Сәрсенбі, 10 Наурыз 2021 21:30

Шымкентте жан басына қаржыландырудың көлемі артты

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жұмыс аптасы соңында  «Instagram желісінде әдеттегідей тікелей эфир арқылы тұрғындармен кездесті.

Онлайн кездесуін қаладағы эпидемиологиялық ахуалдан бастап, тұрғындар сауалдарына жауап берді.

Өткен тәулікте қалада COVID-19 инфекциясын жұқтырған 14 жағдай тіркелген. Бұл бағытта көбею үрдісі байқалуда. Бүгінде шаһарда 1 060 төсек - орын бар (жұқпалы - 560, карантин - 500), оның 864 төсек – орны бос. Жұқпалы және карантиндік ауруханаларда 196 науқас ем қабылдауда.

Қала әкімі апталық эфирін білім саласына арнады. Бұл жөнінде өзінің жеке парақшасында хабарлап, тұрғындардан сұрақтар мен ұсыныстарын жазба астына жазып қалдыруын сұраған болатын. Тұрғындар тарапынан тақырып төңірегінде 200-ден астам пікір қалдырылған. 

Мұрат Дүйсенбекұлы білім төңірегіндегі мәслелерді талқыға салып, сала бойынша сұрақтарға жауап берді, алдағы жоспарлармен бөлісті. 

Ағымдағы жылы қаладағы мемлекеттік 5 колледжді жабдықтау үшін республикалық бюджеттен 1 447,772 млн теңге қаржы қаралған. 

Қыркүйек айына дейін колледждердің материалдық-техникалық базасы 70% жаңартылады. 

Сонымен қатар, өткен жылы мектепке дейін білім беруде жан басына қаржыландыру әр балаға 28 350 теңге болса, биыл 37 527 теңге ретінде бекітілген.

Көру қабілеті нашарлар үшін «Брайл» және  зерде бұзылыстары бар балалар үшін  «САТР» баспасынан арнайы кітаптар алынып, арнайы оқулықтар қоры толығатын болады. 

Эфир соңында қала әкімі қалада эпидемиологиялық жағдай тұрақты болғанымен әлі де сақтық шараларына мән беру қажет екенін атап өтті.

Эфирде тұрғындардан келіп түскен сұрақтардың барлығына міндетті түрде жауап берілетінін айта келе, келесі апта Тұрғын Үй төңірегінде сөз қозғалатынын мәлімдеді.

«AQ-QARA.KZ-ақпарат»

 

Оқылды 473 рет