензиялау бойынша 68 өтініш түсіп, 52-сі қанағаттандырылған.

Департаментке жеке және заңды тұлғалардан 2020 жылдың 9 айында 155 өтініш тіркеліп, 18-і бойынша тексерулер тағайындалды. Нәтижесінде 9 лауазымды және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Білім заңнамаларын бұзғаны үшін 14 лауазымды тұлғаға нұсқама берілді. Төрт мектептің лицензиясы уақытша тоқтатылып, 90 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Өтініштерге жүргізілген талдау нәтижесінде білім саласындағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындаудағы және оқушылар олимпиадасын өткізудегі бұзушылықтар, педагогтардың апталық жүктемесін дұрыс бөлмеу, білім беру ұйымының басшыларының мұғалімдердің міндетіне кірмейтін жұмыстарға жүктеуі, мамандандырылған білім беру ұйымдарына оқушыларды қабылдаудағы бұзушылықтар, педагогтардың әдеп нормаларын сақтамауы сынды жайттар орын алған», - деді департамент басшысы.

Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңының талаптарын сақтау аясында облыстың бірқатар білім беру ұйымдарында заң бұзушылықтарға жол берілгендігі анықтаған. Олармен жұмыс жүргізу және шаралар қабылдау ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 409-бабымен рәсімделіп, әкімшілік шаралар көрілетін болады. Ағымдағы жылдың басынан заңнама талаптарын бұзу, педагогтардың міндеттеріне кірмейтін жүктемелерді міндеттеу және педагогикалық этиканы сақтамау бойынша жалпы 17 білім беру ұйымында орын алған. Оның ішінде ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңының талаптарын сақтамаған 10 білім беру ұйымы басшыларына әкімшілік іс қозғалып, әкімшілік жазаға тартылған.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

Оқылды 466 рет